Қазақстанда 30 миллиард теңгеден аса өндірілмеген залал анықталды
Қазақстанда 30 миллиард теңгеден астам өтелмеген шығын анықталды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz.
Ведомство мәліметінше, кейінгі екі жылда соттарда қаралған қылмыстық істер бойынша мемлекетке жалпы сомасы 66,5 миллиард теңге шығын келтірілген. Соның ішінде 30,1 миллиард теңгесі өтелмеген күйінде қалған.
Прокуратураның мәлімдеуінше, негізгі себептердің бірі – уәкілетті мемлекеттік органдардың мемлекетке келтірілген шығынды өндіру туралы талап-арыздарды бермеуі.
Талдау қорытындысы бойынша Бас прокуратура мемлекеттің мүліктік мүдделерін қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастырды. Прокурорлар алты ұсыну, үш наразылық енгізіп, жалпы сомасы 30,1 миллиард теңгеге 27 талап-арыз берді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекет кірісіне 651 миллион теңге қайтарылды. Қалған талап-арыздар қаралып жатыр.
63 автокөлікке қатысты іс
Мысал ретінде Қызылорда облысындағы жағдай келтірілді. Екі Қазақстан азаматы ақпараттық жүйеге көрінеу жалған мәліметтер енгізіп, 63 автокөліктің техникалық құжаттарын өзгерткен. Салдарынан мемлекет бюджетіне 16 автокөлік бойынша 115,3 миллион теңге кедендік төлем, сондай-ақ 63 автокөлікті бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін 460,6 миллион теңге алым түспей қалған.
Прокуратура араласқаннан кейін уәкілетті орган сотқа жүгінді. Нәтижесінде мемлекет пайдасына 575,9 миллион теңге өндірілді.
Тағы оқыңыз: Қайтарылған активтердің жүздеген миллиард теңгесі өңірлерге бағытталды: олар қайда жұмсалып жатыр?
