Трамп өзінен кейін президент болуы мүмкін адамды атады - БАҚ
АҚШ президенті Дональд Трамп 2028 жылғы сайлауда вице-президент Джей Ди Вэнсті Республикалық партия атынан президенттікке кандидат ретінде ұсынуға бейім болып отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Washington Post баспасына сілтеме жасап.
"Бізге Джей Диді сайлау керек"
Басылым мәліметінше, шамамен екі апта бұрын партия донорларымен кездесу кезінде Трамп: "Түптеп келгенде, бізге Джей Диді сайлау қажет", – деп мәлімдеген.
Дегенмен, Трамп әзірге Вэнстің кандидатурасын ресми түрде қолдаған жоқ. Бұған дейін ол Вэнс пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио арасындағы ықтимал бәсекелестік туралы бірнеше рет айтқан болатын, бірақ нақты кімді қалайтынын нақтыламады.
Басылым сөйлескен тұлғалар Трамптың шешімі әлі түпкілікті емес екенін атап өткен. Вэнстің өзі 2028 жылғы сайлауға қатысу жоспары туралы әзірге мәлімдеме жасаған жоқ.
Еске салайық, АҚШ-тағы кезекті президент сайлауы 2028 жылғы 7 қарашаға жоспарланған. Бұл ел тарихындағы 61-інші президент сайлауы болмақ.
Республикашыларға 2028 жылғы сайлауда жаңа кандидат таңдауға тура келеді, себебі АҚШ Конституциясына сәйкес Трамп үшінші мерзімге президент болып сайлана алмайды. Трамп бұған дейін ықтимал кандидаттар ретінде Вэнсті, Рубионы, қаржы министрі Скотт Бессентті және ішкі қауіпсіздік министрі болған Кристи Ноэмді атаған еді.
