Добавить новость
smi24.net
World News
Ноябрь
2026
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24
25
26
27
28
29
30

Жұмыс беруші кездейсоқ артық жалақы аударды: ақшаны өзіңе қалдыруға бола ма?

0

Елестетіп көріңізші: сіз жалақы алдыңыз, ал бірнеше күннен кейін картаңызға дәл сондай сома түсті. Банктің қателігі ме, әлде есепші абайсызда тиісті мөлшерден артық ақша аударды ма? Бұл ақшаны өзіңізге қалдыруға бола ма? Жұмыс беруші бұл соманы келесі жалақыңыздан ұстап қалуға құқылы ма және ақшаны қайтарудан бас тартсаңыз не болады? Бұл мәселелерді Tengrinews.kz тілшісі анықтап көрді.
Компания артық төленген ақшаны келесі жалақыдан өзі ұстап қала ала ма?
Редакцияның ресми сауалына жауап берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жалақыдан ұстап қалу тәртібі Қазақстанның Еңбек кодексінің 115-бабымен реттелетінін түсіндірді. Осы бапқа сәйкес, жалақыдан ақша ұстап қалуға сот шешімі бойынша, сондай-ақ заңнамада көзделген жағдайларда жол беріледі.
Жұмыс беруші белгілі бір жағдайларда қызметкерді құлақтандыра отырып, өз актісі негізінде ақшаны ұстап қала алады. Мысалы, егер қызметкер жұмсалмаған іссапар шығындарын қайтармаса, берілген авансты өтемесе немесе шартқа сәйкес оқу шығындарын өтеуі тиіс болса.
Алайда қате аударылған жалақы бұл тізімде бөлек көрсетілмеген.

"Қарастырылып отырған жағдайда, қызметкердің ұйым алдындағы берешегін өтеу үшін оның жалақысынан ақша ұстап қалу қызметкердің жазбаша келісімі болған кезде ғана жүзеге асырылуы мүмкін", - деп хабарлады министрлік.

Осылайша, егер компания қызметкерге байқаусызда артық ақша аударса, ол қызметкердің жазбаша келісімінсіз келесі жалақыдан артық төлемді жай ғана шегеріп тастай алмайды.
Бірақ бұл ақшаны қайтармауға болады дегенді білдіре ме? Бұл сұрақпен біз адвокатқа жүгіндік.
Артық төленген жалақыны қайтару туралы заң не дейді?
Астана қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Ринат Шарлездің түсіндіруінше, қате аударылған ақшаны қайтару мәселесі тек еңбек заңнамасымен ғана емес, сонымен бірге азаматтық заңнамамен де реттеледі.
Адвокаттың айтуынша, Азаматтық кодекстің 953-бабында заңды немесе шарттық негізсіз алынған мүлікті қайтару міндеті қарастырылған. Заң тәжірибесінде бұл негізсіз баю деп аталады.

"Жұмыс берушінің қызметкермен есеп айырысу кезінде жіберген қателігі соңғысының баюына негіз бола алмайды", - деп атап өтті Ринат Шарлез.

