UFC 330: Махачев пен Гэрри чемпиондық жекпе-жек алдында көз түйістірді
Файтерлер Филадельфиядағы турнирдің басты қатысушылары болады. Махачев үшін бұл жекпе-жек 77,1 келіге дейінгі жартылай орта салмақтағы UFC титулын алғаш рет қорғау сәті болмақ.
Басты кездесу 16 тамызда таңертең Қазақстан уақытымен шамамен сағат 08:00-де басталады.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
UFC Eurasia (@ufceurasia) жарияланымы
Ресми өлшеу рәсімінде қос спортшы да қажет салмақты көрсетті. Кейінірек олар көрермендер алдындағы салтанатты өлшеу рәсіміне қатысу үшін сахнаға шықты.
Кештің басты жекпе-жегіне қатысушылар жартылай орта дивизион лимитін еркін орындап, таразыда бірдей нәтиже көрсетті - әрқайсысы 77,11 келіден.
"Ертең маған әлем чемпионы атану үшін әлемнің ең үздік файтерімен жұдырықтасу мүмкіндігі туады. Мен оны жеңген кезде, сіздерде ешқандай сылтау қалмайды. Сіздер Иэн Мачадо Гэрридің ұлы екенін мойындайсыздар. Бұл менің үстемдікке толы мұрамның бастауы болмақ. Ертеңгі бәсте не тұрғанын бәріңіздің есте сақтағандарыңызды қалаймын. Спорт тарихындағы ең үздік екі файтер октагонда кездеседі", - деп мәлімдеді ирландиялық.
Содан кейін сөз кезегі Махачевке берілді. Мачадо Гэрриді жеңген жағдайда, ресейлік қатарынан жеңіске жету бойынша жаңа UFC рекордын орнатады - қазір оның еншісінде қатарынан 16 жеңіс бар. Осындай нәтижеге аты аңызға айналған бразилиялық Андерсон Силва да қол жеткізген болатын.
"Ол - менің кезекті нысанам ғана. Мен дайынмын және ертең баршаны міндетті түрде қуантамын", - деді Ислам Махачев.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
UFC Eurasia (@ufceurasia) жарияланымы
Ислам Махачев - UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы
Файтер жартылай орта салмақтағы белбеуді аустралиялық Джек Делла Маддаленаға қарсы өткен жекпе-жектен кейін иеленді.
Кездесу 5 раундқа созылып, Махачев партерде толық басымдық танытты. Нәтижесінде төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, Ислам Махачев бұған дейін 2022 жылы жеңіп алған жеңіл салмақтағы промоушен титулына ие болған еді. Ресейлік белбеуін 4 рет сәтті қорғап, кейін жартылай орта дивизионға ауысты. MMA-дағы рекорды - 28-1.
Ал Иэн Гэрриге келетін болсақ, бұл оның мансабындағы алғашқы титулдық жекпе-жегі. Ирландиялық қазір екі жеңіс сериясында келе жатыр: ол 2025 жылы Карлос Пратес пен Белал Мухаммадты тізе бүктірді. Оның мансабындағы жалғыз жеңілісін қазақстандық Шавкат Рахмонов жасатқан болатын. MMA-дағы рекорды - 15-1.
