Виктория Хан, аллерголог: «Лас ауа тозаңның құрылымын өзгертіп, зиянын арттырады»
Жусан, амброзия және басқа да өсімдіктер гүлдеп, аллергия маусымы басталды. Өткен апталарда құтқарушылар Алматы маңындағы қоқыс полигонынан шыққан өртті сөндірді, қаладағы ауа сапасы одан әрі нашарлады. Аллерголог-иммунолог Виктория Ханның айтуынша, сол күндері дәрігерге қаралғандар саны күрт көбейген.
«Власть» дәрігермен аллергияны емдеу стандарты, оның «токсиндермен» байланысы және «ғажайып» гормонды салдырудың зардабы жөнінде сөйлесті.
Биыл аллергия деген шағыммен жүгінгендер саны артқанын жұмыс барысында байқадыңыз ба?
Өкінішке қарай, солай болып тұр. Жыл сайын аллергия реакциясымен келетін науқас саны көбейіп жатыр. Дүниежүзілік статистикаға сәйкес, кейінгі он жылда аллергиясы бар адамдар саны шамамен 30 пайызға артқан.
Аллергиясы алғаш анықталған науқастар қарасы көбейіп барады. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін зардап шегіп отыр. Алматы қаласы мен облысында аллергиясы бар науқас бұрын да көп болатын, жыл сайын олардың саны артып жатыр.
Экологияға байланысты ма?
Иә, экология тозаңға тікелей әсер етеді, оны сәл өзгертеді. Лас ауа, көк түтін, улы газ тозаң құрылымын өзгертіп, зиянын арттырады. Соның салдарынан кейбір адамда аллергия белгілері күшейсе, бұрын аллергиясы болмаған адамдарда да реакция байқала бастайды.
Фото авторы: Жанар Каримова
Күзде көбіне не нәрсеге аллергия болады?
Нақты күзгі уақытты алсақ, қазір ойраншөп (амброзия), қарасора, жусан сияқты арамшөптер гүлдеп жатыр. Біздің өңірде бірнеше гүлдеу кезеңі бар, шартты түрде оны былай бөлеміз: көктемде ағаштар гүлдейді, жазда – көгалдағы және дәнді шөптер, ал тамыздан бастап күздің аяғына дейін арамшөп гүлдейді.
Күзде маусымдық аллергия көбіне қандай адамдарда болады? Ауру белгілері қанша жаста пайда болатынын анықтауға бола ма?
Өкінішке қарай, анықтау қиын. Аллергия кез келген уақытта пайда болуы мүмкін. Бізге көбіне ата-аналар балаларын әкеледі, бәлкім балаларын емдеуге тырысып, өзіне көңіл бөлуге уақыт жоқ шығар. Аллергия нақты қай жаста басталатынын айту мүмкін емес.
Аллергия мен тұмауды қалай ажыратамыз, белгілері ұқсас емес пе?
Иә, екеуінің белгісі бір-біріне қатты ұқсайды, бірақ ЖРВИ мен тұмау белгілері әртүрлі байқалады: тек мұрнынан су ағып, бітеліп қана қоймай, температура, әлсіздік сияқты белгілер де болады. Аллергия көбіне ағзада аллергия реакциясын тудыратын зат әсерінен кенет басталады, температура көтерілмейді, бірақ мұрын бітелу, мұрыннан су ағу, көз, мұрын және тамақ қышу, жөтел сияқты белгілері болады.
Аллергия белгілері енді ғана байқала бастаған адам не істеуі керек, медицина оған не ұсына алады?
Жоқ дегенде алғашқы кезеңде антигистамин дәрілерді ішу қажет.
Қандай да бір ғажайып екпе бар ма? Әлеуметтік желілерде «аллергия пайда болып еді, бір дәрі салғаннан жақсарды» деп жазып жатады.
Өкінішке қарай, ғажайып екпе жоқ. Жұрттың көбі ағзаға күшті әсер ететін гормон дәрілер салдырады, бірақ ол аллергия реакциясын емдемейді, ағзаның иммун жүйесін басып, аллергия белгілерін уақытша тоқтатады.
Иммун жүйесін әлсіретсе, оны салудың қандай мәні бар? Оның үстіне күзде онсыз да вирус көп емес пе?
