“Барниге” бола ұрған ба? Қазақстанның оңтүстігінде жас әйелдің өлімі тергеліп жатыр
Жамбыл облысының Меркі ауылында қайғылы жағдай алдында құрбысына отбасындағы жанжал туралы айтқан жас келіншектің өліміне қатысты іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Әлеуметтік желілерде артында сегіз айлық баласы қалған жас келіншектің қазасы туралы ақпарат тарады. Жазба авторлары дәлел ретінде марқұмның құрбысымен жазысқан хаттарының скриншоттарын жариялаған. Мәліметтерге қарағанда, қайғылы оқиғадан сәл бұрын марқұм құрбысына күйеуімен арадағы жанжал туралы айтып берген. Оның сөзінше, күйеуі кішкентай баласына сатып алған "Барни" шоколадты бисквитіне қатысты кикілжіңнен кейін оны соққыға жыққан көрінеді. Соңғы хабарламаларында жас келіншектің ажырасқысы келетінін айтып, құрбысынан қарызға ақша сұрағаны жазылған.
Айта кетейік, оқиғаның мән-жайы, оның ішінде отбасылық жанжалдың қайғылы жағдайға ықтимал қатысы ресми түрде расталған жоқ. Полиция өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
"Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды", - деп хабарлады Tengrinews.kz тілшісіне Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
