Қазақстан құрамасы үстел теннисінен Ислам ойындарының чемпионы болды
Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен VI Ислам ынтымақтастығы ойындарында Қазақстанның үстел теннисінен ерлер құрамасы сенімді жеңіске жетіп, чемпион атанды. Финалдық кездесуде ұлттық құрама Иран командасын 8:1 есебімен айқын жеңіп, ел намысын абыроймен қорғады.
Аталған жеңісте Батыс Қазақстан облысының спортшысы Айдос Кенжегұлов ерекше көзге түсті. Ол жоғары шеберлік көрсетіп, Қазақстан туын биікке көтерді. Туған жерге оралған спортшыны жақындары, достары, жаттықтырушылары және БҚО үстел теннисі федерациясының президенті Мұрат Мұқаев арнайы қарсы алып, табысымен құттықтады.
БҚО әкімдігі мәліметінше, Орал қаласында үстел теннисі қарқынды дамып келеді. Күн сайын жас спортшылар әлемдік және халықаралық додаларда өңір намысын лайықты қорғап, облыстың абыройын арттыруда. Қазіргі таңда БҚО-да 368 спортшы кәсіби үстел теннисіне тартылған, олардың ішінде 5 спорт шебері және 16 спорт шеберіне үміткер бар.
"Барлық бұл бастамалар мен жетістіктер Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің спортқа көрсетіп отырған жан-жақты қолдауының арқасында жүзеге асырылуда. Әкімнің қолдауы өңірдегі спорт инфрақұрылымын дамытуға, жас таланттарға сенім беруге және облысымыздың халықаралық аренада абыройын арттыруға зор үлес қосуда", - дейді БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Бақдәулет Сәбитов.
Сонымен қатар, жақында облысымызда Ақжайық ауданында жаңа үстел теннисінен спорт ғимаратының құрылысын бастауын жариялады. 400 адамға арналған заманауи ойын алаңы, көрермен залы, конференц-зал және медициналық пунктімен жабдықталатын бұл нысан облысымыздағы үстел теннисінің дамуына жаңа серпін береді және жас спортшыларға халықаралық деңгейде жарыстарға дайындалуға мүмкіндік туғызады.
