Сүйегі 12 жыл бұрын табылған, ал туыстары енді анықталды: қазақстандық сарбаздың оқиғасы
Ұлы Отан соғысы жылдары хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық сарбаз Тимофей Троеглазовтың туыстары ондаған жылдан кейін оның тағдыры туралы білді. Жауынгердің сүйегі Смоленск облысында сонау 2014 жылы табылған, бірақ оның отбасымен байланысудың сәті енді ғана түскен, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Биыл қазанда Ұлы Отан соғысы кезінде жоғалған сарбаздарды іздеумен айналысатын "Atamnyn Amanaty" қазақстандық қоғамдық бірлестігінің парақшасында 1942 жылы 26 жасында із-түзсіз кеткен жауынгердің туыстарын іздестіру туралы ақпарат жарияланған болатын.
Оның сүйегі Смоленск облысынан табылғаны белгілі болды. Бұл - 1916 жылы туған қызыл әскер Тимофей Троеглазов, Шығыс Қазақстан облысы Лениногорск (қазіргі Риддер) қаласының тумасы.
Фотоны Михаил Поляков ұсынды
Көп ұзамай "Atamnyn Amanaty" қызметкерлеріне Тимофейдің туған бауыры Емельян Троеглазовтың немересі хабарласқан. Отбасы осы уақытқа дейін туысының тағдыры туралы бір хабар білуден үмітін үзбей келген.
Қазақстандықтың сүйегін мәскеулік "Обелиск" іздеу жасағының мүшелері тапқан. Жасақ командирінің айтуынша, марқұмның туыстарын іздеу жұмыстары жүргізіліп келген, алайда бұл іске қазақстандық әріптестері қосылғаннан кейін ғана нәтиже шыққан.
"2014 жылдың тамызында Смоленск облысы Темкин ауданы Батюшково ауылының маңындағы ұрыс даласында траншеяны тазалау кезінде қызыл әскердің сүйегін таптық. Оның есімі жеке медальонының ішіндегі қағаздан анықталды", - деді "Обелиск" жасағының командирі Михаил Поляков.
Фотоны Михаил Поляков ұсынды
Медальонмен бірге компас, тиындар, қасық, қайшы, екі каска және бәтеңке табылған.
"Тимофей Троеглазов пен оның қасынан табылған барлық сарбаздың сүйегі сол жылы Овсянники ауылының жанындағы "Естелік алаңы" (Поле Памяти) мемориалдық зиратына әскери құрметпен жерленді. Олардың есімдері гранит мемориалға қашап жазылды", - деп толықтырды жасақ командирі.
Іздеушілер сарбаздың жеке заттарын, сондай-ақ қазақстандықтың майдандағы тағдыры туралы материалдар жинақталған естелік папканы оның туыстарына тапсыруды жоспарлап отыр.
85 жылдан кейін қазақстандық жауынгердің отбасы оның тағдыры туралы білді
