Добавить новость
smi24.net
Vlast.kz
Октябрь
2025
1 2 3 4
5
6 7 8 9 10
11
12 13 14 15 16 17 18 19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
31

«Демократиялық елдерден көмек алу мүмкіндігі жоққа тән»

0

Read this article in English.

Читайте этот материал на русском.

Алматыдағы кофеханалардың бірінде отырмыз. Адам аз, күн бұлыңғыр, қара суық байқалады. Ақылбек Мұратбай Telegram чатқа жылдам дыбыстық хабарлама жіберді де, жымиып күлді.

«Жұрт қорқып қалғаны сонша, мен екеніме сенбей, дыбыстық хабарлама жіберуді сұрайды», — деді ол.

Кейінгі он жылда Мұратбай Қазақстандағы қарақалпақтардың азаматтық және еңбек құқығын қорғаумен айналысады. 2022 жылдың шілдесіндегі Қарақалпақстандағы қанды қақтығыстан кейін Мұратбай мен тағы бірнеше белсенді Өзбекстан билігінің қырына ілікті. Құқық қорғаушы Ташкенттің сұрауымен қамауға алынып, бір жыл Алматының тергеу изоляторында отырды. Өзбекстанға барса саяси қуғын-сүргін мен азаптауға ұшырайтындықтан, осы уақытта Қазақстаннан саяси баспана сұрап өтініш жазды.

Биылғы тамыз айында соңғы инстанция — Қазақстанның Жоғарғы соты Мұратбайға саяси баспана беруден бас тартты. Құқық қорғаушы Батыс елдеріне шыққанымен, әзірге ол жақтан да ешқандай қолдау болып отырған жоқ. Қазір ол кез келген сәтте депортация жасауы мүмкін екенін ойлап, әрі-сәрі күйде жүр, ал депортация деген, өз сөзімен айтсақ, «өліммен пара-пар».

«Власть» Мұратбаймен саяси баспана іздеу процесі, құқық қорғау ісі және Қарақалпақстан туралы сөйлесті.

«Батыстағы демократиялық елдердің ұстанымы Қазақстанның сот жүйесінен алыс кеткен жоқ»

Ең соңғы оқиғалардан бастайықшы. Төменгі инстанциялардың шешімін қайталап, Кассация соты сізге саяси баспана беруден бас тартты. Мұны қалай түсіндірді?

Астанадағы сотқа баратын ойым болған жоқ, себебі оның бәрі ақшаның соры. Бас тартатыны айдан анық еді. Бірақ маған Батыс елдерінің елшіліктерінен хабарласып, тыңдауға қатысып, қолдау білдіргіміз келеді деді. Сол үшін келістім.

Судьялар өзін таныстырды, құқықтарымды түсіндірді, содан кейін 20 минут бойы мен сөйледім. Бірнеше күн бойы дайындалып, кез келген жағдайға жауап беруге дайын болдым. Адвокат Дәулетмұрат Тәжімұратовтың (Өзбекстанда саяси қудалауға ұшыраған, Қарақалпақстандағы шілде қақтығысынан кейін 16 жылға сотталған азамат — В.) соттағы сөзіне сүйеніп, нақты мысалдар келтірдім. Халықаралық ұйымдардың, БҰҰ Адам құқығы жөніндегі Жоғарғы комиссары кеңсесінің мәлімдемесін, азаптау, әділетсіз сот пен Өзбекстан түрмесіндегі өлім жағдайлары туралы айттым. Өзбекстан түрмесіне түскеннен кейін қайтыс болған Полат Шамшетов, Мұстафа Тұрсынбаев сияқты азаматтардың аты-жөнін келтірдім. Тәжімұратов пен Жұмасапар Дәдебаевтың азаптауға ұшырағанын айттым.

