Қазақстандық блогерлер миллиардтаған табысын декларациялады
Қазақстандық блогерлер 18 миллиард теңгеден аса табысын декларациялаған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
Ресми дерекке сүйенсек, былтыр салық органдары 854 инфлюенсер мен блогерге 1 586 хабарлама жолдаған. МКК өкілдерінің айтуынша, бұған 2022–2023 жылдары 71,9 миллиард теңге көлеміндегі табыстың төмен көрсетілуі себеп болған.
"Қазір 622 инфлюенсер (блогер) қосымша декларациялық нысандарды тапсыру арқылы 18,2 миллиард теңге табысын көрсетіп отыр. Осыған сәйкес 875,5 миллион теңге салық есептелді", – деп толықтырды комитет.
Еске салайық, былтыр ақпанда Қазақстандағы блогерлерге миллиардтаған теңге қарыз туралы салық хабарламалары жаппай келген еді. Ол кезде Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 594 адам 53,3 миллиард теңге табысын кемітіп көрсеткен.
Блогер Алишер Елікбаев өз парақшасында кейбір әріптестеріне қосымша есептелген салық сомасы 300 миллион теңгеден асып кеткенін жазды. Оның айтуынша, бұл олардың болжамды айналымы шамамен 1 миллиард теңге болуы мүмкін екенін білдіреді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
