Анкара Израильдің Ердоғанға қатысты мәлімдемесіне жауап берді
Түркия Сыртқы істер министрлігі Израиль тарапының Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға қатысты мәлімдемелерін "жиіркенішті әрі арсыз жала" деп атап, түсініктеме берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz "Анадолу" агенттігіне сілтеме жасап.
"Израиль СІМ-нің біздің президентімізге бағытталған жиіркенішті әрі арсыз жала жабуы Израиль басшыларының шындықты жасыруға тырысқан кезекті бекер әрекетінің көрінісі", - делінген Түркия сыртқы саяси ведомствосының жазбаша мәлімдемесінде.
Мәлімдемеде COP31 саммитінің ашылуында сөйлеген сөзінде Президент Ердоған әлем жұртшылығының назарын Израиль жүргізіп отырған жүйелі қысым саясатына тағы да аударып, адамзаттың ортақ ар-ұжданымен үндесетін ой-пікірлерін білдіргені атап өтілген.
"Түркия Израильдің басқыншылық саясатының нысанына айналған барлық езгіге ұшыраған халықты, ең алдымен палестиналықтарды қолдауды жалғастырады", – делінген хабарламада.
Бұған дейін Ердоған Антальядағы климаттық саммитте сөйлеген сөзінде Газа секторындағы соғысты "тек геноцид емес, сонымен бірге экоцид" деп атап, халықаралық қауымдастық оның қоршаған ортаға тигізген жойқын зардаптарын мойындауы тиіс екенін мәлімдеген болатын.
Оның айтуынша, Газада ғасырлар бойы өсіп тұрған зәйтүн ағаштары кесіліп, топырақ пен су ластанған, ал қалалар "үлкен үйінділерге" айналған.
Саммитке шақырту алмаған Израиль Түркия президентінің мәлімдемелеріне қатысты шұғыл үн қатты.
"Диктатор Ердоған өзінің Израильге қарсы жалған науқанын ілгерілету үшін халықаралық мінберді кезекті рет пайдаланып отыр", - деп мәлімдеді Израиль СІМ.
Ведомство Газа секторындағы қираулар үшін жауапкершілікті ХАМАС тобына жүктеп, қозғалыс 7 қазандағы шабуылмен соғыс бастағанын және әскери инфрақұрылымды азаматтық аудандарға орналастырғанын алға тартты.
