Добавить новость
smi24.net
Vlast.kz
Сентябрь
2025

Тоқаев қазақстандықтарды үнемі масыл деп айыптайды. Шынымен солай ма?

0

Халыққа соңғы жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәнерімен сөйлеп, қазақстандықтарды тағы да «әлеуметтік масылдыққа барып отыр» деп айыптады.

Президенттің ойынша, үкімет «кемінде 15 жылдан бері» «әлеуметтік алаяқтыққа» жол беріп келді. Мемлекет әлеуметтік саясатқа көзқарасын өзгертуі керек, бұл мемлекеттен жәрдемақы алатындар санының қысқаратынын білдірсе керек.

Сарапшылар бұл пікірді Қазақстан элитасының идеологиялық бағытының бір бөлігі деп топшылайды. Мемлекеттің экономикалық саясатының сәтсіздігін жасыру және теңсіздікті ақтап алу мақсатында кедейліктің жауапкершілігі одан құтыла алмаған азаматтардың өзіне артылып отыр.

«Жылпостар» және ақша үшін ажырасу

«Мемлекеттің көз алдындағыдан басқаны көрмей, бәріне көне беретін әлеуметтік саясаты жүзден астам түрлі жеңілдіктің пайда болуына алып келді. Осы жеңілдіктерді әперемін деп «көмек қолын» созатын жылпостар да көбейді. <...> Отбасы мүшелерінің барлығы дерлік атаулы әлеуметтік көмек пен жәрдемақы алатын болса, жұмыс істеудің не қажеті бар?» — деді Тоқаев жолдауында.

Президент сөйлегенде азаматтар әлеуметтік мәселені ерекше күтеді, себебі еңбекақы мен жәрдемақы көтеруге, «Ұлттық қор — балаларға» сияқты әлеуметтік бағдарламалар енгізуге қатысты мәселе қозғалуы мүмкін.

Бірақ биыл Тоқаев үкіметтің әлеуметтік саясатын сынға алып, оны қайта қарауды және біріздендіруді ұсынды. Оның ойынша, құзырлы министрліктердің әрекеті халықтың заңсыздыққа және «әлеуметтік алаяқтыққа» баруына алып келді.

«Кезінде біздегі «әлеуметтік саланың жанашырлары» толық емес отбасы деген жеңілдікке мұқтаж адамдар санатын ойлап тапқан еді. Соның салдарынан ажырасқан отбасылар саны күрт өсіп, бір кезде бұл көрсеткіш бойынша әлемде «көш бастаған» елдердің қатарына қосылдық. Мұндай мысалдар аз емес. Осылайша, жалқаулық пен масылдыққа өзіміз жол беріп отырмыз», — деді президент.

Сонымен қатар, Тоқаев барған сайын «жасарып», көбейіп бара жатқан КСРО кезінде қақтығыстарға қатысқан ардагерлерге жәрдемақы төлеп келеміз деді. Ал өңір халқы өзі тұратын аймақта тең мүмкіндік болмағандықтан астанаға ағылып, оның инфрақұрылымына артық салмақ түсіріп жатыр екен.

«Әкімдік қаланың қарқынды дамуына жағдай жасаудың орнына, әлеуметтік шығындарға қыруар қаржы жұмсауға мәжбүр», — дейді Тоқаев.

Астанадағы Бәйтерек, фотоны Жанар Каримова түсірген

Дәстүр сабақтастығы

Мұндай сөздер Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметке қарсы риторикасының жалғасы іспетті. Сонау 1997 жылы «Қазақстан-2030» стратегиясын таныстырған кезде бұрынғы президент мемлекет көмекті халықтың ең мұқтаж топтарына беруге тиіс, ал қалғаны қиындықтан өзі шығуы керек деп мәлімдеген еді. Ол нарықтық реформа жүргізу кезінде азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету көлемінің қысқарғанын осылайша ақтады.

«Назарбаев әлеуметтік теңсіздікке қалыпты нәрсе деп қарайтын, өзінің әл-ауқаты үшін мемлекетті емес, әр адамды жауапты ететін «неолиберал» логиканы қалыптастырды», — дейді Хельсинки университетінің докторанты Евгения Пеши.

Сарапшының пікірінше, бұл риторика бүкіл әлемде таралған. Бұрынғы КСРО елдерінде бұл риторика совет азаматтары «бесіктен бастап қабірге дейін» әлеуметтік қамтамасыз ететін жүйеге тәуелді болды деген тұжырымға сүйенеді.

Дәл осы кезеңде әлеуметке қарсы риториканы қаруына айналдырған Назарбаев елде «шок терапиясын» жүргізді. Мемлекет активтерін кеңінен және бейберекет жекешелендіру, бағаны ырықтандыру, еңбек нарығын реттеуден шығару және әлеуметтік кепілдіктен бас тарту — оның басты құралы болды.