Шартты түрдегі сот емес, шынайы сот болса екен деп сұрадым. Алайда судьялар сұрақ та қойған жоқ. Кеңесу бөлмесіне кетті де, 20 минуттан кейін қайтып оралды. Алдыңғы инстанциялардың шешімін күшінде қалдырып, саяси баспана беруден бас тартты. Қамауға алу, азаптау, әділетсіз сот және тағы басқа қауіпті көрмегенін айтты.

Осылай боларын басынан білдіңіз бе?

Білдім. Қазақстан ресми баспана бере алмайтынын түсінемін, бірақ ортада басқа да жол бар еді — Жоғарғы сот баспана беруден бас тарту жеткілікті деңгейде дәлелденген жоқ деп санап, істі еңбек және көші-қон басқармасына қайтаруына болатын еді. Қайта қарастыруды ұсына алар еді. Сонда процесс қайтадан басталар еді. Демек, босқын мәртебесін алмасаң да, жыл сайын баспана іздеп жүрген адам ретінде мәртебеңді растап тұру керек болатын. Бұл да бір жолы еді.

Ал соттан кейін заң бойынша сіздің қазіргі мәртебеңіз қандай?

Заң бойынша ешқандай мәртебем жоқ. Сот өткен күннен бастап баспана іздеуші адам деген мәртебем күшін жойды. Қазір мен қорғауда емеспін. 

Кез келген сәтте мені экстрадиция жасауы мүмкін. 

Не істемек ойыңыз бар?

Күтіп отырмын. Қамауға алардың алдында АҚШ консулдығының өкілімен бес рет кездестім. Бастапқыда бәрі де Құрама Штаттар көмектесе алмайтынын, ешқандай баспана ұсынбайтынын айтты. Тек қана еуропалық серіктестерінен маған көмек көрсетуді сұрай алатынын айтты.

Қамауға алынардан бір айдай уақыт бұрын БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Орталық Азиядағы кеңсесінің қолдауымен маған саяси баспана ұсынатын болды. Кімдерге баспана берілуі керегін, кімдер қамауға алынуы мүмкін екенін қысқаша баяндап, негіздеп беретін байланыс орнатушы тұлға болдым. 

Өткен жылдың 15 ақпанында, шамамен кешкі 18:00 кезінде АҚШ елшілігіне ақпарат жібердім, ал 22:00-де мені қамауға алды. Тергеу изоляторында отырған кезімде қамаудан босап шыға салысымен АҚШ-қа алып кететініне уәде беріп, тізімге енгенімді айтты. Уақытша тергеу изоляторында отырғанда Құрама Штаттардың өкілдерімен әңгімелесуден өттім. Медициналық тексеруден өту ғана қалды. Тіпті медициналық тексеруден тергеу изоляторында өте беруді жоспарлаған еді, бірақ бұған келісе алмады.

«Жарайды, ештеңе етпес, ұсақ-түйек шаруа ғой. Шыққаннан кейін медициналық тексеруден өте саласың, содан кейін дайын боласың» деді.

Қамаудан шығуыма екі апта қалғанда әйеліме елшіліктен хабарласып, Трамп тиісті құжаттарға қол қоюына орай менің жағдайым біраз уақытқа тоқтағанын хабарлайды. Басқа бір елді іздеуге кеңес береді. Айналып келгенде, бір жыл бойы америкалықтарға сеніп қалып тұрмын.

Мені қабылдай алатын басқа Батыс елдерін іздей бастадық. 

АҚШ-тан кейін Франция бас тартты. Жазбаша емес, ауызша болды. 

Олар Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Францияға бара жатқанын және уран кен орындары туралы келісімге қол қоятынын жеткізді. Мұндай ірі келісімнің алдында қарақалпақтар тақырыбын көтере алмайтынын, бұл Өзбекстанмен қарым-қатынасқа сызат түсіретінін және келісімге қол қойылмай қалуы мүмкін екенін жеткізді.

