Иран жаңа Жоғарғы көшбасшының жарақат алғанын растады
Иран СІМ елдің жаңа Жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи жараланғаны туралы БАҚ-та тараған ақпаратты растады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Иран СІМ өкілі Эсмаил Багаи италиялық Corriere della Sera газетіне берген сұхбатында Моджтаба Хаменеи "жараланған, бірақ жағдайы жақсы" деп мәлімдеді.
Сонымен қатар Эсмаил Багаи Иран көшбасшысының халық алдында қашан сөз сөйлейтіні әзірге белгісіз екенін айтты. Сондай-ақ ол "жаңа Жоғарғы көшбасшы лауазымына үш немесе төрт адам үміткер болған, бірақ Сарапшылар кеңесіндегі көпшілік оны таңдады" деп хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ Моджтаба Хаменеи 28 ақпанда, АҚШ пен Израиль шабуылдарының алғашқы күні жараланғанын хабарлаған. Болжам бойынша, әңгіме аяқтағы жарақат туралы болып отыр.
Кейін Юсеф Пезешкиан Моджтаба Хаменеи тірі екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ол байланыстары бар таныстарынан ақпаратты нақтылап, "құдайға шүкір, ол аман-есен, бәрі жақсы" деген жауап алған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
