«Ең қиыны – маймылдың баласын бағып-қағып, қайтадан анасына қайтару»
Шолпан Әбдібекова – Алматы зообағындағы приматтар бөлімінің жетекші маманы. Ол мұнда отыз жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Сол уақыт ішінде бірнеше буын приматтарды бағып-қақты, кейбірін тіпті үйіне алып барып, қолдан өсіріп, өмірін сақтап қалған. Алдағы жылы зейнетке шығады, бірақ сүйікті ісінен қол үзгісі жоқ: Испаниядағы Лоро Парк зообағы жұмысқа шақырып отыр екен.
«Власть» Әбдібековамен приматтарды асырау, жағдай жасау және зообақтарға деген көзқарасы туралы сөйлесті.
Шолпан Әбдібекова Қызылорда облысының Сырдария ауданына қарасты Шаған ауылында дүниеге келген. Жануарларға сүйіспеншілікпен қарауына ата-анасының ықпалы зор. «Біз ауылда өстік, қой, сиыр ұстадық. Қыстың суығында анам иттерді дәлізге кіргізіп, астына ескі пальто төсеп қоятын. Ауырғанын емдеп, уколын өзі салып, күтіп алатын. Сол мейірім бізге үлгі болды», – дейді ол.
Әбдібекова Алматы ветеринария институтын тәмамдаған. 1995 жылы Орманов көшесінде келе жатып, «Мамандар қажет» деген хабарландыруға көзі түседі.
«Кадр бөліміндегілер сұхбат барысында: «Егер арыстан ауырып қалса, не істейсіз?» – деп күтпеген сұрақ қояды. Университетте жыртқыш аңдар емес, төрт түлік малды оқытатын. «Сасып қалдым да, әуелі ұйықтатып, диагноз қойып, содан кейін емдеу керек дедім. Сол жауабымнан кейін жұмысқа қабылдады», – деп еске алды.
«Маған бауыр басқаны соншалық, демалысқа шықсам іздеп жүретін»Алғашқы жылдары ветеринар болып, кейін приматтар бөліміне жетекші болып ауысты. «Алғаш келгенімде, бізде әлі адамтектес маймылдар жоқ еді, тек макакалар мен мартышкалар болатын», – дейді ол.
Дәл сол кезде жасыл мартышканың әлсіз төлін қолдан тамақтандыруға тура келеді. Бұл оның алғашқы «қолда өсірген баласы» Рам болатын.
«Маған бауыр басқаны соншалық, демалысқа шықсам іздеп жүретін. Бірде келушінің үстіне секіріп құшақтап алыпты, шашы мен көзілдірігі маған ұқсайды екен», – дейді Шолпан апай жымиып.
Бірде «тек, қан тартады» деген ұғымның мәніне Шолпан апайдың көзі жетті. «Бір күні Рам жоғалып кетті. Қыздар Рам жоқ деген соң жазғы тұраққа барсақ, ата-анасының тұрағына кіріп алған екен. Мені де қимай тұр, анасын да қимайды. Сол кезде анасы екі қолымен торды жауып, “шығармашы, балам өзімде қалсын” дегендей ұстап тұрды».
Жұмыс осылай жалғаса береді. Әбдібекова ең қуанышты, жүрегіне жылы сәт – приматтардың өз отбасына, ата-анасына қосылып, бірге өмір сүріп кеткен кезі дейді: «Бұл мені бақытқа бөлейді, өйткені бар еңбегімнің нәтижесі – сол».
«Бұлардың қызығы да, қиындығы да бар. Адамдар құшақтады, сүйді, бәрі солай жалғаса береді деп ойлайды. Ал шын мәнінде ең қиыны – оларды бағып-қағу, өсіру, төл алу және сол төлді қайтадан анасына не тобына қосу. Бірі қабылдап, енді бірі қабылдамауы мүмкін. Сондықтан оларды тұраққа қайта қосу үшін көп уақыт қажет. Қайсына жақын болатынын қарап, бөлектеп, екеуін қосасың. Екеуі бір-бірін қабылдап, бауыр басқан соң барып үлкен топқа қосасың. Бұл бір күнде не бір аптада біте қоятын шаруа емес. Кейде екі апта, үш ай, тіпті бір жылға дейін созылуы мүмкін».
Уақыт өте келе Алматы зообағына адамтектес маймылдар да келе бастады. 1997 жылы Жапониядан аналық аққол гиббон, Нидерландыдан аталық әкелінді. Өкінішке қарай, аналығы қолдан өсірілгендіктен, төлін өзі емізе алмады. Сол сәттен бастап Шолпан апайдың қарауында бірнеше ұрпақ өсіп шықты: Джулия, кейін оның баласы Джим. Қазір 30 жастағы Табин есімді аталық гиббон зообақтағы ақсақалдар қатарында.
