Алматыдағы Қаныш Сәтбаевтың ескерткіші көшіріледі
Алматыда Байтурсынов пен Сәтбаев көшелерінің қиылысында орналасқан Геологтар аллеясын кешенді абаттандыру жобасы басталды. Ауқымды жөндеу жұмыстары аясында Қаныш Сәтбаевтың ескерткішін көшіру жоспарланған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы қаласы қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы басшысы Батырхан Сүлейменовтің айтуынша, Геологтар аллеясы тек жаңартылып қана қоймай, заманауи, функционалды әрі жайлы қоғамдық кеңістік ретінде қайта ойластырылады.
Негізгі өзгерістердің қатарында Қаныш Сәтбаевтың ескерткішін орталық кіреберіс аймаққа көшіру, декоративті жарықтандыру және ағаштарды жарықпен әрлеу, тас төсеніштерді жаңарту, жаңа орындықтар сынды шаралар бар.
"Біз қазірдің өзінде құрылыс-монтаж жұмыстарына кірістік. Ескі құрылымдарды, соның ішінде автотұрақты бұзып жатырмыз, бірақ Байтұрсынов көшесі жағынан 10 автотұрақ орнын сақтаймыз. Көгалдандыруға ерекше көңіл бөлеміз: ірі ағаштар, бұталар, көгалдар пайда болады, бұрын проблема болған жаңа суару жүйесі енгізіледі. Жасыл аймақтарды гидросебу әдісімен абаттандырамыз. Сонымен қатар "Колизей" - амфитеатр салынады, онда Қ. Сәтбаев атындағы университет түрлі іс-шаралар мен үйірмелер өткізе алады", – деді Сүлейменов.
Бұдан бөлек, Геологтар аллеясында ашық аспан астында кітапхана да ашылады.
Абаттандыру жобасын сәулетші Жанна Спунер әзірлеген. Жұмыстар 2025 жылдың аяғына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Қаныш Сәтбаев – Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті, көрнекті геолог және пайдалы қазбаларды алғашқы ашушылардың бірі.
Сәтбаевтың ескерткіші Алматыдағы ҚазҰТУ жанындағы өзі атындағы скверде орнатылған. Монумент 1999 жылы ғалымның 100 жылдығына орай ашылған. Биіктігі 3,8 метр, қола мүсін стилобатқа орнатылған. Авторлары – мүсіншілер Төлеген Досмағамбетов пен Ольга Прокопьева, сәулетшілер Арыстан Қайнарбаев пен Баир Досмағамбетов.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!