Содан кейін Назарбаев «масылдық» проблемасын жиі көтерді. 2017 жылы «әлеуметтік алаяқтық» тезисін сөз етсе, сегіз жылдан кейін Тоқаев та халыққа соңғы жолдауы кезінде соны қолданып отыр.

«Адамдарды масылдыққа үйретіп жатырмыз. Анаған да, мынаған да, кредитке де жеңілдіктер беріп жатырмыз. Осылай басқа жақтан келіп, мың адам бір бөлмеге тіркеліп, пәтер алады. Бір ай бұрын алыстан елордаға келген адамға пәтер беріледі де, ал Астанада бұрыннан тұрып, жұмыс істеп жатқан тұрғындар пәтер ала алмай жүр(…) [Пәтер] болсын десең жұмыс істеу керек. Қазақстанда жұмыс бар. Жұмыс істемеген адамға тамақ жоқ, осындай принцип бар емес пе?» — деп мәлімдеген еді бұрынғы президент. 

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев, фото Reuters

Тоқаев алдыңғы президентпен көзқарасы ұқсас екенін 2019 жылғы ұлықтау рәсімі өткеннен кейінгі үшінші күні көрсетті.

«Жұмыс табуға ұмтылмайтындарды, әсіресе әлеуметтік масылдықты қолдауға болмайды. Мемлекет әлеуметтік жағдайы нашарларға көмек көрсетеді. Қалғаны жұмыс істеуге тиіс», — деп мәлімдеді ол өңірге жасаған алғашқы жұмыс сапары — Түркістан облысына барған кезінде.

Алайда қоғамның қолдауы қажет болған кезде президенттердің «масылдыққа» қатысты көзқарасы өзгеріп сала береді. Мысалы, Назарбаев әр сайлау науқанының алдында еңбекақы мен жәрдемақыны көтеруді тапсыратын. Тоқаев да осы үрдісті жалғастырды.

Екі президент те оң көзқарас қалыптастыру үшін дағдарыс жағдайын ұтымды қолдана білді. 2015 жылғы девальвациядан кейін және артынша болған экономикалық дағдарыстан кейін Назарбаев еңбекақы көтерілетінін ғана емес, жаңа әлеуметтік саясат қолға алынатынын хабарлады.

2019 жылы Астанада ата-анасы күнкөріс қамымен түнде жұмысқа кеткенде бес бала өрттен қаза болған оқиғадан кейін Тоқаев көпбалалы отбасыларға жеңілдік көбейтіледі деп мәлімдеді.

Шерушілер Назарбаев пен оның отбасы елге билік етуді, экономикалық ресурстың негізгі бөлігіне иелік етуді тоқтатсын деген талап қойып, арты Қанды Қаңтарға ұласқаннан кейін ең төменгі жалақының көтерілгені де осыған мысал бола алады.

Астанада көпбалалы аналардың протесті, 2019 жыл, фотоны Тамары Вааль түсірген

«Әлеуметтік саясат жомарттық пен үнемдеу арасында саяси ахуалға байланысты құбылып тұрады. Легитимдікті қамтамасыз ету қажет болғанда әлеуметтік жеңілдіктер көбейтіледі; қысым азайғанда мемлекет міндеттерін азайту туралы риторика қайтып оралады», — дейді Пеши.

Саясаттанушы Димаш Әлжановтың пікіріне сүйенсек, бұл — қайшылық емес, режимнің жұмыс істеу тәсілі.

«Режимнің саясаты қоғамның елеулі бөлігін кедейлер және жоғарыдан бөлінетін ресурстарға тәуелділер санатына кіргізді. Наразылық деңгейін түсіру және сайлау алдында қолдауға ие болу үшін билік әлеуметтік көмекті көтереді. Бірақ қоғамды экономика тұрғысынан дербес, нық және мемлекеттен тәуелсіз ететін реформалар жасалмайды», — деп түсіндірді ол.

Президентті қолдайтын Amanat партиясы да, президенттің өзі де билігін тағы бір рет нығайтқан 2022 жылғы сайлаудан кейін мемлекет «масылдық» риторикасына тағы оралды. Билік тұрақты мекенжайға тіркелмеген кредиті бар адамдарға және зейнеткерлерге жәрдемақы беруден бас тартуды, бала көтеру және бала күтіміне берілетін төлемдерді қысқартуды, сондай-ақ мемлекеттің әлеуметтік шығындарын қысқартуды және атаулы әлеуметтік көмекті пысықтауды ұсынды.

Күмәнді тұжырымдар

«Жәрдемақыны заңсыз жолмен алған жағдайлар болса да, «масылдық» деуде әсірелеу бар», — деп санайды Пеши.

Ол атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны үнемі қысқарып келе жатқанын айтады: 2019 жылы 2 миллионнан астам болса, 2024 жылы 413 мың болған. Оның үстіне төлемнің орташа мөлшері 7959 теңге ($14,50) ғана.

