Қырғызстандық студенттер Қазақстандағы онлайн-казиноларға қызмет көрсету үшін “жалданған“
Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті цифрлық активтердің заңсыз айналымы, банктік шоттарға қол жеткізу, сондай-ақ заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға жәрдемдесу фактілері бойынша тергеуді аяқтады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz.
Схема қалай жұмыс істеді?
Тергеу мәліметтері бойынша, Алматының үш тұрғыны заңсыз криптовалюталық операцияларды жүргізу үшін дропперлер желісін құрған.
Ол үшін делдалдар арқылы Қырғызстан азаматтарын, негізінен жастарды, соның ішінде студенттер мен қаржылық қиындықтарға тап болған адамдарды тартқан.
"Күдіктілер олардың Қазақстанға келу жолақысын, тұруы мен тамақтануын төлеп, ұялы телефондармен және SIM-карталармен қамтамасыз еткен. Шетелдіктер ақшалай сыйақы үшін өздерінің банктік шоттарына кіру мүмкіндігін беріп, содан кейін отандарына қайтып отырған", - деп хабарлады ҚМА.
Алынған төлем құралдары тиісті лицензиясыз USDT криптовалютасын сатып алу және сату үшін пайдаланылған.
"Бұдан бөлек, күдіктілер "SkyPhoenix" халықаралық төлем платформасы арқылы "Pinco", "Pinup", "Nomad Games", "Sultan Games" және басқа да онлайн-казинолардың қаржылық операцияларына қызмет көрсеткен.
Күдіктілер түскен қаражаттың 4 пайызы мөлшерінде сыйақы алып, ойыншылардан төлем қабылдауды, ұтыстарды төлеуді және заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылардың табысын криптовалютаға айырбастап, шығарып беруді қамтамасыз еткен", - деп мәлімдеді ведомство.
ҚМА мәліметінше, дропперлік шоттарға түскен жалпы сома 3,6 миллиард теңгеден асқан.
Іс сотқа жолданды
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, екі күдіктіге қатысты үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Соттың санкциясымен 3 автокөлік пен жер учаскесіне тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
ҚМА Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайтынын атап өтті
Ғылыми жобаға бөлінген ақша көлікке жұмсалған: ҚМА грантты жымқыру дерегін тергеп жатыр
