Жұмысшылардың құқын қорғау жұмыстан шығуға апаратын жол ма?
Айнұр Сапарова, арнайы «Власть» үшін
2024 жылдың соңында заңгер Қадырбек Табылдиев жұмыстан заңсыз шығарылған жұмысшыларды жақтағаннан кейін «KazGlobalSolution» ЖШС-дегі орнынан айырылды. Жұмысшылардың қысқартылуы еңбек жағдайын жақсарту туралы талап қойғаннан соң басталған. Сол талаптардың ішінде зиянды өндірісте істегені үшін қосымша ақы төлеу де болған.
Кәсіподақтың араласуымен жұмыстан қуылғандар қайтадан жұмысқа шықты. Бірақ содан соң жұмысшылардың көбі өз еркімен компаниядан кетті, ал кейбірімен «KazGlobalSolution» басшылығы еңбек шартын созудан бас тартты.
2025 жылы қаңтардың ортасында Табылдиев өзін қорғау үшін компанияға қарсы сотқа жүгінді. Наурыздың соңында алғашқы инстанция соты оның жұмыстан шығарылуын заңсыз деп таныды. Дегенмен, бұл даудың нүктесі әлі қойылған жоқ.
Шілденің ортасында «KazGlobalSolution» апелляциялық шағым түсірді. Олар Табылдиевті қайта жұмысқа алу, моральдық зиянның өтемақысын төлеу және жарты жыл бойы жалақыны кешіктіргені үшін өсімпұл өндіру туралы шешіммен келіспейтінін білдірді.
Жұмысшылар мен Табылдиевтің мүддесін қорғайтын Машина жасау салалық кәсіподағындағылардың айтуынша, жалғасып жатқан даудың түп-төркіні тек жұмыс беруші мен еңбеккерлер арасындағы келіспеушілік емес. Мәселе «KazGlobalSolution» компаниясының кәсіподақтың жұмысшылар құқығы мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғауға бағытталған іс-әрекетіне қарсы болуынан туып отыр.
Қысым, қауіп және жұмыстан шығару
«KazGlobalSolution» ЖШС 2003 жылы тіркелген. Компания мұнай-газ саласындағы магистраль құбырларды салады және мұнай мен газ өндіруге байланысты қызмет көрсетеді. 2024 жылғы 26 маусымнан бері ұйымды Чапа Чаглар басқарады. Ал құрылтайшысы — Атырау облыстық мәслихатының депутаты Сейтжан Балжігітовтің туған бауыры Телжан Балжігітов.
Компания бұған дейін де талай рет сотқа тартылған. Adata жүйесіндегі деректерге қарағанда, «KazGlobalSolution» 39 азаматтық және 3 әкімшілік іске қатысқан. Көп жағдайда дау еңбек заңын бұзудан туған.
Қадырбек Табылдиев 2024 жылғы 20 мамырда «KazGlobalSolution» ЖШС-нің жетекші заңгер-кеңесшісі ретінде жұмысқа кірісті. Ал 1 шілдеде заң бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. Сол кезде компанияда шамамен 1600 адам еңбек ететін, олардың басым бөлігі Теңіз бен Қарабатан кен орындарында вахталық әдіспен істейтін жұмысшылар еді.
фото: Ақ Жайық
Қызметкерлердің көбі бұған дейін «Юсс Супорт Сервисез» ЖШС-де істеген. 2023 жылы ол компания тендерде жеңіліп, сервистік қызмет көрсету міндеттері жаңа мердігерлерге — Caspian Offshore Construction Realty, GisKashagan және KazGlobalSolution-ға берілді. Теңіз кен орнының операторы «Теңізшевройл» осы үш ұйыммен бес жылдық келісімшарт жасасты.
Компаниялар тендерде жеңіске жете алмаған жағдайда, олардың жұмысшылары көбіне оператордан келісімшарт алған жаңа фирмаларға ауысып кетеді. Жаңа кәсіпорындардың иелік құрылымы да алдыңғыларға жиі ұқсас болып шығады. Бірақ KazGlobalSolution жағдайында олай болған жоқ.
Табылдиевті жұмысқа қабылдаған кезде оған кәсіподақ қызметіне байланысты еңбек дауларында компанияның мүддесін қорғау тапсырылған еді. Осылайша былтыр ғана жұмыс берушінің мүддесін жақтап жүрген Табылдиев қазір сотта өзінің еңбек құқығын қорғауға мәжбүр.
Дау KazGlobalSolution жұмысшылары еңбек заңнамасын сақтау, зиянды еңбек жағдайы үшін үстемақы төлеу, іссапар шығындарын өтеу және кәсіподақ бастамаларын қолдауды талап еткеннен кейін туындады.
Компания талаптарды орындаудан бас тартып, жауап ретінде кейбір жұмысшыларды жұмыстан шығарып жіберді. Бірқатар қызметкердің жұмыстан кетуіне олардың кәсіподақ мүшесі екені де себеп болған.
