Көпшілікке таныла қоймаған стример GTA VI ойынын ойнап, 100 мың доллардан аса табыс табады
АҚШ-та көпшілікке аса танымал емес стример Клифф Сэвидж 35 мыңнан аса үміткердің арасынан озып, Grand Theft Auto VI ойынын зерттеумен айналысатын жұмысқа қабылданды. Оның жалақысы 100 мың доллардан асады. Бұл туралы Bloomberg газеті жазды, - деп хабарлайды Tengri Life РБК-ға сілтеме жасап.
Калифорнияда тұратын 36 жастағы геймердің ендігі жұмысы – GTA VI ойынын ойнап, оның негізгі оқиғалар желісін тікелей эфирде көрсету және ойынның мүмкіндіктері туралы тұрақты түрде есеп дайындау.
Жалақыдан бөлек, оған тамақ жеткізу қызметі арқылы тапсырыс беруге де қаражат бөлінген.
"Бізге ойын барысын ешқандай алдын ала пікірсіз бағалап, оның ерекшелігін түсіне алатын адам керек. Егер бұл әлемдегі ең танымал ойын болса, оның неге соншалық танымал екенін білуіміз қажет", - деп түсіндірді Kalshi даму командасының өкілі Салман Сохани.
Ал Клифф Сэвидж бұл жетістігіне тұрақтылықтың арқасында жеткенін айтады. Оның сөзінше, бұрын тікелей эфирге анда-санда ғана шығып жүрген. Кейін көрермендер оны қай уақытта эфирден таба алатынын нақты білуі керек екенін түсінген. Сөйтіп, 2025 жылдан бастап күн сайын стрим жүргізуге бел буған.
GTA VI жарыққа шыққаннан кейін Сэвидж алғашқы тікелей эфирін өткізген. Жеті сағатқа созылған трансляцияны екі мыңға жуық адам көрген. Стример ойын ойнау үшін Kalshi компаниясының логотипі бейнеленген PlayStation 5 құрылғысын пайдаланған. Компанияның белгісі эфир экранында да көрсетілген.
Ал тікелей эфир кезінде жұмыс беруші оған пицца, жеңіл тағамдар мен сусындар жіберген. Бір қызығы, еңбек келісімшартын рәсімдеуге қажет құжаттар стримерге түн ортасынан ауған кезде, эфир әлі жүріп жатқанда келген.
Grand Theft Auto VI ойыны 19 қарашада жарық көрген. Ойынға алдын ала 32,5 миллион тапсырыс берілген. Ал сатылым басталған алғашқы тәуліктің соңына қарай одан түскен табыс 3,79 миллиард долларға жеткені хабарланды.
Бұл көрсеткіш ойын-сауық индустриясындағы рекорд ретінде сипатталып отыр. Салыстырмалы түрде айтсақ, GTA VI ойынының алғашқы күнгі табысы 2013 жылы шыққан GTA V ойынының алғашқы тәуліктегі сатылымынан шамамен бес есе көп болған.
