Добавить новость
smi24.net
World News in Kazakh
Август
2026
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
31

Жанәнбіловтерден тәркіленген көліктер кімге бұйырды?

0

Блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеновадан тәркіленген сегіз Hyundai Elantra автокөлігінің барлығы Бас прокуратураға қарасты ведомствоға берілді. Бұл туралы Астана қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті Tengrinews.kz ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Бұған дейін блогерлерден тәркіленген көліктер аукционға шығарылған болатын. Сауда-саттықтан кейін көліктерді мемлекеттік органдар алғаны белгілі болды, бірақ нақты қай мекеме екені айтылмады. Енді сегіз көліктің де бір құрылымға - Бас прокуратура жанындағы материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасына бұйырғаны анықталды.

Әр көлікке үш үміткерден келді

Мемлекеттік мүлік департаменті тәркіленген көліктерді иеленгісі келгендердің көп болғанын хабарлады. Сегіз Hyundai Elantra-ның әрқайсысына үш өтінімнен түскен.

Өтінімді құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар, сондай-ақ Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін кейбір мемлекеттік органдар бере алды.

Өтінімдерді қарау қорытындысы бойынша 7 шілдеде сегіз көліктің де жеңімпазы ретінде Бас прокуратура жанындағы материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы анықталды.

Сот шешімімен Жанәбіловтерден тәркіленген автокөліктер. E-Qazyna.kz сайтынан скриншот

9 шілдеде департамент көліктерді ведомствоға бекіту туралы бұйрық шығарса, 13 шілдеде олар қабылдау-тапсыру актісі бойынша берілді. Осылайша, сегіз көлік те бір құрылымның теңгеріміне өтті.

Басқа үміткерлердің қай ведомстволар екені департамент жауабында нақтыланбаған.

Көліктердің құны қанша?

Көліктерді бермес бұрын оларды "Столичная оценочная компания-KZ" ЖШС бағалады. Сегіз көліктің жалпы нарықтық құны 67 155 000 теңгені құраған.

Жеті Hyundai Elantra-ның әрқайсысы 8 395 000 теңгеге теңгеге, тағы біреуі 8 390 000 теңгеге бағаланған.

Бұл жерде Бас прокуратураның көліктерді сатып алған бағасы емес, олардың теңгерімге қойылған бағалау құны туралы сөз болып отыр.

Мұндай жағдайда тәркіленген мүлік ведомствоға кәдімгі аукцион арқылы сатылмайды. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, көлік құралдары сатылымға шықпас бұрын алдымен белгілі бір мемлекеттік органдарға ұсынылады. Егер тиісті өтінім болса және комиссия оны беруді экономикалық тұрғыдан тиімді деп таныса, мүлік мемлекеттік заңды тұлғаның теңгеріміне бекітіледі.

Ал егер өтінімдер болмаса немесе мүлікті мемлекеттік органдарға беру тиімсіз деп танылса, тек сонда ғана ол ашық сауда-саттыққа шығарылады.

Неге көліктер дәл Бас прокуратураға берілді?

Департамент тәркіленген мүлікті беру кезінде бірнеше шарт ескерілетінін түсіндірді. Мемлекеттік органның белгіленген нормативтер шегінде көлікке деген расталған қажеттілігі болуы тиіс, көліктер жұмыс үшін қажет болуы керек, сондай-ақ ведомствоның оларды күтіп ұстау мен пайдалануға қаражаты болуы шарт.

Жоғарыда әр көлік бойынша үш өтінімнен түскені айтылды.

Қолданыстағы ережелерге сәйкес, егер бір мүлікке бірнеше мемлекеттік заңды тұлға үміткер болса, белгіленген талаптарға сәйкес келу шартымен бірге өтінім беру кезектілігі де ескеріледі.

Бұл ретте департамент жауабында Жанәбіловтердің көліктеріне тағы қандай ведомстволардың үміткер болғаны айтылмаған.

Енді бұл көліктерді сатуға бола ма?

Бас прокуратура алынған көліктерді өз бетінше сата алмайды.

Департамент ақпаратынша, мемлекеттік заңды тұлғалар өздеріне бекітілген мемлекеттік мүлікті өз қалауы бойынша сатуға, иеліктен шығаруға немесе үшінші тұлғаларға беруге құқылы емес.

Мұндай мүлікті иелік ету туралы шешімдерді мүліктің түріне және мемлекеттік органның мәртебесіне байланысты Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті немесе оның аумақтық бөлімшелері қабылдайды.

Жанәбіловтердің көліктері туралы не белгілі?

Маусымда E-Qazyna порталында Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеновадан тәркіленген, 2025 жылы шығарылған сегіз Hyundai Elantra туралы хабарландырулар пайда болды.

Бастапқыда көліктер мемлекеттік органдарға ұсынылуы тиіс болатын. Ол кезде Қаржы министрлігі егер олардың арасында ниет білдірушілер болмаса немесе беру экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылса, көліктер ашық электронды аукционға шығарылатынын, онда олар үшін қарапайым қазақстандықтар бақ сынай алатынын түсіндірген еді.

Алайда іс ашық сауда-саттыққа дейін жеткен жоқ - көліктерге мемлекеттік органдардан өтінімдер түсті.

Еске салсақ: сәуір айында сот Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованы заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырғаны үшін кінәлі деп таныды. Жанәбіловке екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы, Төлегеноваға жазаны орындауды екі жылға шегере отырып, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот сегіз Hyundai Elantra мен 17 iPhone 16-ны мемлекет пайдасына тәркілеу туралы шешім қабылдады.















Музыкальные новости






















СМИ24.net — правдивые новости, непрерывно 24/7 на русском языке с ежеминутным обновлением *