Алматылықтар құмды дауыл кадрларын бөлісіп жатыр
Алматыда шаңды дауыл соқты. Қала тұрғындары көру мүмкіндігі күрт нашарлағанын хабарлап, Tengrinews.kz редакциясына болған жайттың фото мен видеосын жолдап жатыр.
Ауа райы шамамен сағат 15:00-де күрт өзгерді. Екпінді жел тозаң мен құмды көтеріп, қаланы шаң басты.
Редакцияға келіп түскен кадрлардан Алматы көшелерінде жел шаңды көтеріп жатқанын көруге болады.
Айта кетейік, бұған дейін синоптиктер 31 тамызда Алматыда ауа райы құбылмалы болады, күннің екінші жартысында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды деп болжаған болатын. Жел оңтүстік-шығыстан соғып, кейін бағытын солтүстік-батысқа өзгертеді, жылдамдығы секундына 3–8 метр, күндіз екпіні 15 метрге дейін жетеді деп ескертілген.
Алматыда 1–3 қыркүйекте ауа райы қандай болады?
Синоптиктердің болжамы бойынша, 1–2 қыркүйекте Алматыда күн құбылмалы болады, кей кезде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жел солтүстік-батыстан және солтүстік-шығыстан секундына 3–8 метр жылдамдықпен соғады, күндіз екпіні секундына 15–18 метрге дейін жетуі мүмкін. Осы күндері ауа температурасы күндіз +21...+23 градус шамасында сақталады. 3 қыркүйекте жауын-шашын болжанбайды: күн +23...+25 градусқа дейін жылынады.
