Добавить новость
smi24.net
World News
Август
2026
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
31

Трамп, қағаз бюллетень және кванттық компьютер: ОСК басшысы онлайн дауыс беру туралы пікір білдірді

0

Қазақстан сайлауда онлайн дауыс беруге көшуге әзір емес. Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы Нұрлан Әбдіров мұндай технологияларды қауіпсіздік пен қоғам тарапынан жоғары сенім болған жағдайда ғана енгізуге болатынын айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ОСК-да өткен брифингте Әбдіровтен Қазақстанда болашақта онлайн дауыс беруді енгізу жоспарда бар-жоғы туралы сұралды.

"Біз дауыс беру процесінің тұтастығына нұқсан келтіретін ешқандай қадамға бармаймыз", - деді ОСК басшысы Нұрлан Әбдіров.

Оның айтуынша, әлемде 40-қа жуық ел әр кезеңде электронды дауыс берудің түрлі нысанын - сайлау учаскелерінде де, қашықтан да қолданып көрген. Бұл ретте бірқатар мемлекет сынақ пен пилоттық жобалардан кейін мұндай технологиялардан бас тартқан.
Әбдіров мысал ретінде Аустрия, Германия, Польша, Норвегия және Оңтүстік Кореяны атады. Айтуынша, ол шетелдік сапарлары кезінде кейбір елдер технологиялық дамудың жоғары деңгейіне қарамастан, неге әлі күнге дейін қағаз бюллетеньді қолданатынына қызығушылық танытқан.

"Олар бұл мәселе бойынша қоғамда ортақ консенсус жоқ екенін айтады", - деді ОСК төрағасы.

"Шамамен елу де елу"
Әбдіровтің айтуынша, электронды дауыс беруге қатысты қазақстандықтар арасында да бірыңғай пікір жоқ. ОСК-дағы төрт жылдық жұмысы кезінде ол бұл мәселені өңірлердегі кездесулерде талқылаған, оған жалпы алғанда сегіз мыңнан астам адам қатысқан.
ОСК басшысы бұл сауалнамаларды толыққанды әлеуметтік зерттеу деп санауға болмайтынын атап өтті. Дегенмен оның бақылауынша, электронды дауыс беруді қолдайтындар мен оған қарсылардың саны шамалас.

"Қолдайтындар мен қарсылардың үлесі шамамен елу де елу. Олар сенімсіздік танытып, мұның киберқауіпті екенін айтады", - деді Әбдіров.

Бұған Трамптың қандай қатысы бар?
Әбдіров тағы бір уәж ретінде АҚШ президенті Дональд Трамптың ұстанымын келтірді. Трамп дауыс беруге арналған электронды машиналарды пайдалануды бірнеше рет сынап, қағаз бюллетеньді қолдаған болатын. Атап айтқанда, Трамп дауыс беру машиналарынан бас тартуға қол жеткізу ниеті туралы мәлімдеген.

"Сондай-ақ мен Америка Құрама Штаттары Президентінің жуырда ғана жасаған қызықты мәлімдемесіне сілтеме жасағым келеді, онда ол америкалық электронды машиналардың сенімділігі туралы егжей-тегжейлі айтады. Осы ел президентінің басқа да сөздерін қарап көрсеңіздер болады, ол бұл процес күрделі екенін, бірақ ең сенімдісі - қағаз бюллетень екенін айтады", - деп атап өтті Қазақстан ОСК басшысы.

Сондай-ақ ол қағаз арқылы дауыс беру электронды дауыс беруге қарағанда әлдеқайда арзанға түсетінін қосты.

"Ең сенімдісі - қағаз бюллетеньдер, бұл ретте олардың құны электронды машиналармен дауыс беру құнының небәрі тоғыз пайызын құрайды", - деді Әбдіров.

Сонымен қатар ол 2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумнан кейін шетелдік сарапшымен болған әңгімесін еске алды. Әбдіровтің айтуынша, сол кезде оған электронды дауыс беруді енгізудің үш негізгі шарты аталған: киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, жүйеге деген сенімнің жоғары деңгейі және қомақты шығынға дайын болу.
Сөз соңында ОСК басшысы әлемдегі ең бай елдер бірінің өкілдерімен болған тағы бір әңгімесін тілге тиек етті. Оның айтуынша, олар да дәстүрлі дауыс беруден бас тартуға асығар емес.

"Олар әлемде кванттық компьютер пайда болған кезде ғана электронды дауыс беру туралы ойлануға болатынын айтады", - деп түйіндеді Нұрлан Әбдіров.

Еске сала кетейік, Қазақстанда Құрылтай сайлауы 23 тамызда өтеді. Бұған дейін ОСК қазақстандықтарға алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауы туралы маңызды хабарламалар eGov Mobile, банктік қосымшалар және SMS арқылы қашан келе бастайтынын айтқан болатын.















Музыкальные новости






















СМИ24.net — правдивые новости, непрерывно 24/7 на русском языке с ежеминутным обновлением *