Добавить новость
smi24.net
World News
Ноябрь
2026
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28
29
30

Қазақстанда зейнетақы жинағы қайда инвестицияланады? БЖЗҚ дерегі

0

2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстан азаматтарының зейнетақы жинақтарының жалпы көлемі 28,8 триллион теңгеден асты. Бұл қаражаттың басым бөлігі - 28,5 триллион теңге немесе 99 пайыздан астамы Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруында. Азаматтардың зейнетақы жинағы нақты қандай құралдарға салынған, олар қандай табыс әкеледі және инфляциядан қалай қорғалған - Tengrinews.kz материалында.

Басымдық - мемлекеттік қағаздарда

Ұлттық банктің басқаруындағы барлық ақшаның жартысына жуығы (46,24 пайызы) Қазақстан Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына (МБҚ) салынған. Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекет бюджет шығысын қаржыландыру үшін зейнетақы ақшасын белгілі бір мерзімге пайызбен қарызға алып, сыйақымен қайтаруға кепілдік береді. Бұл елдегі ең консервативті және сенімді құрал, бірақ кірістілігі экономикадағы мөлшерлемелерге тікелей байланысты.

Әлемдік индекстер: портфельдің үштен бірінен астамы

Көлемі жағынан екінші үлес - 35,81 пайыз индекстік басқару шеңберіне инвестицияланған.

Бұл жағдайда басқарушылар ертең нақты қай компанияның акциясы өсетінін болжап жатпайды, керісінше ірі әлемдік қаржы индекстерінің (мысалы, дамыған және дамушы елдердің акциялары немесе облигацияларының индекстері) құрылымын қайталайтын дайын бағалы қағаздар жиынтығын сатып алады. Ұлттық банк мұндай портфельдерді өз бетінше де, шетелдік басқарушы компанияларды тарта отырып та жүргізеді. Мұндай тәсіл бір жеке бизнестің сәтсіздікке ұшырауы салдарынан ақша жоғалту қаупін азайтады.

Ұлттық банк қалған ақшаны қалай бөледі?

Қалған қаражат әртүрлі актив арасында әртараптандыру үшін бірнеше құралға бөлінген:

Квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары - 8,01 пайыз. Бұл мемлекет қатысатын ірі ұлттық компаниялар мен холдингтердің борыштық қағаздары (жұмыс істеу принципі бойынша мемлекеттік облигацияларға ұқсас, бірақ эмитент ретінде Қаржы министрлігі емес, ұлттық компания әрекет етеді).

Шетел мемлекеттерінің мемлекеттік бағалы қағаздары - 2,81 пайыз. Басқа елдердің мемлекеттік қарызына (мысалы, АҚШ-тың қазынашылық облигацияларына) салынған инвестициялар.

Қазақстанның екінші деңгейлі банктерінің облигациялары - 2,35 пайыз. Қазақстандық коммерциялық банктердің борыштық бағалы қағаздары.

Қазақстандық компаниялардың акциялары мен депозитарлық қолхаттары - 1,75 пайыз. Отандық ірі бизнестегі үлестер. Депозитарлық қолхат - бұл шетелдік немесе жергілікті компания акцияларына иелік етуді растайтын және оларды биржада ыңғайлы саудалауға мүмкіндік беретін сертификат.

Микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) - 0,98 пайыз. Микроқаржы секторының борыштық қағаздары.

Жинақтар теңге мен доллар арасында қалай бөлінген?

Ұлттық банктің басқаруындағы зейнетақы портфелінің 60 пайызға жуығы ұлттық валютада номинацияланған. Қалған 40,02 пайызы доллардағы құралдарға салынған.

Валютадағы бөлігі ұзақ мерзімді перспективада жинақтарды қорғау үшін қажет, алайда ол бағам өскен кезде пайда әкелсе, теңге нығайғанда немесе әлемдік нарықтар құлдырағанда қайта бағалауды минусқа түсіруі мүмкін.

Салымшылар бір жылда қанша табыс тапты?

Кейінгі 12 айда (2025 жылғы қарашадан 2026 жылғы қазанға дейін) есептелген жалпы инвестициялық табыс 1 292,27 миллиард теңге болды. Портфельге ақшаның негізгі ағынын бағалы қағаздар, салымдар және "кері РЕПО" операциялары бойынша пайыздар әкеледі.

Анықтама: "Кері РЕПО" - бағалы қағаздар кепілімен берілетін қысқа әрі сенімді қарыз. Ұлттық банк нарық қатысушысына облигацияларды кепілге ала отырып, қысқа мерзімге (бір күннен бірнеше аптаға дейін) ақша береді. Келісілген күні қарыз алушы бағалы қағаздарды қымбатырақ бағаға қайта сатып алады - осы айырмашылық зейнетақы қорының кепілдендірілген табысына айналады.

Бұл ретте негізгі жинақтар бойынша жылдық қорытындыны шетел валютасы мен сыртқы басқарудағы активтердің теріс нарықтық қайта бағалануы тежеді. Қарапайым тілмен айтқанда, бағамдардың ауытқуы мен шетелдік алаңдардағы баға көрсеткіштеріне байланысты валюталық активтердің теңгеге шаққандағы құны уақытша төмендеп, бұл қорытынды кірістілік пайызын азайтты.

Жеке басқарушы компаниялар

Стратегияны өз бетінше таңдағысы келетіндер үшін Қазақстанда жинақтың бір бөлігін инвестициялық портфельді жеке басқарушыларға (ИПБ) беру тетігі жұмыс істейді. Қазір мұндай алты компания бар. Алайда, бүкіл зейнетақы жүйесі ауқымында олардың үлесі шағын болып отыр: жеке компаниялардың басқаруында барлығы 268,58 миллиард теңге немесе Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) барлық активінің 1 пайызынан азы бар.

Ұлттық банкке қарағанда, олардың портфельдерінде биржалық қорлардың (ETF), коммерциялық банктер мен квазимемлекеттік сектор облигацияларының үлесі айтарлықтай жоғары, ал кейінгі 12 айдың қорытындысы бойынша жылдық кірістілік компания таңдаған стратегияға байланысты 8,85-тен 14,78 пайызға дейін барады.

Салымшылар өздерінің жеке зейнетақы шоты бойынша активтердің өзекті құрылымын және аударымдар тарихын enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен немесе қордың мобильді қосымшасы арқылы көре алады.

Жақында Қазақстанда зейнетақы активтерін басқарудың жаңа қағидалары күшіне енді. БЖЗҚ салымшылары басқарушы компанияны ғана емес, зейнетке шығуға қанша уақыт қалғанына қарай инвестициялық портфель түрін де таңдай алады Толығырақ мына сілтеме арқылы оқыңыз.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда азаматтарға зейнетақы жинағын басқаруға жаңа мүмкіндік берілді













Музыкальные новости




















СМИ24.net — правдивые новости, непрерывно 24/7 на русском языке с ежеминутным обновлением *