Алатау: интернеті мен жолы жоқ цифрлық қала
Read this article in English.
Читайте этот материал на русском.
Қыркүйектің аяғында жаңадан құрылған Алатау қаласы «озық даму аймағы» деген тағы бір жаңа мәртебе алды. Болашақта мұнда жасанды интеллектіні жаппай енгізу, криптовалютамен төлем жасау және әуедегі такси қызметін іске қосу жоспарланып отыр. Қала тұрғындары әзірге оң өзгеріс байқай қоймаған. Көбі қағазбастылық туралы айтты, коммуналдық мәселелер бұрынғыдан да нашарлай түсті дегендер бар, әйтсе де, болашақтан үміт күтетіндер де жоқ емес.
«Власть» Алатаудың бүгінгі жағдайы мен тұрғындарды толғандыратын мәселелер туралы баяндайды.
«Не газ, не су, не жарық жоқ»Алатау Алматы қаласындағы Жетісу ауданының оңтүстік шекарасынан басталады. Жол бойында жаңа қалаға кіріп келе жатқаныңызды білдіретін белгі жоқтың қасы. Бірақ жолда Алатау қаласының ықшамауданына айналған елді мекен атаулары жазылған тақтайшалар кездеседі. Олардың саны — 12, ал жаңа қаланың ресми аумағы — 88 мың гектар.
Жол бойында әр жерде Қонаев қаласындағы казиноны жарнамалаған баннерлер көзге түседі, екі қапталда жеміс-жидек пен қауын-қарбыз сатушылардың шатырлары тізіліп тұр. Бір сәтте бос жатқан жердің арасынан Gate City-дің түрлі-түсті көпқабатты үйлері көрінеді, одан кейін көлік терезесінен қайтадан егістік, бірен-саран жер үй мен аласа ағаштар байқалады.
Бір сағатта Алматыдан Жетігенге жеттік. 2024 жылдың қаңтар айында осы жерден Алатау қаласы құрылып, кейін оған біртіндеп басқа аумақтарды қосты.
Жетіген әзірге қалаға ұқсамайды. Жер үйлер мен жапырақтары әлі сарғая қоймаған ағаштар арасынан жаңа салынған мемлекеттік мекемелердің ғимараттары көзге түседі. Қалалық соттың сұр түсті жаңа ғимараты мен жанындағы ескі, түрлі түске боялған балабақша бір-біріне қарама-қайшы кейіпте. Жолда көлік аз болса да, бағандағы жаңа камералар бәрін бақылап тұр.
Жұмыс күні Жетігенде тіршілік қыз-қыз қайнайды, әр жерде сауда жүріп жатыр, әр бұрышта «Оптовка» деген үлкен жазуы бар шағын дүкендер көзге түсті. Маңдайшадағы жазуларға қарасақ, кейбір тұрғын үйінің ауласында нотариус қызмет көрсетсе, енді бірі металл қалдықтарын қабылдайды. Әйтсе де, көшеге шатыр тігіп, қауын-қарбыз сатып жатқандар көбірек кездесті.
Жолай кезіккен әжейден екі жылға жуық уақытта жаңа мәртебе алған қалада қандай өзгеріс бар деп сұрап едік: «Қисық-қыңыр, қай жерден қала көріп тұрсыңдар?» — деп жауап қатты. Тағы бір тұрғынның айтуынша, әкімдік ауысып, жаңа ғимараттар салына бастаған.
«Әзірге осыдан басқа ештеңе байқамадым. Құжаттарға қатысты көп нәрсені енді осы жерде-ақ істеуге болады, аудан орталығына барудың қажеті жоқ. Ал қалаға келсек, қызмет түрлері мен жарықтың бағасы қымбаттап кетті. Бұл бізге ұнамайды», — дейді кейіпкеріміз.
Көлеңкеде қауын-қарбыз сатып отырған 70 жастағы Құрбан деген кісінің жанына тоқтадық, қасында кішкентай немересі Мадонна бар. Қауын-қарбызды қала маңынан жалға алған алқапта отбасымен өсіреді екен.
