Жаңа жыл түні Қазақстан қалаларында ауа райы қандай болады
«Қазгидромет» РМК Қазақстан өңірлеріндегі мереке алдындағы күндер мен Жаңа жыл қарсаңындағы ауа райы болжамын ұсынды.
Алдағы күндері белсенді солтүстік-батыс циклонының әсерінен елдің барлық дерлік өңірінде жауын-шашын болады. Синоптиктердің мәліметінше, облыстардың басым бөлігінде қар жауады, ал оңтүстікте жауын-шашын қар мен жаңбыр түрінде түседі.
26 желтоқсаннан бастап республика бойынша ауа райының нашарлауы күтіледі: боран соғып, жел күшейеді, ал батыс және оңтүстік облыстарда көктайғақ болуы мүмкін.
— Алайда 27 желтоқсанда циклонның орнын суық батыс антициклоны басып, жауын-шашын біртіндеп тоқтап, ауа температурасы төмендейді: түнде елдің солтүстік-батысы мен солтүстігінде –25…–30 градусқа дейін, шығысында –22…–30 градусқа дейін суытады, — деді «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Аружан Мұратова.
Сонымен қатар синоптиктер 31 желтоқсан мен 1 қаңтарда ауа температурасы салыстырмалы түрде қолайлы болатынын атап өтті.
— Жаңа жыл қарсаңында қазақстандықтарды нағыз қысқы ауа райы күтіп тұр: жекелеген өңірлерде қар жауып, жаяу бұрқасын болады, кей уақытта жел күшейеді, ал елдің оңтүстік бөлігінде қар аралас жауын жауады, — деді «Қазгидромет» өкілі.
Жаңа жыл түні аяз болады: ауа температурасы –1…–9 градус аралығында, күндіз шамамен 0 градус болады. Оңтүстікте күндіз ауа +5…+13 градусқа дейін жылынады, алайда 1 қаңтарда температура 0…–5 градусқа дейін төмендейді.
Астанада мереке күндері қар, жаяу бұрқасын, көктайғақ және желдің күшеюі болжанып отыр. Түнде ауа температурасы –0…–2 градус, күндіз шамамен 0 градус болады.
Алматыда ауа температурасы салыстырмалы түрде жоғары — +3…+5 градус шамасында. Күндіз жаңбыр жауып, кейін қарға ұласуы мүмкін.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда 2025–2026 жылдардағы қыс қалыпты жылы болады деп күтіледі. Елдің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері климаттық норма шегінде түседі.
Сообщение Жаңа жыл түні Қазақстан қалаларында ауа райы қандай болады появились сначала на ZhambylNews АҚПАРАТ АГЕНТТІГІ - Жамбыл облысы жаңалықтары.
