Ақтаудағы түзету орталығы балаға күш көрсетілгені туралы шағымнан кейін тексеріліп жатыр
Ақтауда ерекше балаларға арналған түзету орталықтарының бірінде жұмыс істейтін жаттықтырушы балаға күш көрсетті деген күдікке ілінді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, қала тұрғыны ұлының денесінде жиі көгерген іздер пайда бола бастағанын байқаған. Не болғанын анықтау үшін ол түзету орталығындағы бейнебақылау камераларының жазбасын көрсетуді сұраған.
Бейнежазбалар жағдайдың мән-жайын ашып берген. Кадрларда жаттықтырушының балаға дөрекі қарым-қатынас жасағаны көрінеді. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл жаттығу кезінде болған.
Оқиғаға алаңдаған ана құқық қорғау органдарына жүгінген. Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
"Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр. Өтініш берушінің барлық дәлелі тексеріледі, сондай-ақ, бейнебақылау камераларындағы жазбалар мұқият зерттеледі. Мекеме қызметкерлерінен жауап алынады", - дейді Маңғыстау облысы ПД баспасөз хатшысы Айгерім Ибатуллаева.
Бұдан бөлек, тиісті шаралар қабылдау үшін білім беру және денсаулық сақтау басқармаларына ұсыныс жолданатыны айтылған.
Ал баланың анасының айтуынша, қазіргі уақытта орталық уақытша жабылып, онда тексеру жүргізіліп жатыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
