Добавить новость
smi24.net
World News in Kazakh
Август
2026
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
31

“Атасының қайтыс болуына байланысты жұмысқа шықпады“: Қазақстанда заң не дейді?

0
Санкт-Петербургтегі дүкен қызметкері атасының қайтыс болуына байланысты сұранғаны үшін жұмыстан шығарылды. Бұл туралы БАҚ жазды. Оқиға әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырды. Tengri Life мұндай жағдайда Қазақстанда қызметкердің құқығы қаншалықты қорғалғанын анықтап көрді.
"Дау атасы қайтыс болған соң басталды": не болды?
Жақында Threads желісінде Санкт-Петербург (Ресей) тұрғынының киім дүкенінен қалай жұмыстан шыққаны туралы жазбасы пайда болды. Оның айтуынша, ол жерде бір жылға жуық еңбек еткен.
Қыз жұмыс кестесін бұзбағанын, қосымша міндеттерді мойнына алып, басшылықтың сеніміне ие болғанын айтады. Дау оның атасы дүниеден өткеннен кейін басталған: қыз отбасына жерлеу рәсіміне көмектесу үшін бір күнге сұранған, алайда басшылық оның жұмысқа шығуын талап еткен. Бас тартқан соң ол жұмыстан босатылған.

"Мен өте жақсы жұмыс істедім. Талаптан да артық орындадым, бірақ сонда да мұндай жағдайда жанашырлық пен түсіністікке ие бола алмадым", – деп бөлісті қыз әлеуметтік желіде.













Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

「Toma」???????? (@z_tomato_z) жариялаған пост


Ол бұл оқиғаны жұртқа жария еткісі келмегенін, бірақ өзге қызметкерлерге сабақ болсын деген ниетпен бөлісуді жөн көргенін айтты.
"Ол ренжісе, мен не істеуім керек": жұмыс беруші не дейді?
Мәселе ушыққан соң дүкен иелері оқиғаға қатысты өз нұсқаларын баяндап, видео жариялады. Олардың пайымдауынша, туысының қайтыс болуы жұмыстан шығаруға негізгі себеп емес. Олар бұл дау қос тараптың жұмысқа деген көзқарасының әртүрлі екенін және бұдан былай бір-біріне сене алмайтынын көрсетті деп есептейді.

"Бұл "Адамды атасы қайтыс болғаны үшін жұмыстан шығарды" деген өте рейджбейт-тақырып екенін түсінемін. Ол бізді лайықты басшы емес, тек киім-кешек сатып ақша табатын кәсіпкерлер деп санайды, сол үшін жұмыстан кетті. Мұндай адаммен әрі қарай қалай жұмыс істеуге болатынын білмеймін", – деді ол.

Бұл ретте ол елдің еңбек заңнамасын бұзуы мүмкін екенін мойындап, айыппұлды және қызметкерге тиесілі қаражатты төлеуге дайын екенін айтты.












Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

Никтоның (@anna_smst) жарияланымы


Сондай-ақ басшылық қызметкердің мойнында үлкен жауапкершілік болғанын, сондықтан сол күні оны алмастыратын ешкім табылмағанын түсіндірді.
Оқиға желіде тараған соң, дүкен иелері қудалауға, қоқан-лоқыға, аккаунттарын бұзу әрекеттері мен бұғаттауға тап болғандарын хабарлады. Олардың айтуынша, осыған байланысты әлеуметтік желідегі парақшаларының атауын өзгертуге мәжбүр болған.
Ал Қазақстанда бұл мәселе қалай реттелген?
Санкт-Петербургтегі жағдай маңызды сұрақ тудырды: қазақстандық жұмыс беруші жақын туысы қайтыс болған күні қызметкерді жұмысқа шығуға мәжбүрлей ала ма және бас тартқаны үшін жұмыстан шығаруға құқылы ма?
Қазақстанда бес күнге дейін демалыс берілуі тиіс
Адвокат Абзал Қасымжанов Қазақстанда жұмыс беруші жақын туысы қайтыс болған жағдайда қызметкерге демалыс беруге міндетті екенін түсіндірді. Мұндай құқық Еңбек кодексінің 97-бабында бекітілген.

"Қызметкердің хабарламасы негізінде жұмыс беруші жақын туысы қайтыс болған жағдайда бес күнтізбелік күнге дейін жалақысы сақталмайтын демалыс беруге міндетті", – деді адвокат.

Оның айтуынша, егер еңбек шартында өзгеше көзделмесе, жұмыс беруші бұл күндер үшін ақы төлеуге міндетті емес. Бұл ретте қызметкер демалыс ұзақтығын өз бетінше анықтайды: бір күн, бірнеше күн немесе барлық бес күнді де алуға болады.
Еңбек министрлігі не дейді?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жақын туысы қайтыс болған жағдайда жұмыс беруші қызметкерге бес күнтізбелік күнге дейін жалақысы сақталмайтын демалыс беруге міндетті екенін растады.

"Бұл жерде мәселе жұмыс берушімен келісу мүмкіндігінде емес, заңмен белгіленген демалыс беру міндеттемесінде болып отыр", – деп түсіндірді Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық органдарды үйлестіру басқармасының басшысы Сағихан Төлеуғали.