Құрбан Өзбекстанда туған, 1944 жылы әжесін Кавказдан сол жаққа жер аударыпты, кейін отбасы Қазақстанға көшіп келген.
«Совет заманында мұнда геология институты болған. Кейін одақ тарап, институт жабылды, ғимараты орталық алаңда әлі тұр. Мұнда бұрын жақсы жатақханалар, қонақүйлер болған. Қазір оның бәрі жекеменшікке өтіп кетті», — дейді ол.
Құрбан жас кезінде осы жердегі зауытта жұмыс істепті. «Бұрын зауыт көп еді. Қалыпқа сыймайтын жабдықтар шығаратын зауыт үш ауысыммен жұмыс істейтін, 1972 жылы сол жерде жұмыс істедім. Ол уақытта зауыт әскери мақсаттағы мұнаралар мен көпірлер шығаратын», — дейді.
Кейінгі жылдары зауытты жер учаскесімен бірге бірнеше рет сатуға тырысқан, қазір оны жеке компания жалға алып отыр.
Құрбанның сөзіне қарағанда, жұрт Жетігендегі ауруханада УЗИ-ге түсіп, хирургтің қабылдауына кіре алады, сондай-ақ балалар ауруханасы да бар. Ал науқастың жағдайы ауыр болса, жедел жәрдемге салып, 40 шақырым жердегі Өтеген батыр ауылына жібереді.
«Бізде үлкен, жақсы теміржол вокзалы бар. Ал әуежайды екі жылдан кейін салады деп отыр, бұрын ол жерде әскери қызметкерлер болған, енді оны алып, азаматтық авиацияға берді», — дейді ол.
Қарбыз сатушыдан қаланың болашағы туралы сұрап едік, сәл ойланып қалды.
«Қала салынады деп жатыр… Сенгім келеді, бірақ ұзаққа созылатын сияқты. Бәлкім, 50, 30 не 40 жылдан кейін болар, білмеймін. Ал менің кезімде Николаевка (Жетігеннің бұрынғы атауы — В.) салынған еді. Біз мұнда көшіп келгенде бар болғаны үш көше болатын, міне осы, Ленин және Мир көшелері. Болашақта жақсы болатын шығар. (Немерем) өскен кезде оған жақсырақ болар», — дейді ол немересін нұсқап.
Біз сапарымызды жалғастырдық, көрші дүңгіршекте қарбыз, көк-сөк сатып отырған әйел кісі күліп: «Не газ, не су, не жарық жоқ! Міне, сендерге Алатау қаласы!» — деді.
Қағаз бетіндегі цифрландыруМешіттен сәл әрірек халыққа қызмет көрсету орталығы орналасқан. Бір қабатты ғимараттың жанында бірнеше темір вагон тұр. Кішігірім кезек байқалды, мұнда жұртқа электронды үкімет порталындағы мемлекеттік қызметтер бойынша көмек көрсетеді екен. Вагондардың жанында тұрған көліктердің бірінен Жанатты кездестірдік. Алатау қаласының жаңа ықшамауданына айналған көрші Дәулет ауылынан ХҚКО-ға келіпті. Бұған дейін Дәулет Талғар ауданына қараған, сол себепті құжат мәселесімен аудан орталығына бару қиынырақ болған. Жанат бұдан басқа оң өзгеріс байқамапты.
«Біз үшеуіміз де мектепте мұғалімбіз, — деді ол жанындағы екі ер адамды көрсетіп. — Әзірге қала мәртебесі бізге мүлде ыңғайсыз. Бәрі әр жерде орналасқан: әкімдік — Қоянқұста, білім бөлімі — Ынтымақ ауылында, ол жақта әзірге жеке ғимарат жоқ, уақытша мектеп ішінде отыр».
Жанаттың айтуынша, жаңа салынған халыққа қызмет көрсету орталығынан құжат алу көп уақыт алады.
«Кілең жас мамандар, біз мұнда құжаттарды әлі күтіп отырмыз. Әзірге ресми құжаттардың формасы жоқ, бәрі бір-біріне сілтейді. Қазір үкіметте қағазсыз істейміз, бәрі цифрланды деп жатыр, бірақ бұл тек сөз жүзінде қалды», — дейді ол.