Бас тартқаны жөнінде ресми хабарламайтынын, себебі ақпарат құралдарының қолына түссе, артық әңгіме болатынын айтты. Бұған Трамп басқа жолға түсіп, Франция президенті Эммануэль Макрон демократиялық әлемнің көшбасшысы болуға талпынып жүргенін қосыңыз. Бұл бас тарту емес дей отырып, өтінім берген жағдайда да бюрократия процедурасымен процесті созатынын жеткізді.  

Демек, адам құқығынан гөрі экономика маңызды болып тұр. 

Әрі қарай басқа елдерді іздей бастадық. Осы жағдайда, мені қабылдаудан бас тартқанына қарамастан, басқа елдерден баспана сұраған уақытта кепілдік беретінін айтқан АҚШ-қа алғысым шексіз. Мен олардың ішкі тексеруінен өттім, негіздемем бар. Жангелді Жақсымбетов, Раиса Худайбергенова, Зиуар Мирманбетова бастаған төрт қарақалпақ белсендісінің отбасын алып кеткені үшін Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясы мен Америка үкіметіне айрықша алғыс айтамын [олар туралы мына жерден оқи аласыз]. Бұл бәрімізге күтпеген сый болды! 

Фото кейіпкерлердің жеке мұрағатынан алынды

Шілденің соңына дейін белсенді іздеумен болдым. Мұнымен Жоғарғы комиссардың кеңсесі айналысты, себебі кез келген елшілік солар арқылы байланысқа шығуды сұрайды. Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюро өлшеусіз жұмыс істеді және әлі де істеп жатыр, Денис Дживагаға, Гүлмира Қуатбековаға және тұтас Бюро командасына ерекше алғыс айтамын.

Шілденің соңында хат жаза бастадым. Сәл әріден бастасам, 2022 жылдың шілде айында Қарақалпақстандағы қақтығысты аяусыз басып-жаншығаннан кейін 4200 адресатқа хат жаздым, көшірмесін жіберген жоқпын, әрқайсына жеке жаздым. Бұл әзіл де, әсірелеу де емес. Екі апта тапжылмай компьютерде отырдым. АҚШ сенаторларына, Ұлыбритания парламентіне, Франция Ассамблеясы мен Сенатына, Германия бундестагына, Польша сейміне, Швеция мен Словенияның парламентіне жаздым. 2022 жылдың ортасынан бастап 2024 жылдың ақпан айында қамауға алынғаныма дейін олардың бәрі де жарты жылда бір рет Қарақалпақстандағы және шет елдердегі этникалық қарақалпақтарға қарсы қуғын-сүргін туралы соңғы ақпаратты алып отырды.

Сол кезде бәрінен де Еуропарламент депутаттары белсенді жауап берді. Орталық Азияға жауапты қызметкері этникалық қарақалпақтарды неліктен қамауға алып, қуғындап жатқанын сұрау үшін Брюссельдегі Өзбекстан мен Қазақстанның дипломаттарын екі рет шақырғанын жеткізді.

Бұл жолы, 2025 жылдың жазынан бастап Германия бундестагының 630 депутатына жаздым, себебі ол жерде мейлінше Орталық Азия мәселесімен айналысатын ғылыми-зерттеу орталықтары, институттар мен құқық қорғау ұйымдары шоғырланған. Содан белсенді қозғалыс болды. Маған барлық партиядан 75 депутат жауап берді. Жасылдар партиясы мен солшыл партиядан 6-7 депутат мәселемен белсене айналысты.

Олар сыртқы істер министрлігі мен Астанадағы Германия елшілігіне сұрау жіберіп, Мұратовқа неліктен баспана берілмей отырғанын сұрады. Германия заңы бойынша, ел аумағында отырып қана баспана сұрауға болады деп жауап берді. Айрықша жағдайларда ғана, мысалы, азаптау және әділетсіз сот қаупі болғанда баспана сұраушыны алып кете алады екен. Менің кейсімнен ондайды көрмеді. 