2024 жылғы тамызда жұмысшылар көмек сұрап Табылдиевке жүгінді. «Неге біз тиесілі үстемақыны талап еткеніміз үшін бірден жұмыстан қуылдық? Неге жалақымыз дұрыс есептелмей отыр?» — деп сұрақ та қойды.
Жауап ретінде Табылдиев бас директордың өзімен тікелей келіссөз жүргізуге кірісті. Алайда Чаглар заңгерден еңбек мәселесіне араласпауды талап етті. Бұдан кейін Табылдиев компанияның құрылтайшысына хабарласты, бірақ ол да мұндай мәселелерді бас директордың құзыретінде шешу керек екенін айтты. Табылдиевтің кәсіп иесіне жүгінуі Чаглардың қатты наразылығын туғызды.
Сол себепті Табылдиев сотқа талап-арыз беруге шешім қабылдап, сонымен қатар ҰҚК, прокуратура және басқа да құзырлы органдарға шағым жолдады. Заңгердің айтуынша, 2025 жылғы қаңтар айының басында шағымның барлығы Атырау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаментіне жолданған.
фото kgsolution.kz
2023 жылы Машина жасау салалық кәсіподағы алғаш рет мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгінді. Себеп — KazGlobalSolution тарапынан жұмыс орындарын аттестаттау тәртібін сақтамау, заңсыз жұмыстан шығару және салалық келісімнің шарттарын бұзу деректері. Сол кезде ведомство ешқандай заң бұзу дерегін таппады.
Бұл шешіммен келіспеген кәсіподақ еңбек инспекциясының әрекетсіздігіне байланысты Атырау облысының әкіміне шағым түсірді. Алайда ол да қараусыз қалды.
«Облыс әкімдігі жұмысшылардың еңбек инспекциясына қатысты барлық шағымын қараусыз, тыңдаусыз қалдырды. Кейін кәсіподақ азаматтық соттарға жүгінуге мәжбүр болды. Сол істердің бірінде облыс әкімінің әрекетсіздігі заңға қайшы деп танылды», — деді кәсіподақ өкілі «Власть» басылымына берген сұхбатында.
Әкімдікке шағымданумен қатар кәсіподақ азаматтық соттарға да талап-арыз түсірді. Сот процестерінің нәтижесінде 2024 жылғы қараша айының соңында мемлекеттік еңбек инспекциясы үш рет тексеру жүргізді. Атырау облысы еңбек инспекциясы департаментінің қызметкері Денис Кимнің айтуынша, сол тексерістердің қорытындысы бойынша, KazGlobalSolution компаниясына еңбек құқығын бұзғаны үшін жалпы көлемі шамамен 2 миллион теңге айыппұл салынған.
Табылдиевтің сөзінше, кәсіподақпен бірге жұмысшылардың құқығын қорғауға шыққан сәттен бастап жұмыс беруші қысым көрсете бастаған:
«Еңбек инспекциясы жұмыс берушіні айыппұлға жыққаннан кейін, қызметкерлерді жаппай жұмыстан босату басталды. Мені жанжалды қоздырып жатыр деп кінәлады, ал мен өзімнің жұмысымды істеп жүрген едім».
2024 жылғы желтоқсанда қысым мен қорқыту үдей түскенде, Табылдиев Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының құрамындағы машина жасаушылар кәсіподағына мүше болып кірді. Осыдан соң KazGlobalSolution басшылығы заң бөлімінің жетекшісін жұмыстан шығару жолдарын қарастыра бастаған.
«Кәсіподаққа кіргеннен кейін қысым күшейді. Жұмыстан шығуға мәжбүрлей бастады, отбасым, тұрған жерім мен балаларым жайлы мәліметтерді қолдана отырып қорқытты», — деді Табылдиев.
Отбасына алаңдаған заңгер амалсыз көнген. 2024 жылғы 11 желтоқсанда ол жұмыстан шығу туралы арыз жазады да, көп ұзамай арызын қайтарып алады. Алайда KazGlobalSolution директоры оның арызын қабылдап, арызды қайтарып алғанын елемеген. Компания кәсіподақпен мәселені шешу үшін келісімге келуден де бас тартты. Ал 2025 жылғы 14 қаңтарда заңгер жұмысқа қайта алу туралы сотқа талап-арыз түсірді.
«Жұмыс берушінің әрекеті, яғни кәсіподақпен жұмыс істеуден бас тартуы мен заң талаптарын елемеуі — Қазақстанның Еңбек кодексінде қарастырылған кепілдіктерді, сонымен қатар еліміз бекіткен Халықаралық еңбек ұйымының конвенцияларын бұзады. Бұл тәуелсіз жұмысшылар бірлестігінің қызметіне тікелей араласу әрі бірігу еркіндігі қағидасын бұзу болып саналады», — дейді машина жасау салалық кәсіподағының төрағасы Төлеген Қазанғапов.
фото kgsolution.kz
2025 жылғы наурыз айының соңында Атырау қалалық соты машина жасаушылар кәсіподағының Табылдиевтің мүддесін қорғап берген талабын ішінара қанағаттандырды. Сот оның жұмыстан шығуын заңсыз деп танып, жұмыс берушіні заңгерді қызметіне қайта орналастыруға және жалпы көлемі шамамен 6 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеді.