«2025 жылы Қазақстанның атаулы әлеуметтік көмек алу үшін кедейлік шегін бұрын қолданылған ең төменгі көнкөріс деңгейінің орнына медианалық табысқа байлау шешімі көп отбасының жәрдемақы алуына жол ашты. Төлем алатындар саны сәл көбейді, бірақ алдыңғы жылдардың көрсеткішімен салыстыруға келмейді», — дейді сарапшы.

Paperlab орталығының зерттеушісі Дарина Уәлиханқызының пікірі бойынша, халықтың мемлекет құрған саясаттан «қалтарыс жол» іздеуі — ел экономикасында тұрақтылық болмауының салдары.

«Еңбекақыны инфляция деңгейіне сай индекстеуді аздаған ірі компания ғана жасай алады, сондықтан көп адам жұмыспен қамту деңгейі тұрақсыз, тіпті мәжбүрлі жалданбалы жұмыс жағдайында (unfree wage labour) өмір сүріп жатыр, мұндай нарықта «таңдау» аз. Осындай ортада қалтарыс жол іздеуге ұмтылу күнелтудің қалыпты стратегиясына айналады, сондықтан халықты «еріншек», «масыл» деп айыптау әділетсіз әрі дұрыс емес», — деп жазды ол.

Атырау, фотоны Алмас Қайсар түсірген

Әлеуметтік теорияларды зерттеуші Ғалым Жүсіпбек те президенттің сөзін сынға алды. Ол Тоқаев айтып өткен жәрдемақы мен елдегі ажырасу арасында ешқандай байланыс жоқ деп есептейді.

«Менің ойымша, бұл халыққа сенбеудің көрінісі. Біздегі төлемдер адамдарды ажырасуға итермелейтіндей соншалықты көп пе еді? Қазіргі жәрдемақы мен ең төменгі жалақы ең маңызды деген қажеттілікті өтеуге, қара су мен қара нанға ғана жетеді», — деп санайды зерттеуші.

Ел ішіндегі мигранттар астанаға жеңілдік алу үшін ағылады деген тұжырым да жалған деп санайды.

«Біздің азаматтар ірі қалаларға 1990-жылдары басталған инфрақұрылым айырмасына бола қоныс аударады. Өткен жүзжылдықтың соңында, мысалы, елдегі ауруханалардың жартысы жабылды, соның ішінде мұндай жағдай өңірлерде көбірек болды», — деді Жүсіпбек.

Сарапшының айтуынша, қазақстандықтарды масыл деп айыптамас бұрын ұлттық экономиканың құрылымдық ерекшеліктерін ұғыну қажет.

«Экономика қай топтың пайдасына жұмыс істейді? Қарапайым азаматтарға ма, әлде олигархия топтары мен трансұлттық корпорацияларға ма? Бізде тіпті мұнайдың өзі халықтың пайдасына жұмсалмайды», — дейді ол.

Пешидің де пікірі осыған ұқсас: «масылдық» туралы мемлекеттің риторикасы азаматтардың кедейліктен құтыламын деген талпынысы жолында ұшырасатын кедергілерді бүркемелей түседі.

«Ауылдық жерлерде ресми жұмыс орындарының жетіспеуі, жалақының төмен болуы, жақыныңды күтіп-бағу міндеті әлеуметтік жағынан аз қамтылған, балалы-шағалы отбасыларға ауыр тиеді, ынтасы мен талпынысы болғанымен, олардың кедейлікті жеңуге мүмкіндігі шектеулі», — деді ол.

Сөйте тұра мемлекеттік бағдарламалар азаматтарға тұрмыс тауқыметінен құтылудың жолын ұсына алмайды дейді сарапшы.

«Ақысы төленетін қоғамдық жұмыстар мен субсидия аясындағы жұмыс орындары қысқа мерзімге арналған, ал микрокредит беру және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары отбасын қарызға батыратын жағдайлар жиі ұшырасады және тұрақты табыс көзі бола алмай отыр», — деп санайды Пеши.

Ғалым Жүсіпбек Қазақстан Конституцияда әлеуметтік мемлекет деп жарияланғанымен, іс жүзінде олай емес дейді.

«Егер ең төменгі жалақы 300–400 мың теңге деңгейінде болса, «масылдық» туралы сөз қозғауға болар еді. Қазіргі жағдайда бұлай айту орынсыз. Адамдар нарық реформасының ауыр кезеңін бастан кешті, қазір бірнеше жұмыс істеп, көп нәрсеге төзіп келеді», — деп түсіндірді зерттеуші.

Уәлиханқызы Қазақстанда әлеуметтік қолдау жүйесі адамдардың шынайы тіршілігіне үңілмей, олардың жүріс-тұрысы мен оны бақылау механизмдері ескерілмей қате жобаланғанын айтады.

«Мұндай бетбұрыс қоғамның әлеуметтік институттарға сенімін жоғалтады және басқару сапасына артылуға тиіс кінәны тағы да азаматтардың ар-ұятына бұра салады», — деп қорытты сарапшы.  















Музыкальные новости






















СМИ24.net — правдивые новости, непрерывно 24/7 на русском языке с ежеминутным обновлением *