Камера мопедтерді көрмей ме? Алматы полициясы жүргізушілердің шағымына жауап берді
Алматылықтар тоқтау сызығы мен тұтас сызықты кесіп өтетін мопед жүргізушілерін әлі де байқап жүр. Полиция мұндай заңбұзушылықтарды камералар тіркей ме және қанша жүргізуші жауапкершілікке тартылғанын айтты, деп хабарлайды Tengri Auto.
Мопедтердің қатысуымен қанша жол-көлік оқиғасы болды?
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек жыл басынан бері қалада мобильді көліктің қатысуымен 323 жол-көлік оқиғасы болғанын хабарлады. Оның 190-ы мопедтердің қатысуымен болған.
Бұл апаттардан бір адам қаза тауып, тағы 196 адам жарақат алды.
"Жыл басынан бері 5227 мопед жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мыңға жуық мопед айыппұл тұрағына қойылды", – деді Салтанат Әзірбек.
Ереже бұзушылықтардың басым бөлігін патрульдік полиция қызметкерлері анықтаса, қалғанын қалалық камералар тіркейді.
Камералар мопедшілердің ереже бұзуын көре ме?
Брифинг барысында журналистер кейбір мопедшілердің әлі де тоқтау сызықтары мен тұтас сызықтарды кесіп өтетініне назар аударып, камералардың мұндай заңбұзушылықтарды тануға қауқарлы-қауқарсыздығын сұрады.
Полиция бейнебақылау жүйесі жұмыс істеп тұрғанына және мопедшілердің ереже бұзуын тіркейтініне сендірді.
"Камераларымыз өте жақсы бапталған. Әрине, техниканың аты – техника. Егер қандай да бір техникалық ақаулар туындаса, олар дереу қалпына келтіріледі", – деп жауап берді Әзірбек.
"Енді ерекше назарда екенімізді түсіндік"
Бұл ретте, полицияның бақылауынша, міндетті тіркеу енгізілгеннен кейін мопед жүргізушілерінің тәртібі артқан.
"Тіркеу науқаны басталғанда, олар енді, былайша айтқанда, ерекше бақылауда екенін түсінді. Оларда мемлекеттік тіркеу нөмірі бар, олар техникалық байқаудан өтуге, техникалық төлқұжаты болуына және азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруға міндетті. Әрине, бұл үлкен жауапкершілік жүктейді", – деп атап өтті полиция өкілі.
Әзірбектің айтуынша, мопедтерін тіркегісі келмеген иелердің бір бөлігі басқа көлікке – электрлік велосипедтерге ауысқан.
Полиция қазір олардың кейбірі электрлі мопедтерге теңестірілетінін, сондықтан иелері де тіркеу процедурасынан өтуі тиіс екенін ескертті.
Анықтама: Электрлік велосипед - бұл электр қозғалтқышы бар велосипед. Техникалық сипаттамаларына байланысты мұндай көлік әртүрлі санаттарға жатуы мүмкін. Алматы ПД бұған дейін қуаттылығы 250 Вт-тан асатын және ең жоғары жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан асатын модельдер мопедтерге теңестірілетінін түсіндірген болатын.
Мән-жайы
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 5 сәуірден бастап Қазақстанда мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестірілді. Түзетулер күшіне енгеннен кейін тіркелмеген мопедпен жалпы пайдаланымдағы жолдарда жүруге тыйым салынады.
Мопедті басқару үшін жүргізушінің А1, А немесе В санатындағы куәлігі болуы тиіс. Көліктің өзін полицияда тіркеп, техпаспорт пен мемлекеттік нөмір алу, техникалық байқаудан өту және міндетті сақтандыруды ресімдеу қажет.