Ең қызығын айтайын ба? Тергеу изоляторында Ресейдің қуғынына ұшыраған азаматтармен отырдым. Олардың кейсін де білемін.

Міне, солардың көпшілігін Германия мен Франция алып шықты. Олар азаматтық белсенділікпен айналыспаған адамдар. Соғысты айыптаған комментарий жазып, жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жөнінде іс қозғаған. Қазақстанға қашып келген, мұнда қамауға алынған. Соларды Германияға алып кетті.

Мен осындай жағдайда баспана берілгенін айтып, хат жаздым. Оларды алып кетіп, қорғауға алғаны дұрыс болды. Олар жазықсыз түрмеде отырар еді не соғыста өлер еді. 

Екінші жағынан, мен 2013 жылдан бері диаспора өкілдерінің құқығын қорғаумен айналысамын. Қазақстанда тура мағынасында құлдықта жүрген адамдарды алып шықтым.

Жалақысын алуға, құжаттарын алып беруге, мұнда қайтыс болған қарақалпақтардың денесін Қарақалпақстанға жеткізуге көмектестім. Өзбекстан консулдығы мен азаматтар арасындағы делдал болдым. Мен адамдарға ақысыз көмек көрсеттім. Осыған орай 2014 жылдан бастап өзбек билігі ізіме түсті. Содан бері елге де бармаймын, себебі бірден назарға ілігемін.

Соған қарамастан, Германия билігінің ойынша, саяси баспана алу талабына сай келмейді екенмін. Менің жағдайымнан олар ешқандай қауіп көрмейді екен.

Қисын қайда қалды сонда?

Осыдан кейін неміс депутаттары парламентте сұрау дайындай бастады. Сұрауды жібергеніне бірнеше апта болды, әзірге жауап жоқ. Кейінірек БҰҰ Жоғарғы комиссарының Бішкектегі кеңсесімен сөйлестім. Менің жағдайым қиындап бара жатқандықтан, процеске белсене кірісіп жатқандарын айтты.

Сол жерде Женева кеңсесінің қызметкері болды. Екеуіміз сөйлестік, маған баспана беруі мүмкін белгілі бір елдерді қарастырып жатқандарын айтты. Германия депутаттары менің мәселеммен белсенді айналысып, күресіп жатқанын айтып бердім. Басқарма тарапынан да осы сұрауды қолдауды өтіндім. 

«Бундестаг тарапынан белсенді қозғалыс болып жатқанын білеміз, біз тағы бір рет сыртқы істер министрлігіне жүгіндік. Олар сізді қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартып отыр» деп жауап берді.

Мұның барлығын неге айтып отырмын? Еуропа елдері елшіліктерінің өкілдері шетінен Қазақстанның неліктен бас тартқанына таңғалады. Оған таңғалатын несі бар? Германияның сыртқы істер министрлігі Қазақстан сотының шешімін сөзбе-сөз қайталады.

Өзін демократия әлемінің көшбасшысы санайтын елдер осындай әрекетке барып жатса, басқа елдер солардың саясатына қарап бой түзейтіні белгілі. Бұның бәрі жалпы жағдайдың қаншалықты ушығып кеткенін көрсетеді. Тағы бір қызық жағдай болды: менің ісіммен айналысып жатқан депутаттар арасындағы хат-хабарға кездейсоқ кіріп кетіп, менің аңғалдығыма күле қарап отырғандарына куә болдым. 

Қысқаша айтқанда, Еуропадағы демократиялық елдердің ұстанымы осындай. Орталық Азияда не болып жатқанында ешкімнің ісі жоқ, бәріне бәрібір. 

Тәжікстанда жыл басынан бері алты азаматтық белсенді түрмеде көз жұмды. Демократиялық елдер тарапынан мұндай жағдайға қатысты ешқандай реакция болған жоқ. Бұл жаға ұстататын жағдай.