Ол заң бойынша бұл күндердің ақысы төленбейтінін атап өтті. Дегенмен, жұмыс беруші еңбек немесе ұжымдық шартта, сондай-ақ ұйымның ішкі құжаттарында ақы төлеуді немесе материалдық көмек көрсетуді қарастыруға құқылы.
Жақын туыстарға кімдер жатады?
Заң бойынша жақын туысқа ата-ана, балалар, ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер/қарындастар, ата, әже мен немерелер жатады.
Анықтама: Еңбек шарты тараптарының келісімі бойынша, қызметкердің өтініші негізінде оған жақын туыстары, сондай-ақ зайыбы (жұбайы) және (немесе) олардың жекжаттары (ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (қарындастар), ата-аналары (ата-анасы), балалары, атасы, әжесі, немерелері) қайтыс болғанда жалақы сақталмайтын демалыс берілуі мүмкін.
Қасымжановтың айтуынша, өтініш беру фактісін тіркеу үшін қызметкер болған жағдай туралы басшыға немесе HR бөліміне жазбаша түрде хабарлауы қажет.

"Егер қызметкердің өтініш беруге физикалық тұрғыда мүмкіндігі болмаса, мысалы, жерлеу рәсіміне жолда келе жатса, жұмыста болмау себебін түсіндірусіз қалдырмау маңызды. Мұндай жағдайда алдымен жұмыс берушіге жақын адамының қайтыс болғаны және жұмысқа шыға алмайтыны туралы жедел хабарлап, содан кейін қажетті құжаттарды ресімдеуге болады", - деді адвокат.

Ол жұмыс берушінің қайтыс болу туралы куәлікті немесе анықтаманы, ал қажет болған жағдайда туыстықты растайтын құжатты сұратуы мүмкін екенін нақтылады. Егер құжаттарды бірден алу мүмкін болмаса, қызметкер оларды кейін ұсына алады.
Қызметкер өзінің орнына адам іздеуге міндетті ме?
Бұл ретте қызметкер өз орнына алмастыратын адам іздеуге міндетті емес. Бұл мәселемен жұмыс беруші айналысуы тиіс.

"Егер жұмыскер жұмыс берушіге алмастыратын адам табуға ерікті түрде көмектессе, мысалы, әріптестеріне орнын алмастыру қажеттілігі туралы хабарласа, бұл қалыпты жұмыс практикасы болуы мүмкін. Бірақ жұмыс берушінің мұны заңда қарастырылған демалысты беру шартына айналдыруға құқығы жоқ", – деп атап өтті Қасымжанов.

Жұмысқа шықпағаны үшін жұмыстан шығаруы мүмкін бе?
Егер қызметкер жұмыс берушіге жақын туысының қайтыс болғаны туралы хабарлап, 97-бап бойынша демалыс құқығын пайдаланса, оның жұмыста болмауы жұмыстан қалу болып есептелмейді.

"Бұл күндерді қызметкердің жұмыс орнында физикалық тұрғыда болмағаны үшін ғана жұмыстан қалу деп тануға ешқандай негіз жоқ", – деп түсіндірді адвокат.

Еңбек министрлігі де жұмыс беруші мұндай демалысты беруден бас тартқан, жұмыста болмауын жұмыстан қалу деп таныған немесе оны тәртіптік жауапкершілікке тартқан жағдайда, қызметкер еңбек инспекциясына жүгінуге және басшылықтың әрекетіне шағым түсіруге құқылы екенін растады.
Жұмысқа шықпағаны үшін жұмыстан шығарып жіберсе не істеу керек?
Егер жұмыс беруші қызметкерді бәрібір жұмыстан шығарса немесе оған тәртіптік жаза қолданса, адвокат хат-хабарларды, өлім фактісі мен туыстықты растайтын құжаттарды, сондай-ақ жұмыс берушінің бұйрығы мен басқа да құжаттарын сақтап қоюды ұсынады.
Сарапшы еңбек дауы алдымен келісу комиссиясында қаралуы мүмкін екенін айтты. Егер тараптар келісімге келе алмаса, жұмыскер сотқа жүгінуге құқылы. Сонымен қатар ол мемлекеттік еңбек инспекциясына өтініш бере алады.

"Егер жұмыстан шығару заңсыз деп танылса, жұмыскер жұмысқа қайта орналасуды және мәжбүрлі түрде жұмысқа шықпаған уақыты үшін жалақы төлеуді талап ете алады. Жалпы ереже бойынша, Еңбек кодексі жұмысқа қайта орналасқан кезде мәжбүрлі түрде жұмысқа шықпаған уақыты үшін, бірақ алты айдан аспайтын мерзімге жалақы төлеуді қарастырады", – деді Қасымжанов.

Сондай-ақ адвокат мұндай жағдайларда жұмыскерлер жіберетін басты қатені атады - бұл жұмысқа шықпау және жұмыс берушіге себебін хабарламау.
Ол жұмыс берушіге жұмыста болмау себебі туралы дереу хабарлауды, Еңбек кодексінің 97-бабына сілтеме жасауды, қажетті күндер санын көрсетуді және хабарламаның жіберілгені туралы растаманы сақтап қоюды ұсынады.
Бұған дейін, 8 маусымнан бастап, Қазақстанда Еңбек кодексінің 111-бабына өзгеріс енгізілген болатын. Енді жұмыс беруші қызметкер демалысқа немесе еңбекке жарамсыздық парағына шыққан әріптесінің міндеттерін атқарған жағдайда, оған қосымша ақы төлеуі тиіс. Бұрын компаниялар, егер алмастыру еңбек шартында алдын ала жазылса, мұндай жұмыс үшін ақы төлемеуі мүмкін еді. Нақты не өзгергені және қосымша ақыны қалай талап ету керек екені туралы мына материалдан оқыңыз.
Тағы оқыңыз: Демалыстағы әріптесіңіздің орнына жұмыс істеп жүрсіз бе?Онда сізге қосымша ақы төленуі тиіс














Музыкальные новости






















СМИ24.net — правдивые новости, непрерывно 24/7 на русском языке с ежеминутным обновлением *