Қазақстанда алғаш рет жолдың нашар тазалануына байланысты адам сотталды
Маңғыстауда жолды тиісті деңгейде күтіп ұстамау дерегі бойынша Қазақстандағы алғашқы үкім шықты. Бес адам қаза тапқан жол апатына қатысты қылмыстық істі Бейнеу аудандық соты қарады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Бас көлік прокуратурасы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Республикалық тасжолдағы апат
Қайғылы оқиға 2026 жылғы 16 қаңтарда республикалық маңызы бар "Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сай-Өтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау" тасжолында болды. Көктайғақ кесірінен Yutong жолаушылар автобусы жолдан шығып кетіп, аударылған. Апат салдарынан бес адам қаза тауып, тағы 14 адам жарақат алды.
Тағы оқыңыз: Маңғыстау облысында болған жантүршігерлік автобус апатының видеосы пайда болды
Тергеу және сот
Тергеуді Бас көлік прокуратурасының арнайы прокурорлары жүргізіп, қайғылы оқиғаға жолды қысқы кезеңде тиісінше күтіп ұстамау себеп болғанын анықтады. Тергеу жауапты тұлғалардың әрекетсіздігі мен орын алған ауыр салдар арасындағы тікелей себеп-салдарын дәлелдеді.
"Бұл - Қазақстанның құқық қолдану тәжірибесіндегі, автомобиль жолын қыста тиісінше күтіп ұстамау адамдардың өлімі үшін қылмыстық жауаптылыққа тартуға негіз болған тұңғыш қылмыстық іс", - деп хабарлады прокуратура.
Сот үкімімен "КАЖСервис" ЖШС Маңғыстау облыстық филиалының №57 жол пайдалану бөлімшесінің (ЖПБ-57) бастығы Қылмыстық кодекстің 353-бабы 4-бөлігі ("Көлiктегi қолданыстағы қағидаларды бұзу, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соғу") бойынша кінәлі деп танылды. Ол 2,5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