Орталық Азияда адамдар азаптауға ұшырап жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарына қысым жасау күшейе түсті, Қырғызстанда Kloop пен Азаттықтың жабылуы, Қазақстандағы «Азаттық» пен Orda.kz жағдайы осының айғағы. Бұлт үйіріліп келеді. Біздің елімізде қоғам мұны байқамайтын сияқты. Ал бірнеше жылдан кейін мұның зардабын тартамыз. Қысымның күшейе түсетіні соншалық, оның салдарын өзімен-өзі жүрген адамдар да көреді.

Мұны Қытай мен Ресей пайдаланады. «Демократиялық елдерге арқа сүйеп едіңдер, олар сендерді керек қылмады» деп айтады.

Биылғы 9 тамызда өзбекстандық төлқұжатымның жарамдылық мерзімі бітті. Соған сәйкес тұруға рұқсат мерзімі де аяқталды. Мен қазір құжаты жоқ адаммын. Тіпті болмаса турист ретінде әлдебір елге немесе құқық қорғау саласындағы қандай да бір конференцияға барып, сол жақтан баспана сұраймын ба деген үмітім болған, қазір оны да жасай алмаймын.

Өзбек билігі менің төлқұжатымды ауыстырып бермейтіні анық. Әлдебір ел мені қабылдауға дайын болып, ұшып баруыма бір реттік виза берсе ғана елден шыға аламын. Биліктің ресми ұстанымы болуы керек. Бір шүкірлік ететінім, қазір БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасы белсенді кірісіп жатыр.

Менің білуімше, сіз Орталық Азия аумағынан кетуді ешқашан ойлаған жоқсыз ғой?

Ташкентте тұрамын деп ойлаған едім. Өзім төрт жыл сонда оқыдым. Бәрі көңілімнен шығатын. Анамның ұлты қазақ, соған орай нағашыларымның бәрі Қазақстанда тұратын. Қазір экономикалық жағынан алда тұрған Қазақстандағы туыстарым мені осында үнемі шақыратын. Бірақ келуге ниетім болған жоқ, Ташкентте өзімді жайлы сезіндім.

Кейін бизнеске байланысты Қазақстанға келіп, осы жерде бірінші әйелімді кездестірдім де, қалып қойдым. Ташкенттен кеткенмен, Орталық Азиядан кеткім келмейді. Мен осы жерде өсіп-өркендеп, тұрған жерімді көркейтуді қалайтын едім.

Алғаш қамауға алынған кездерімде маған елден кетуді ұсынғандар болды. Маған төнетін қауіп арта беретінін айтты. Диаспора ішінде виза алу, билет әперу, бастапқыда өмір сүруге қажет ақша жинап беру сияқты көмек ұсынғандар болды. Бәрінен бас тарттым. Одан кейін халықаралық дәрежедегі құқық қорғаушылар алып кетуді ұсынды.

Сондай сәттің бәрінде не үшін кетуім керек дейтінмін. Заңсыз ештеңе істеп жатқан жоқпын деп ойладым. Егер елден кетсем, билік мұны маған және диаспораға қарсы пайдаланады, «қылмыстық әрекетін білген соң қашып кетті» дейді.

Біз кездері Ташкенттен кеткім келмеп еді. Одан кейін Қазақстаннан кеткім келмеді. Ал қазір мәжбүр болып отырмын. 

«Радикал жолды жақтаушылар күшейіп келеді»

Азаматтық белсенділердің ішінде Өзбекстан ізіне түскен, бірақ Қазақстанда қалып отырған басқа адамдар бар ма?

Расул Жұманиязовтың жағдайына алаңдаймын. Ол да қарақалпақ белсендісі, менен кейін көп ұзамай Астанада қамауға алынды. Бір айдың ішінде дәл мен сияқты оның да соты болады.

Мен әлеуметтік желіде белсендімін, журналистермен және құқық қорғаушылармен байланыстамын. Маған назар аударып отырғандар бар. Соның өзінде қабылдамай отыр. Ал Жұманиязовқа назар аударып жатқан тірі жан жоқ.