Компанияның заңгері Олег Поленин WhatsApp мессенджерінде қысқа жауап берді: «Істің мән-жайын үшінші тұлғалармен талқылауға құқығым жоқ», — деп, қысым көрсету мен бірінші инстанция шешімімен келіспеу туралы сұрақтарға нақты пікір білдіруден бас тартты.
«Власть» жолдаған ресми сауалға KazGlobalSolution тарапынан басқа түсініктеме берілген жоқ.
Машина жасаушылар кәсіподағына мүше болған барлық жұмысшының жұмыстан шығарылуы 2024 жылы Жылыой аудандық сотында заңсыз деп танылды. Олардың бір бөлігі қайтадан жұмыс орнына оралса, енді бірі мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін өтемақы алды.
Табылдиевтің айтуынша, жұмысқа қайта қабылданғандардың басым бөлігі кейін өз еркімен жұмыстан кеткен. Кәсіподақтан тек бір адам жұмысын жалғастыра берген, бірақ ол да 2024 жылғы қарашада еңбек шарты ұзартылмай, жұмыстан шығарылған. Сотқа жүгінбеген.
Табылдиевтің өзі де компанияға оралған жоқ, себебі шешім шыққанша басқа жұмысқа орналасып та үлгерген. Соған қарамастан, KazGlobalSolution өкілдері оны штатқа қайтармақ болып, одан ешқандай талап-арыз бермейтіні және апелляциядан бас тартатыны жөнінде қолхат талап еткен. Бірақ заңгер мұндай ұсынысқа келіспеген.
«Маған заң бөлімінің бұрынғы бастығы хабарласып, арызды қайтарып алуды өтінді. Барлығының күші жойылды деді, бірақ сонымен қатар сотқа ешқандай куәгерді шақырмауды және талап-арыздан бас тартуды сұрады», — дейді Табылдиев.
Заңгердің сөзінше, оның жұмыстан шығарылғаны кәсіподаққа қысым көрсету стратегиясының бір бөлігі болған. Ол компанияда кәсіподақпен байланысы бар қызметкерлердің «қара тізімі» болғанын айтады. Мұндай жұмысшыларды түрлі сылтаумен жұмыстан шығаратын немесе еңбек шартын ұзартпайтын болған.
Қазанғаповтың айтуынша, жұмыс берушілер мен билік арасында кәсіподақтар еңбек дауында тәртіпті қалпына келтіруге емес, керісінше тұрақсыздық туғызуға жұмыс істейді деген қасаң түсінік қалыптасқан.
Ал шын мәнінде кәсіподақтар — жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасындағы шиеленісті азайтатын әлеуметтік әріптестік институты.Астанада өткен мұнайшылар шеруі, фото Жанар Кәрімованікі
«Алайда оң нәтижеге тек еңбек заңнамасының талаптарын елемеуден бас тартып, кәсіподақ институтын құрметтеу арқылы қол жеткізуге болады. Әйтпесе, жай ғана еңбек дауына емес, еңбек саласындағы құқықтық мемлекет негіздерін жүйелі түрде бұзу әрекетіне тап боламыз», — дейді ол.
2025 жылғы 28 сәуірде KazGlobalSolution Табылдиевтің талабына қатысты бірінші инстанция сотының шешіміне апелляциялық шағым түсірді. Компания жұмысшылар мен заңгермен болған еңбек дауына қатысты түсініктеме бермеді.
2025 жылғы 17 шілдеде Атырау облысының соты KazGlobalSolution компаниясының апелляциялық шағымын қанағаттандырып, Табылдиевтің жұмыстан шығарылуын заңды деп таныды. Сол себепті заңгерге компанияға бұрын мәжбүрлі демалысқа шыққаны үшін төленген 1,8 миллион теңгені қайтару міндеттелді. Сонымен бірге моральдық зиян (100 мың теңге) және кәсіподақтың өкілдік шығындары (350 мың теңге) жөніндегі шешім өзгеріссіз қалдырылды, ал жалақыны кешіктіргені үшін есептелген айыппұл 3,8 миллион теңгеден 10 407 теңгеге дейін азайтылды.
Табылдиев сот шешіміне таңданысын жасырмады, жұмыстан шығарылуын заңды деп таныса да, сот моральдық зиянды төлеу туралы шешімді жоймаған. Сонымен қатар, жалақыны кешіктіру бойынша айыппұл сотта дұрыс есептелмеген формула бойынша анықталған.
«Соттан моральдық зиянды неге қанағаттандырғанын сұрағанда, заңсыз жұмыстан шығарылғаным үшін екі ай жұмыссыз жүргенімді айтты. Бірақ соттың өзі жұмыстан шығаруды заңды деп таныды. Осылайша, өз сөздеріне қайшы келіп отыр, — деді заңгер. — Соңына дейін құқығымды қорғаймын, қажет болса, Жоғарғы сотқа дейін барамын».