Бұл ретте адвокат жұмыс берушінің атқарылған жұмыс үшін жалақы төлеу міндеті мен оның қате аударылған қаражатты қайтаруды талап ету құқығын ажырата білу қажеттігін баса айтты.
Егер қызметкер артық төлемді қайтаруға келіссе, тараптар бұл мәселені ерікті түрде реттей алады. Атап айтқанда, қызметкер келесі төлемдерден ақшаны ұстап қалуға жазбаша келісім бере алады.
Егер келісім болмаса, жұмыс беруші келесі жалақының қандай бөлігін төлемеу керектігін өз бетінше шешуге құқылы емес. Мәжбүрлеп өндіріп алу үшін ол заңда қарастырылған процедураны қолдануы қажет.
Сонымен қатар заңда алынған ақшаны қайтару қажет емес жағдайлар да сипатталған. Мысалы, Азаматтық кодекстің 960-бабына сәйкес, егер қызметкер артық төленген жалақыны адал ниетпен алса және артық төлем есептеу қателігінен туындамаса, оны қайтаруға міндетті емес.
Сондықтан мұндай дауларды шешу кезінде ақшаның аударылу жағдайлары мен жұмыс берушінің оны қайтаруды талап ету негіздері маңызды рөл атқарады.
Қазақстандық әйелге 11 миллион теңге екі рет аударылған
Ринат Шарлез өз ұстанымын дәлелдеу үшін сот тәжірибесінен нақты мысал келтірді. 2020 жылдың ақпанында алматылық компания жоба менеджері болып жұмыс істеген қызметкермен есеп айырысқан.
Жұмыстан шығу кезінде оған 11 295 716 теңге аударылған. Бұл сомаға жұмыс істеген уақыты үшін жалақы, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақы, жылдық бонус және басқа да көзделген төлемдер кірген.
Екі күннен кейін бұрынғы қызметкердің шотына дәл осы сома қайта түседі. Осылайша, тиесілі 11,3 миллионның орнына ол 22,5 миллион теңгеден аса ақша алған.
Компания екінші төлемді қайтаруды талап еткен, бірақ әйел бас тартқан. Жұмыс беруші сотқа жүгінді.
Іс барысында бұрынғы қызметкер іс жүзінде екі бағытты басқарғанын, үлкен көлемдегі жұмыс атқарғанын және өз жобалары үшін уәде етілген қосымша бонустарды күткенін түсіндірді. Сондықтан ол екінші аударымды еңбегі үшін берілген сыйақы болуы мүмкін деп ойлаған.
Алайда сот барлық көзделген төлем бастапқы есеп айырысуға енгізілгенін анықтады. Олардың көлемі еңбек шартымен, жұмыстан босату туралы бұйрықпен және есеп айырысу құжаттарымен расталды. Сот дәл осындай соманы қайта аударуға ешқандай негіз таппады.
2020 жылдың қазанында Алматы қаласының Алатау аудандық соты компанияның талап арызын қанағаттандырып, бұрынғы қызметкерді 11 295 716 теңгені қайтаруға міндеттеді. Сонымен қатар одан сот шығындары өндірілді.
Әйел шешімге шағым түсіргенімен, 2021 жылғы 6 қаңтарда Алматы қалалық соты оны өзгеріссіз қалдырды. Сот екінші төлемді негізсіз баю деп таныды, себебі компания қызметкер алдындағы міндеттемелерін орындап қойған болатын.
Жұмыс беруші артық төленген ақшаны қалай өндіріп ала алады?
Ринат Шарлездің айтуынша, егер қызметкер артық төленген соманы ерікті түрде қайтарудан бас тартса, жұмыс беруші оны заңда белгіленген тәртіппен өндіріп алуға құқылы. Бұл ретте кейбір жағдайларда сотқа жүгінбес бұрын дауды келісім комиссиясында қарау қажет.
Анықтама: Келісім комиссиясы - бұл ұйым ішіндегі қызметкерлер мен жұмыс берушінің өкілдері тең негізде кіретін орган. Комиссия жеке еңбек дауларын сотқа дейін қарайды.

"Талап қоюшы ақша аудару фактісін және бұған тиісті негіздердің жоқтығын дәлелдеуі тиіс", - деп түсіндірді адвокат.

Бұл үшін жұмыс беруші есеп айырысу парақтарын, штаттық кестені, есептеулер туралы құжаттарды, қызметтік тексеру нәтижелерін және басқа да дәлелдемелерді ұсына алады. Қызметкер, өз кезегінде, даулы соманы алудың заңдылығын растайтын құжаттар мен мән-жайларды ұсынуға құқылы.
Үзілді-кесілді шешім нақты істің дәлелдемелері мен мән-жайларына байланысты болады.
Егер жалақыдан келісімсіз ақша ұсталса, қайда жүгіну керек?
Бөлек жағдай - жұмыс беруші қатені анықтап, қызметкердің келесі жалақысын өз бетінше азайтқан кез. Егер қызметкер ақшаны ұстап қалуға келісім бермесе, қайда жүгіну керек?
Ринат Шарлездің айтуынша, ең алдымен жұмыс беруші қандай негізде ақша ұстап қалғанын анықтау керек.

"Сотқа жүгінбес бұрын ұстап қалу сомасын, тиесілі жалақы сомасын есептеп, сондай-ақ талап қоюдың нақты нысанасын айқындап алу керек, яғни ұстап қалуға негіз болған жұмыс берушінің актісін алу қажет", - деп түсіндірді адвокат.

Осыдан кейін қызметкер өз құқықтарын қорғай алады.

"Егер жұмыс берушінің мұндай санаты үшін қарастырылған болса, келісім комиссиясына жүгіну қажет. Сонымен қатар еңбек инспекциясына да хабарласуға болады", - деді Ринат Шарлез.

Егер дауды реттеу мүмкін болмаса, іс сотқа берілуі мүмкін.

"Әрине, түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Жұмыс берушінің нақты актісі сот тәртібімен даулануға жатады", - деп атап өтті адвокат.

Осылайша, жалақының қате аударылуы жұмыс берушіге келесі төлемдерден ақшаны өз бетінше ұстап қалуға құқық бермейді. Дегенмен, қызметкердің ұстап қалуға келісімінің болмауы артық төлемді сот арқылы өндіріп алу мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Тағы оқыңыз: Доллар толы сөмке тауып алған қазақстандық енді оны не істерін білмей отыр













Музыкальные новости




















СМИ24.net — правдивые новости, непрерывно 24/7 на русском языке с ежеминутным обновлением *