Бізде одан басқа да адамдар тобы бар.

Алғашқысы бірнеше рет экстрадиция жөніндегі сұрау жіберілгеннен кейін аңдысқан жау алыспай қоймасын түсінгендер. Олар қауіпсіздігі үшін басқа елдерге кетті. Мысалы, Польшадан баспана алуға тырысып жүр. Поляктардың ұстанымы да өте күрделі, көбінесе бас тартады. Қазір ол жақта да сот жүріп жатыр.

Екіншісі қарапайым адамдар, олар ешқандай да азаматтық белсенді емес, алайда әлеуметтік желіде Қарақалпақстан туралы пікір жазып, сондай пікірлерге лүпіл басқаны үшін әркім-әркімнің назарына іліккен. Оларға және туыстарына учаскелік полицейден бастап, арнайы қызмет өкілдеріне дейін келген.

Үшінші топ тіптен үлкен, оларға қатысты ешқандай қылмыстық іс те, экстрадиция жасау жөніндегі сұрау да жоқ, Қарақалпақстандағы туыстарын мазалау да болмаған. Дегенмен, қақтығыс кезінде олар да уайымдап, топтарда түрлі пікір қалдырған. Сондықтан да елге оралуға жүрексінеді. Қазақстанда 2022 жылдан бері Қарақалпақстанға бармаған этникалық қарақалпақ көп.

Себебі ешқандай сұрау немесе қысым болмаса да, елге оралған сәтте полиция басқармасына шақырып, әңгіме-дүкен өткізіп, төлқұжаттарын тартып алып, елден шыға алмайтындай жасаған жағдайлар бар. Бұл да қорқынышты, себебі біреуінің отбасы Қазақстанда болуы мүмкін, енді бірі отбасын асырау үшін жұмысқа келіп жүрген болуы ықтимал. Ал Қарақалпақстанда жұмыс жоқ. 

Ақылбек Мұратбайдың жеке мұрағатынан 

Енді Қарақалпақстандағы ішкі жағдайға тоқталсақ. Шілде қақтығысынан кейін елде азаматтық қоғам түбірімен құрыды деуге бола ма? Әлде мен қателесемін бе?

Айна-қатесіз солай. Әзімбай Атаниязов деген құқық қорғаушы бар. Ұлты өзбек, шілде қақтығысынан кейін өзбек билігі оны Қарақалпақстанның құқық қорғаушысы ретінде ұсынбақ болған. Оның ұстанымы өзбекке жақын. Тіпті соның өзі сұхбатында Қарақалпақстанда блогерлік сала біржола құрыды, өлді деп айтты. Құқық қорғау немесе азаматтық сала емес, жай ғана блогерліктің өзі жоқ.

Қарапайым тұрмыстық мәселелерді көтеретін блогерлер бар еді. Мәселен, жалғызбасты қарияның құбыры жарылса, сондай мәселені көтеретін. Солардың өзін тып-типыл етті. Бір жағынан қорқыныш болса, екінші жағынан мұндай мәселе көтере алатындар не үйқамақта, не түрмеде, не ендігі қайтыс болған.

Ал Шавкат Мирзиеев қызы, ізбасары деп жүрген Саиданы Қарақалпақстан мәселесіне жауапты етіп қойды ғой?

Иә, қызын ізбасарлыққа дайындап жатқаны анық. Менің пікірімді білгіңіз келсе, оны Өзбекстан қоғамы қабылдамайды. Бұл ел біртекті емес. Ферғана жазығы Самарқанға мүлдем ұқсамайды. Қарақалпақстан мүлдем бөлек. Олар билікті қолда ұстап қалу үшін Саиданы бірнеше жылға президент етіп сайлауы да мүмкін. Бірақ кландар оны қолдамайды, соның ішінде әйел болғаны үшін қолдамайды. Өкінішке қарай, Өзбекстанда гендер теңдігі деген өте күрделі мәселе, ол түбінде елдің ішкі саясатына да әсерін тигізбей қоймайды. Содан барып ішкі қақтығыстар туады.

