Дала тасбақасының бір күні
Читайте этот материал на русском.
Read this article in English.
Қазақстан батысындағы Үстірттің кең жазығы — Орталық Азия тасбақасының мекені. Тасбақаларға жойылып кету қаупі төніп тұр, бұған негізінен адамның тірлігі себеп: сатуға шығарады, кездейсоқ өледі немесе мал өтетін жерде аяқ астында тапталады.
Британ режиссері Саксон Босворт жақында TASBAQA деген жаңа фильмін аяқтады, бұл — сирек кездесетін дала тасбақасы туралы қысқаметраж деректі фильм.
Tasbaqa Fund қорының директоры, дала тасбақасын сақтау бойынша табиғат қорғау ұйымын басқаратын Юлия Заугг бұл фильм «тасбақалардың үнін жеткізеді» дейді.
«Саксонның фильмі тасбақаның тіршілігін көрсетеді. Бұл өмір салты жойылып кетуі мүмкін екенін, себебі оның экожүйесіне адам тірлігі қауіп төндіріп тұрғанын көрсетеді», — деді Заугг «Власть» басылымына.
Шілде айында Босворт TASBAQA фильмін Лондон патша география қоғамына көрсетті.
«Власть» Босвортпен фильм және осы тақырыптың мәні туралы әңгімелесті.
Сізге бұл фильмді жасауға не түрткі болды?
Үстірттің биоалуандығы туралы фильм мен медиа жоқ деуге болады. Үстірт жазығы туралы 2020 жылы сол жерге барғанымда ғана білдім. Мен Өзбекстанның қарақалпақ жағында болғанмын, Оңтүстік Аралдың соңғы тірі жәндігі — артемияны түсіріп алу үшін Арал теңізіне апаратын жолдағы жарқабақты бойлай жүрдім.
Құдыретті Үстірттің жартасы мен аңғарын түзген тау жыныстарының 1–23 миллион жылдық қабаттарын көріп қайран қалдым. Бірнеше жылдан кейін үстірттің биоалуандығын зерттейтін жоба туралы ойлай бастадым. Жергілікті зерттеушілермен ұзақ сөйлесіп, даланың жабайы тасбақасы туралы біліп, соның қайталанбас оқиғасына ден қойдым.
Фильм не туралы?
Көрермен тасбақаның бір күнін тамашалайды, бұл Үстірт тасбақасы белсенді болатын екі-үш айлық кезеңнің тұтас көрінісінен хабар береді. Ол наурыз айының соңында пайда болады, шағылысады, қоректенеді, ал мамыр айында ұзақ ұйқыға қайта кіріседі.
Мен дала тасбақасын жабайы тіршіліктегі шынайы, батыл кейпінде бергім келді — өйткені, бұл оның бәрі бірдей біле бермейтін, әсіресе өзім үшін көзге елестуге қиын жағы деп ойлаймын. Жабайы тасбақаның тіршілігі қандай? Оның күнделікті тірлігі неден тұрады? Үстірт жазығы секілді қатал да кең далаға оның өмірі қалай бейімделді?
Бұл — түр мен экожүйе арасындағы ежелден келе жатқан байланыс. Мені ерекше елітетін нәрсе осы. Фильм негізінен үстірт пен тасбақаның симбиозы — миллион жылдан астам уақытқа созылып келе жатқан қарым-қатынас жайында. Біз тасбақа ұзақ ұйықтайтынын білеміз, Үстірт тасбақасы 10 ай уақытқа дейін ұйықтауы мүмкін. Бұл ерекше бейімделу, қайталанбас құбылыс.
Фильмде домбыра қалай қолданылды?
Әуел бастан фильмге қазақша музыка жазғым келді. Достарым мені Қосаман Сапарбаевпен және Әли Ақылтаймен таныстырды, сөйтіп орайы келе кетті.
Домбыра керемет терең эмоция береді. Сырт көзге екі ішекті аспап болса да, техникалық шеберліктің, эмоциялық ақыл-ой мен мінездің үйлесімі оны аса күшті етеді. Мен жай куратормын, альбомды Жаңаөзенде тұратын Қосаман мен алматылық Әли секілді домбыра шеберлері жасады, әрқайсының өзіне тән ойнау стилі бар.
View this post on InstagramҚосаман төкпе күй, Әли шертпе күй тартады. Осы екі стиль тамаша үйлеседі. TASBAQA фильмінде ұйқыдан оянып, жайбарақат тірлігіне кірісетін көрініс бар, осы сәтті Әли орындаған жұмсақ, нәзік әуен сүйемелдейді. Ал «сұрапыл» көріністер кезінде Қосаманның драмаға толы, ғаламат стилі ойнайды. Екі стильдің бірігуі фильмдегі бүкіл эмоцияны қамтиды.
Көрермен фильмнен не алса дейсіз?
Маған көрермен фильмді тамашалап, өзінше ой түйетіні, тіпті өзім автор ретінде көрмеген нәрселерді көріп, түсіне алатыны ұнайды.
«Біз құрып жатқан әлемде осы бір қарапайым тасбақаның үні естілмейді. Бірақ осы фильмде олардың ең болмағанда бір сәтке болса да үні пайда болады, олар өзінің ғана емес, өзгелердің де атынан сөйлейді», — дейді Tasbaqa Fund өкілі Юлия.
Фильм шынымен үнсіз тіршілік иелерінің дауысына айналып жатса, қуанар едім. Өзгелерге Tasbaqa Fund қорының жұмысына назар аударуға кеңес береміз, өйткені жобаның негізгі мақсаты — тасбақаға көпшілік назарын бұру. Жабайы дала тасбақасының батыл тіршілігін көрсету — оны сақтауға қатысты талпыныстар мен фильм сюжеті астасатын тәсіл.
Фильмнің және ақпараттық науқанның нәтижесінде тасбақаға және Tasbaqa Fund қорына қамқор болатын, жанынан табылатын, ұзақ жыл бойы қолдау көрсететін одақтастар мен достар көбейеді деп үміттенемін.
Режиссер TASBAQA фильмін (2025 ж., 11 минут) Қазақстанда жақын арада көрсетуді жоспарлап отыр. Фильм саундтрегі музыкалық стриминг платформаларға шықты (Spotify, Apple Music, YouTube — жанды орындау жазбасы осы жерлерге жарияланды).