Алматының орталығында ірі жол апаты болды: видео
Алматыдағы Жандосов пен Әуезов көшелері қиылысында жаппай жол-көлік оқиғасы болды. Полиция департаменті жол апатының мән-жайын нақтылады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болған?
Оқиға туралы редакцияға оқырмандар хабарлады. Оқиға орнынан түсірілген кадрларға қарағанда, № 95 автобус пен бірнеше жеңіл көлік жол апатына ұшыраған.
Полиция не дейді?
Полиция мәліметінше, оқиға 13 наурызда сағат 15:20-да Бостандық ауданында болған. Автобус бес жеңіл көлікпен соқтығысқан.
"Foton маркалы автобустың жүргізушісі Жандосов көшесімен шығыс бағытта келе жатып, Манас көшесінен батысқа қарай, арақашықтықты сақтамау салдарынан алдында келе жатқан бес көлікпен соқтығысқан", – деп хабарлады Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жол апаты салдарынан бір адам зардап шеккен.
"Осы жол-көлік оқиғасы салдарынан бір адам зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінді. Оқиғаның мән-жайын Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері анықтап жатыр", – деп қосты ведомство.
ECOBUS Service ЖШС-де бұл жол апаты бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