Бұл жерде маңызды мәселе не десеңіз, Өзбекстанның ресми билігі қарақалпақтар өзін-өзі басқарып отыр дейді. Парламенті бар, әнұраны бар, басшысы қарақалпақ дейді. Олай болса, Саида Мирзиееваны неменеге тағайындап жатыр деген сұрақ туады. Жергілікті басшы Аманбай Орынбаев бар емес пе? Оның үстінен қарайтын біреу неменеге керек? Екіншіден, Қарақалпақстан үкіметінің төрағасы Фарход Эрманов бар. Ол Шавкат Мирзиеевпен бір курста оқыған. Ташкенттің қойған адамы. Біртіндеп басшылық қызметтерге басқа облыстардан этникалық өзбектерді алып келіп жатыр.

Қоғам үнсіз отырғанымен, мұның бәрі оларға жақпайды. Пікір жазып, лүпіл басқаны үшін қысым жасап жатқаны өз алдына. Мұндай әрекет үшін айыппұл салады немесе 15 тәулікке қамайды.

Мұның соңы қайда апарып соғады? Блогерлер жоқ, азаматтық қоғамды құртты, іштегі парды сыртқа шығаратын ешқандай тетік жоқ. Демек, бәрі қордалана түседі. 

Шавкат Мирзиёев Қарақалпақстан астанасы Нүкісте, фото Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі 

Елде екі процесс қатар жүріп жатыр. Қақтығыстан кейін ұлттық сана қатты күшейді, ал екінші жағынан қысымға бола жағдай қиындады. Қоғамда радикалдану жүріп жатыр, түсінесіз бе?

Мен қай кезде де бейбіт жолмен шешуді қолдайтынмын. Дәулетмұрат Тәжімұратов та дәл сондай еді (оны 2022 жылғы шілде қақтығысы көшбасшыларының бірі деп санайды — В.). Шын мәнінде Тәжімұратов халықтың тарауын сұрағаны дұрыс болмады дейтіндердің қатары көбейіп келе жатыр. Ешқайда тарамай тұру керек еді, жүздеген мың адам жиналып, Мирзиеевтің келуін талап етіп, Қарақалпақстанның мәртебесі туралы келіссөзді дәл сол жерде бастау керек еді дейтіндер бар.

«Аңғал болма, ешкім сені тыңдамайды. Сендер бейбіт шешейік дейсіңдер, одан еш нәтиже жоқ. Бәрібір адам өліп жатыр» дейді маған да. Радикалдардың сөзі күшейіп келеді. Оларды жақтаушылар да көп.

Тағы бір жайтты айтсам деймін. Ниетбай Оразбаев Қазақстанның азаматы еді. Қазақстан өз азаматымызды қорғаймыз деді. Алайда наразылық шарасынан кейін, 2023 жылы Өзбекстан прокуратурасынан бір жапырақ қағаз келіп түсті де, Оразбаевтың азаматтығын тартып ала салды.

Наурызбай Меңлібаев 2013 жылдан Қазақстан азаматы. Қарақалпақстанға барған және оны желтөледе азаптаған. Өзбектің арнайы қызметі Қазақстанның азаматын азаптаған. Қарындасы елшілікке ресми шағым түсіргенге дейін ешкім ештеңе істемей отырды. 

Сонда Қазақстан азаматтарын осылай қорғай ма? Мен мұны сотта да айттым. 

Қарақалпақстандағы протест, фото Makan.uz

«Билікпен күрестен гөрі, отбасындағы кикілжің жеп қояды»

Басыңыздан өткен жағдайлардан кейін ішкі күйіңіз қандай?

