Медициналық сақтандыру қорының басшысы МӘМС жүйесіндегі қаржы жымқыру деректеріне қатысты пікір білдірді
ӘМСҚ 140 мыңға жуық қазақстандық емханаларға жалған тіркелгені туралы ақпараттан кейін сындарға жауап берді. Қор өкілдері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қаражатының жұмсалуына бақылауды қалай күшейтуді жоспарлап отырғанын айтты, - деп хабарлайды Tengri Health тілшісі.
"Заңбұзушылықтарды жасырмаймыз": қор басшысының мәлімдемесі
ӘМСҚ басқарма төрайымы Гүлмира Сәбденбек МӘМС жүйесіндегі ауқымды алаяқтық схемалар туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Facebook-парақшасында ол соңғы күндері қордың атына көптеген сын айтылып жатқанын жазды.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тергеп жатқан эпизодтардың басым бөлігін қор мамандары бақылау жұмыстары кезінде өздері анықтаған.
Осыдан кейін материалдар құқық қорғау органдарына тапсырылған.
"Біздің ұстанымымыз принципті: заңбұзушылықтарды жасырмау, әрбір расталған дерекке құқықтық баға берілуіне қол жеткізу, шығынды өтеуге ықпал ету және мұндай схемаларға жол берген жағдайларды жою", - деп жазды ӘМСҚ басшысы.
Қанша заңбұзушылық анықталған – статистика
Қордың баспасөз қызметі мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша қор жалпы сомасы 4,5 миллиард теңге болатын заңбұзушылықтар жөніндегі 72 материалды құқық қорғау органдарына жолдаған.
Оларды қарау нәтижесінде 27 қылмыстық іс тіркеліп, олар бойынша келтірілген залалдың белгіленген мөлшері 3,7 миллиард теңге болған.
"Салыстыру үшін, 2025 жылдың толық кезеңінде 630 миллион теңге сомасына 73 материал жолданып, олар бойынша 8 қылмыстық іс тіркелген", - делінген хабарламада.
ӘМСҚ мәліметінше, анықталған заңбұзушылықтар көлемінің артуы теріс пайдалану фактілерінің көбейгенін емес, Қордың бақылау функциясының сапалы күшейгенін, талдамалық құралдардың жетілдірілгенін және әрбір анықталған деректі құқықтық баға беруге дейін жеткізу жұмысының күшейгенін көрсетеді.
МӘМС қаражатының жұмсалуын бақылау қалай өзгереді?
Қор қаржылық бақылау тәсілінің өзгергенін хабарлады. Егер бұрын заңбұзушылықтар ақша медициналық ұйымдарға аударылып қойғаннан кейін анықталса, ендігі басты назар төлем жасалғанға дейін олардың алдын алуға аударылады.
"Қордың даму стратегиясын іске асыру шеңберінде Qalqan IT-платформасын, автоматтандырылған антифрод жүйесін және деректерді талдаудың тәуекелге бағдарланған алгоритмдерін қамтитын қаржылық бақылаудың бірыңғай цифрлық экожүйесі енгізіліп жатыр", - деп еске салды ӘМСҚ өкілдері.
Қазақстандықтар өз аттарына қандай медициналық қызметтер тіркелгенін өз бетінше тексеріп, егер ол қызметтерді алмаған болса, бұл туралы хабарлай алады.
ӘМСҚ мәліметінше, мұндай өтініштер тәуекел индикаторларының қосымша көзіне айналады. Олар бақылау жүргізу кезінде пайдаланылады.
"Біздің мақсатымыз медициналық ұйымдарға қаражат аударылғанға дейін негізсіз төлемдердің жасалуына жол бермеу. Бұл әрбір теңгенің мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етіп, азаматтардың МӘМС жүйесіне сенімін нығайтуға мүмкіндік береді", - деп түйіндеді Гүлмира Сәбденбек.
Жақында Қаржылық мониторинг агенттігі 140 мыңға жуық азаматтың медициналық ұйымдарға жалған тіркелу схемаларын, сондай-ақ көрсетілмеген медициналық қызметтер туралы жалған мәліметтер енгізу деректерін анықтады. Бұл Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алуға әкеп соқтырған.
Ведомство мәліметінше, аталған деректер бойынша 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр, анықталған шығын сомасы 3,5 миллиард теңгеден асады.
