Допинг дауы: WBO Жәнібек Әлімханұлын бокстан шеттетті
World Boxing Organization қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлына қатысты шешім шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ол бокстан 1 жылға шеттетілді. Шеттету мерзімі 2025 жылғы 2 желтоқсаннан бастап есептеледі. Соған сәйкес, Жәнібек биылғы желтоқсанда қайтадан рингке шыға алады.
Шеттету уақытында Жәнібекке рингке шығуға толық тыйым салынады: бұл талап ресми кездесулерге де, көрме жекпе-жектеріне де қатысты. Ал мерзімі аяқталған соң, ол Бентли – Сааведра кездесуінің жеңімпазына қарсы міндетті түрде титул қорғау жекпе-жегін өткізуі керек.
Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауы
Желтоқсанда Жәнібектен алынған допинг-сынамадан тыйым салынған мельдоний препараты анықталғаны белгілі болды. Бұған байланысты WBO ұйымы ішкі тергеу бастаған, ал 7 желтоқсанға жоспарланған Әлімханұлы мен WBA чемпионы Эрисланди Лара арасындағы жекпе-жек кейінге қалдырылған еді.
Бұл зат 2016 жылдан бері антидопинг ережелері бойынша тыйым салынғандықтан, үшінші титулға жоспарланған жекпе-жек өтпей қалды.
Жәнібектің командасы мен Қазақстанның кәсіби бокс федерациясы VADA-дан екінші сынаманы ашуды сұраған. Қайта талдау да спортшының қанында тыйым салынған зат барын растады.
Анықтама: Мельдоний - жүрек-қантамыр ауруына қарсы қолданылатын дәрі. Ол ағзадағы зат алмасуды жақсартып, жасушалардың энергияны тиімді пайдалануына көмектеседі және жүктемені жеңілдетуі мүмкін. Сондықтан ол төзімділікті арттырып, қалпына келуді жылдамдатуы ықтимал деп есептеліп, спортта допинг санатына енгізілген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