Қиындыққа толы екі жыл өтті. Изоляторда отырудың өзі ауыр, ал одан кейінгі жағдайлар тіптен қиын. Отбасым қажыды. Ең жақын адамдарыммен тіл табысуым қиындады. Алыс туыстарым баяғыдан-ақ араласпай кеткен, себебі шаршады. Мен қамауға алынғанға дейін-ақ қауіп-қатер көп болды, қамау, ішкі істер және қауіпсіздік қызметкерлерінің келгіштеуі кәдімгідей қысым.

Ата-анам менің қызметіме үзілді-кесілді қарсы. Оларды да түсінемін. Сотталғаннан кейін ендігі жұмсаратын шығар деп ойлағанмын. Болды ғой енді, бұдан әрі не болуы мүмкін дедім. Ендігісі өлім мен Өзбекстан. Өзбекстан дегеннің өзі өліммен пара-пар. Ол жаққа барсам, өмір бойы түрмеде отыратын шығармын.

Әпке-қарындастарым мен жұбайым түсінеді және қолдайды, оларға алғысым шексіз. Ал жалпы, бұрыннан менің азаматтық белсенділігіме қарсы туыстарым бір жыл отырып шыққаннан кейін қарсылығын үдете түсті, бейтарап қараған немесе қолдау білдіргендер әлі де арқасүйерім болып келе жатыр. Қарақалпақ диаспорасы зор қолдау көрсетті және көрсетіп те келе жатыр, оның ішінде Қазақстандағы қауымдастық қана емес, әр елдегі қарақалпақтар бар. Басым ауған жаққа кетіп қалуым мүмкін. Кетемін бе, жоқ па, ол да белгісіз. Қазақстанда тұратын әке-шешеме келе аламын ба? Ұлым да кішкентай. Мұның бәрі кәдімгідей ауыр. 

Тамыз айында конференцияға баруыма немесе туристік визамен кетуіме болар еді. Сол жақта босқын мәртебесін алу процесін бастауға болар еді. Алайда қазір Еуропада мигранттарға қарсы көңіл-күй өршіп тұрғанда, бұл да оңай емес. Іштей олай болғанын қаламайтынымды сезіп тұрдым. Өйткені Қошқарбайдың (Төремұратов, Қазақстанда тұрып, өзбек билігінің қысымы салдарынан Польшаға қоныс аударған азаматтық белсенді — В.) солай конференцияға кеткеніне куә болдым. Ол қатты қиналды.

Бұл әлсіздік пе, білмеймін. Бір құқық қорғаушы былай деді: «Ақыл, саған кетудің керегі жоқ. Қазірдің өзінде моральдық тұрғыда шаршадың. Тағы бір жарым, екі жыл соттасасың, сені қабылдауға тиіс, әйтпесе босқа күйіп кетесің».

Екінші жағынан, қазір өзімді тығырыққа тірелген жандай сезінемін. Жағдай қиындаған сайын ынталанып отырмын. Жоғалтатын дымым қалған жоқ, қорғаныс пен шабуылды бұрынғыдан да үдетуім керек. 

Құқық қорғаумен айналысамын деген жандарға арнап тарихтың осы кезеңінде бір сөз айтқым келеді. Олар жалғыз екенін түсінуі керек. Батыстағы демократиялық елдерден қолдау жоқ. Ал сізге қарсы қысым күшейе түссе, демократиялық елдерден көмек алу мүмкіндігі тіптен жоққа тән. Осыны түсінген жөн. Мүмкіндік болса, асықпаған дұрыс. 

Дегенмен, бұрын да айтқанмын, мені экстрадиция жасап, қамауға алса да, орнымды басатын тағы бірнеше адам табылады. Дәл қазір Өзбекстан билігінің істеп отырған әрекеті тек қана радикал жолға алып келеді және жағдайды қиындата түседі. 















Музыкальные новости






















СМИ24.net — правдивые новости, непрерывно 24/7 на русском языке с ежеминутным обновлением *