Трамп ұшқышсыз ұшу аппараттарының импортына 100 пайыздық баж салығын енгізді
АҚШ президенті Дональд Трамп ұшқышсыз ұшу аппараттары мен олардың жиынтықтауыштарының импортына 100 пайызға дейін баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Құжат Ақ үйдің сайтында жарияланды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ақ үй ақпаратынша, 100 пайыздық баж салығы ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан ең маңызды деп саналатын дрондардың кейбір санаттарына қолданылады. Бұл жерде, атап айтқанда, максималды ұшу салмағы 25 келіден асатын дрондар мен жылувизорлары бар ұшқышсыз аппараттар туралы сөз болып отыр. Дәл осындай мөлшерлеме олардың қондыру станциялары мен бірқатар маңызды компоненттері үшін де қарастырылған.
Көлемі кішірек кейбір дрондар мен басқа да жиынтықтауыштар үшін 25 пайыз көлемінде баж салығы белгіленді.
АҚШ-тың бірқатар одақтасы үшін бөлек шарттар қарастырылған. Еуропалық Одақ елдерінен, Жапониядан, Лихтенштейннен, Оңтүстік Кореядан, Швейцариядан және Тайваньнан әкелінетін дрондар мен компоненттерге салынатын баж салығы 15 пайызды құрайды. Ұлыбритания өнімдері үшін - 10 пайыз. Бұл мөлшерлемелер барлық дерлік жабдықтардың, бағдарламалық қамтамасыз етудің және технологиялардың осы елдерден немесе АҚШ-тан шыққан болуы шартымен қолданылады.
Жаңа баж салықтарының негізгі бөлігі құжатқа қол қойылғаннан кейін 21 күн өткен соң күшіне енеді. Кейбір компоненттер үшін 180 күндік өтпелі кезең қарастырылған.
Ақ үй АҚШ-тың қазіргі уақытта дрондарға арналған маңызды компоненттер бойынша шетелдік жеткізушілерге тәуелді екенін мәлімдеді. Әкімшілік бұл жағдай ұлттық және киберқауіпсіздікке қатер төндіреді деп есептейді.
Бұдан бөлек, Америка билігі ел ішінде дрон өндірісін ынталандыруды ниет етіп отыр. Сауда министрлігіне АҚШ-тағы ұшқышсыз аппараттар мен жиынтықтауыштар өндірісіне инвестиция салатын компаниялар үшін бағдарлама әзірлеу тапсырылды.
Ақ үй ұшқышсыз ұшу аппараттарының қазіргі қарулы қақтығыстардағы негізгі технологиялардың біріне айналғанын және АҚШ-тың қазіргі әрі болашақтағы әскери операциялары үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Еске салсақ: шілде айының соңында АҚШ бірқатар елдердің тауарларына 12,5 пайыз көлемінде қосымша баж салығын енгізді. Бірқатар елдер, соның ішінде Қазақстан үшін тауарларға 12,5 пайыз мөлшерінде салық салынды.
Кейінірек Сауда және интеграция министрлігі жаңа баж салығы АҚШ-қа бағытталған барлық қазақстандық экспортқа емес, тек тауарлардың жекелеген санаттарына ғана қатысты екенін хабарлады.
Ведомствоның есептеуінше, Қазақстанның АҚШ-қа экспортының шамамен 95 пайызы қосымша баж салығының әсерінен тыс қалады.
