Алматыда жаяу жүргінші мен жүргізуші арасындағы жанжал қамауға алумен аяқталды
Оқиға кешкі уақытта Райымбек даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысында болған. Патрульдік полиция қызметкерлері көлік қозғалысын реттеп жатқан кезде, жүргізуші мен жаяу жүргіншінің арасында жанжал туындаған.
Полицейлер болған жайтты назардан тыс қалдырмады. Тексеру барысында жанжалға қатысушының жеке басы анықталды. Ер адам Алатау аудандық полиция басқармасына жеткізіліп, оған қатысты ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Іс материалдары мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа жолданды. Сот ер адамды ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған бес тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.
"Жолдағы эмоция жауапкершіліктен босатпайды. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін заң алдында жауап беруге тура келеді", - деп ескертті полиция өкілдері.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Алматы қаласының ПД жарияланымы (@almaty.police)
