Алматыда қайталама нарықтағы үйлер арзандап жатыр, ал жаңа пәтерлер бағасы қандай? Талдау
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, шілдедегі тұрғын үй бағасы маусымдағы көрсеткішпен деңгейлес болды. Әзірге бастапқы нарықтағы пәтер құнының күрт өсуі байқалмайды. Ел бойынша өсім небәрі 0,7 пайыз болды. Ескі үйлерде де жағдай ұқсас: ондағы пәтерлердің бағасы 0,1 пайызға ғана қымбаттаған. Бірақ бұл - Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш. Алматыға келетін болсақ, мұнда қайталама нарықтағы баспана бағасы арзандаған, демек, үйлер жеңілдікпен сатылып жатыр. Керісінше, Қазақстан бойынша жалдау ақысы шамамен бір жарым пайызға өсті. Бұл студенттер маусымының басталуымен байланысты болса керек.
Баға қалай өзгерді?
Жаңа салынған үйлер
Маусыммен салыстырғанда, осы жылдың шілдесінде республика бойынша пәтерлер 0,7 пайызға қымбаттап, бір шаршы метр үшін 621 900 теңге болды. Бағаның ең айқын өсімі келесі қалаларда байқалды:
Петропавл - 2,5 пайыз
Орал - 2,2 пайыз
Тараз бен Қостанай - 1,5 пайыз
Бұл ретте Астанада тұрғын үй бағасы мүлдем өскен жоқ, Алматыда - плюс 1,9 пайыз, Шымкентте - бір пайыз. Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Қонаев, Семей және Талдықорған қалаларында баға өзгеріссіз қалды.Қайталама нарық
Республика бойынша өзгерістер 0,1 пайыз деңгейінде болды (шаршы метріне 630 442 теңге). Қалалар бойынша қарастыратын болсақ, өсім келесі өңірлерде көбірек сезіледі:
Жезқазған - плюс 3,2 пайыз
Түркістан - плюс 2,9 пайыз
Петропавл, Қонаев - плюс 2,6 пайыз
Астанада қайта сатылатын пәтерлердің құны 0,6 пайызға, Шымкентте 1,9 пайызға артты. Ал Алматыда, керісінше, баға 0,8 пайызға арзандаған.
Жалға алу
Жалға берілетін тұрғын үй статистикасы анағұрлым қарқынды көрінеді. Республика бойынша жалдау құны 1,4 пайызға өсті. Шілдеде шаршы метрдің бағасы 5 134 теңге деңгейінде болды. Баға өсімі келесі қалаларда белсенді жүрді:
Астана - 2,7 пайыз өсім
Көкшетау - 1,5 пайыз
Алматы - 1,4 пайыз
Үй жалдау мен сатып алу қай жерде қымбат және қай жерде арзан?
Ең қымбат пәтерлер
Жаңа үйлерде. Шілдеде маусыммен салыстырғанда, Алматы қаласы 739 762 теңге көрсеткішімен көш бастады. Ал бұған дейін екі ай қатарынан Астана бірінші орында болған еді. Бұл жолы елорда екінші орынға түсті, онда пәтердің шаршы метрін 739 033 теңгеге сатып алуға болады. Одан кейін Атырау тұр - 546 419 теңге.
Ескі үйлерде. Бұл сегментте де Алматы алдыңғы қатарда - 743 546 теңге, одан кейін Астана - 731 722 теңге және Атырау - 519 225 теңге.
Жалға алу. Пәтер жалдау Алматыда ең қымбат, мұнда шаршы метріне 5 961 теңге төлеуге тура келеді, Астанада - 5 796 теңге, Қарағандыда - 4 971 теңге.Қай жерде ең тиімді
Жаңа салынған үйлер. Ең арзан баға Оралда - 334 292 теңге, Ақтөбеде - 356 454 теңге және Көкшетауда - 370 124 теңге.Қайталама нарық. Ең оңтайлы баға Қызылордада - 346 179 теңге, Ақтауда - 354 226 теңге және Таразда - 358 109 теңге болды.
Жалдау. Тұрғын үйді жалдау Таразда ең арзан, мұнда шаршы метрі 2 515 теңге тұрады. Сондай-ақ Түркістанда - 2 767 теңге, Қостанайда - 3 230 теңге көрсеткішімен баға қолжетімді болып отыр.