Біз ұзақ уақыттан бері дәрігерлер науқастарға мұндай дәрілерді жазып бермесін, науқастар ондайды сатып алмасын деп күресіп келеміз. Өйткені гормон болғандықтан, қалай қолданып жатқанына бақылау болмаса, салдары айтарлықтай ауыр болуы мүмкін.
Кем дегенде ол иммун жүйесін басады, сондықтан әртүрлі жұқпалы ауруға жиі шалдығады, кейде салдары ауыр болып, емделу ұзақ уақытқа созылады.Сонда да қазір бұл препараттарды жарнамалап отыр, біз аллергияны емдеу кезінде, әсіресе аллергиясы енді ғана басталған науқастар арасында оларды қолдануға қарсы күресіп жатырмыз.
Науқас дәрі салдырып, жағдайы жақсаруы мүмкін, осы маусымды жақсы өткізді делік, бірақ келесі жылы аллергия белгілері қайта басталады. Мұндайда гормондарды қайтадан салдырады, оның әсері 3 айға созылады, ал бізде гүлдену маусымы ұзақ, үш айдан кейін аллергия белгілері қайта басталып, тағы да дәрі салуы керек болады.
Кейін мұндай инъекцияларды көп салдыра беріп, түбінде күн сайын ағзаға күшті әсер ететін гормондар салуға апарып соғуы мүмкін.
Маусым сайын қайталанатын аллергияны емдеудің қандай жолдары бар?
Бізде екі түрі бар. Біріншісі – науқастың аллергиясы асқынған болса, оның симптомдарын емдеу. Екіншісі – аллергияның өзін емдеу, бұл аллергияға қарсы иммун терапиясы (АСИТ) деп аталады. Ол симптомдардан ұзақ уақытқа арылуға мүмкіндік береді. Алдымен ағзаңыз не нәрсеге реакция беретіні анықталады, кейін аллергеннің аз мөлшерін біртіндеп салады, иммун жүйесі оған үйренеді.
АСИТ-ті аллергия асқынып тұрған кезде емес, алдын ала істеу керек пе?
Аллергия асқынып тұрса, АСИТ бойынша емдемейді, себебі оның құрамында науқастың аллергиясы бар заттар (аллергендер) бар. Ол дұрыс таңдалуы үшін алдымен нақты қандай затқа аллергиясы бар екені анықталуы керек. Бізде аллергия маусымы наурыздан қазанға дейін ұзақ уақытқа созылады, сонда қыс мезгілі ғана қалады. Ал нақты қандай затқа аллергия реакциясы бар екенін білуге әртүрлі анализ бар, оларды кез келген уақытта, ауру асқынып тұрса да немесе басылған кезде тапсырса болады. Ең танымал әдістің бірі – тері сынамалары, оларды аллергия асқынған маусымнан басқа уақытта, көбіне қыста тапсырады.
Кез келген уақытта істеуге болатын сынамалар қандай?
Бұл – молекулалы аллергодиагностика, көптеген аллергенге аллергия бар-жоғын анықтай алады. Ол үшін науқас қан тапсыруы керек. Қазақстанда ALEX2 және ISAC деген екі әдіс қолданылады.
АСИТ аллергиямен күресудің жалғыз жолы ма?
Иә, бұл – ең тиімді әдіс. Соның арқасында аллергия симптомдарынан өте ұзақ уақытқа, тіпті ондаған жылға дейін арылуға болады.
Иммун жүйесін аллергенге үйретуге қанша уақыт қажет?
Жақсы нәтижеге жету үшін үш жылдан бес жылға дейін уақыт керек, бірақ тәжірибеге қарасақ, науқастардың көбі емнің бірінші курсынан соң, бірінші жыл алғаннан кейін-ақ өзін жеңіл сезіне бастайды. Жыл сайын жағдай айтарлықтай жақсара түседі.
АСИТ МӘМС-те (Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) бар ма?
Өкінішке қарай, АСИТ МӘМС қатарында жоқ, МӘМС бойынша арнайы аллергодиагностиканың бір бөлігін ғана төлеуге болады.