«2001 жылы зообаққа алғашқы шимпанзелер жеткізілді. Келесі жылы Жаклин есімді қыз дүниеге келді. Бірақ алғашқы үш тәулік бойы баласын тамақтандырмай қойды. Бәрі баласын алып қою керек десе де, мен анасы емізуі керек дедім. Үшінші күні тамақтандыра бастады», – дейді Әбдібекова.
Шолпан апайдың айтуынша, бұрын басқа хайуанаттар бағымен тәжірибе алмасу болған жоқ, ол бар білгенін іс жүзінде үйренді. «Ол кезде компьютер жоқ еді, хайуанаттар бағының кітапханасына бардым. Приматтар жайлы кітапты ақтарып қарасам, бір жерде: “64 сағатқа дейін енесі емізбесе, баласын қолдан емізу керек» деген жазба бар екен. Содан кейін үш тәулік күтемін, содан кейін ғана көремін дедім. Үш тәулік өткен соң аналығы өзі емізе бастады.
Жаклиннің анасы жазда қайтыс болды: «Ажалын алдын ала сезгендей болды. Вольерін ұрып, мені шақырады. Қарасам, баласын тордың сыртына шығарып береді. Сол кезде мен баласын ойнатамын, тамағын беремін. Кейін тағы вольерін ұрып, «қайтарып бер» дегендей белгі береді. Сонда баласын қайтарамын».
Кейін аналығы қайтыс болған соң, аталығын айырбастаған. Бірақ олардың барлығы да уақыт өте өмірден өтті.
Одан кейін зообаққа Габи келді. Габиден Томирис туды. Томиристе тұқым қуалайтын ауру бар еді. Ауру өсе келе ғана белгілі болған. Анасының жасына жеткенде сол ауру қайталанды.
Томиристің анасы өмірден өткенде, Әбдібекова Томиристі үйге алып кеткен, себебі сол кезде бөлімде жағдай болмады: жылу жеткіліксіз болып, терезеден суық ұрып тұрған. «Бала маймылды аман сақтау үшін, екі ай бойы үйде асырауыма тура келді. Қыста екі ай бағып, ақпанда қайтадан осында алып келдік».
Әбдібекованың жеке мұрағатынан суреттер
ҚиындықтарЖаңа жұп құру да үлкен сынақ. Бірде Шолпан апай әлемге әйгілі приматолог Джейн Гудоллдың шәкіртімен ақылдасып, оның кеңесімен шимпанзелерді сәтті жұптастырған. Бұл оңай шаруа емес: әлсіз немесе ауру аналықтарды аталық қабылдамай, тіпті өлтіріп тастаған кездер болған.
Зообақтағы ескі вольерлер де қиындық туғызады. «Бұл ғимаратқа алпыс жылдан асты. Ал халықаралық стандарт бойынша приматтарға биік, кең, табиғи ортаға жақын кеңістік қажет. Біздегі орын бар болғаны үш жарым метр. Ұзындығы 6,5 метр жаңа вольер салынуға тиіс», – дейді маман.
Кейбіреулер зообақтардағы жануарларға жанашырлық танытып, оларды торда ұстауды сынға алады. Бірақ Шолпан апайдың көзқарасы бөлек: «Адамдар табиғатты бүлдірді, орманды өртеп, маймылдардың мекенін жойды. Егер хайуанаттар бағы болмаса, кейбір түрлер мүлде жоғалар еді. Мәселен, пума қазір табиғатта жоқ, тек хайуанаттар бағында сақталған».
Бүгінде Алматы зообағы әлемдік қауымдастықтың мүшесі. Мұнда тәжірибе алмасуға студенттер, жас мамандар жиі келеді.
Әбдібекованың жеке мұрағатынан алынған сурет
Зообақтағы жұмыс жануарлармен ғана емес, адамдармен де байланысты. «Өкінішке қарай, кейде келушілер әйнекті ұрып, айғайлайды. Бұл жануарларға үлкен стресс. Хайуанаттар бағында тыныштық қажет», – дейді ол.
«Хайуанаттар бағының табалдырығынан кірген сәттен бастап әр бөлімде сақтандыру, ескерту белгілері қойылған. Бірақ оны түсінбейтіндер бар. Шетелде болғанымда, мысалы, Ростовта немесе Стамбұлда, адамдар хайуанаттар бағында айғайламайды. Ал бізде, өкінішке қарай, кейде ересектер де балалармен қосылып өзін дөрекі ұстайды. Жануарларға дауыс көтеруге болмайды, бұл – мәдени орын».
Зейнетке шыққан соң Шолпан апай Испаниядағы Лоро Паркке барып, біраз уақыт сонда жұмыс істегісі келеді. «Денсаулық пен күш-қуат болса, жануарларға қызмет ету – мен үшін ең үлкен бақыт», – дейді ол.
«Біз мәңгі емеспіз. Ертең біздің орнымызға бұл істі жан-тәнімен жақсы көретін жастар келуі керек. Қазір сондай ұрпақ өсіп келе жатыр, соған қуанамын», – дейді Шолпан апай.