Жұрт дәрігерге бармай-ақ аллергия белгілерін басатын дәріні өз бетімен таңдай ала ма, яғни олар қаншалықты қауіпсіз?
Аллергия белгілерін басатын дәрілер қауіпсіз деп саналады, оларда аса қатты қауіп тудыратын себептер жоқ, мұндай дәрілерді басқа да дәрілермен қатар ішуге болады. Аллергия белгілерін басатын дәрілер үш топқа бөлінеді. Бірінші топқа жататындардың көптеген жанама әсері бар, адамның ұйқысы келеді, көңіл-күйі түседі. Екінші және үшінші буындары болса, ұйқы шақырмайды.
Жалпы, аллергия белгілерін басатын дәрілерді сатып алуға дәрігердің рецебі керек емес. Меніңше, әр үйде балаларға арналған «супрастин» немесе «фенистил» сияқты дәрілер бар шығар, оларды аллергия кезінде шұғыл көмек ретінде береді.
Үшінші топқа қандай дәрілер жатады?
Левоцетиризин және дезлоратадин.
Аллергия организмдегі «токсиндерден» болады, сондықтан бауырды тазалау керек дегендей пікірлер бар.
Аллергия – ең алдымен иммун жүйесінің қоршаған ортаға, көп адамға зияны жоқ заттарға реакциясы. Аллергияға бауырдағы «токсиндердің» немесе қалдықтардың ешқандай қатысы жоқ. Негізінде «қалдықтар» деген термин ойдан шығарылған, ресми медицинада ондай жоқ. Бауырды тазалау, түрлі шөптен жасалған қоспалар, биологиялық белсенді қоспа ішу сияқты процедуралар аллергияның себебін толық тоқтата алмайды. Кей жағдайда олар аллергиясы бар адамдарға зиянды және қауіпті болуы мүмкін. Аллергия кезінде оның себебін анықтап, аллергия тудыратын заттан алшақ болу шынымен көмектеседі. Аллергия – бауырдың ластануы емес, бұл организмнің қоршаған ортаны өзіне қарсы бір нәрсе ретінде қабылдап бұзылуы, соның салдарынан аллергияның әртүрлі белгісі шығады.
Ағзаны тазалаудың немесе паразиттерге қарсы терапия жасаудың қажеті жоқ, кейде науқастар соған барып жатады. Аллергияға паразиттер себеп деу – тағы бір миф.Аллергия паразиттерден болмайды, бірақ ағзада паразитар инфекция болса, науқастың реакциясын күшейтуі мүмкін. Дегенмен паразиттердің өзі аллергия реакциясының дамуына ешқандай әсер ете алмайды.
Әлеуметтік желілерде саңырауқұлақ спорасына қатысты да көптеген пікір бар, ол қаншалықты қауіпті?
Үйде ауа ылғал болса, көбіне көгеру басталады. Кейбір науқаста содан аллергия реакциясы болады, ауа қатты ылғал болса, олардың жағдайы нашарлайды, мысалы, жаңбырдан кейін немесе жертөледе. Сол кезде аллергия белгілері мазалай бастайды, мысалы, мұрны бітеліп, су ағады. Аллергия реакциясына көбіне Alternaria және Aspergillus саңырауқұлақ споралары себеп болады.
Күн райы аллергияға қаншалықты әсер етеді?
Өсімдіктердің гүлдеуіне байланысты маусым сайынғы тозаң аллергиясын алсақ, ыстық және құрғақ күнде мұндай науқастарда аллергия белгілері күшейеді. Ал жаңбырлы кезде шаң мен тозаң жерге түсіп, аллергия белгілері азаяды, сол себепті маусымдық аллергиясы бар науқастар жаңбырлы күні өзін әлдеқайда жақсы сезінеді.
Қоқыс полигонында қатты өрт болды. Ол да адамдардың жағдайын нашарлатуы мүмкін бе?
Онда зиянды заттар көп мөлшерде бөлінгенін ескерсек, бұл заттар тыныс алу жолдарына әсер етеді, сондықтан аллергиясы бар адамдардың жағдайы біршама нашарлады. Сол себептен кейінгі 3-4 күнде дәрігерге қаралған науқастар көбейді, адамдарда аллергия реакциясының күшейгені байқала бастады.