Жанаттың сөзінше, оның тұрып жатқан ауылы Алатау құрамына қосылғаннан кейін мұғалімдерге ауылда жұмыс істегені үшін беретін қосымша ақы тоқтаған:
«Қала деңгейінде бізге ешқандай қолдау жоқ. Жалақымызды 25 пайызға қысқартты, бұл — шамамен 100 мың теңге. Былтыр тамызда осыған байланысты мұнда мұғалімдер ереуілге шыққан, кейін бізге қосымша ақыны үш жылға қалдырды».
Жанат
Жанаттың айтуынша, Дәулет ауылында шешімін таппаған мәселе көп: газ тартылғанымен, іс жүзінде әлі жоқ, ал жарық жиі өшеді, тұрғындар ол үшін жеке компанияға мемлекеттік тарифтен екі есе жоғары бағада төлеп отыр.
«Жер бойынша да, су бойынша да проблема бар, бізге орталықтан су келмейді, суды құдықтан аламыз», — дейді Жанат.
Айтуына қарағанда, ауыл Алатау құрамына қосылған соң тұрғындар құжаттардың бәрін өзі жаңартуы қажет.
«Негізі деректер базасында бәрін жаңартуы керек еді. Бірақ ештеңе өзгерген жоқ, бәріміз сабылып, құжат жаңартып жүрміз. Ауданда әкімдік жұмыс істемейді, сол үшін осында келеміз. Олар осы жаққа жібереді, бұл жердегілер оларға жібереді, ортақ база ашылмайды», — дейді ол.
Жетігенде тұратын 21 жастағы Сәлима да ауыл атауы мен мекен-жайы өзгерген соң, қиындықтарға тап болған.
«2024 жылы бізге қала мәртебесін берді, бірақ шын мәнінде әлі күнге дейін бәрі шатасып жүр, — дейді бойжеткен. — Жұмысқа орналасқан кезде тұрғылықты мекен-жайымды көрсету керек болды, шынымды айтсам, мен әлі күнге дейін қайда тұратынымды айтқанда қиналамын».
Бойжеткен Жетіген ауылы жаңадан құрылған Алатау қаласының ықшамауданына айналғанын таныстарынан білген. Оның сөзінше, тұрғындарға бұл туралы ешқандай ресми хабарламаған немесе түсіндірмеген.
Сәлима Жетігеннің мәртебесі өзгергеннен айтарлықтай үлкен өзгеріс көрмегенін айтты.
«Қала мәртебесін алған осы уақыт аралығында тек атауы ғана өзгерді. Айтарлықтай маңызды өзгеріс көрген жоқпын, дегенмен бәрін бақылап тұратын «Сергек» камераларын бірден қойды. Ал қалғаны өзгерген жоқ. Жолдар әлі де нашар, қоқыс шығару да баяғы қалпынша».
Сәлиманың айтуынша, Жетіген ауруханасы тозып кеткен, сондықтан тұрғындар жеке клиникаларға немесе Өтеген батыр кентіне барады.
«Өтеген батырдың қала мәртебесі жоқ, бірақ қандай да бір қызмет алғың келсе, сол жаққа баруың керек. Бұл да үлкен қиындық, меніңше, тым құрығанда қалада жұртқа осындай негізгі қызметтер көрсетілуге тиіс», — дейді бойжеткен.
Сәлиманың сөзінше, Жетігенде күн бұзылса, бірден жарық пен суды өшіреді, интернет те өте нашар.
Сәлиманың анасы күн сайын Жетігеннен Алматыға, ал бауыры Өтеген батыр кентіне жұмысқа барады. Оның айтуынша, тұрғындардың көбі Алматыға, Қонаевқа немесе басқа елді мекендерге қатынайды.
«Менің құрбым ауыл квотасымен грантта оқыған, үш жыл ауылда жұмыс істеп өтеуге тиіс еді, — дейді бойжеткен. — Мектептен, балабақшадан жұмыс іздеп, еш жерден таппады. Көрші елді мекендерге барып жұмыс істеу ғана қалды, бірақ ол жаққа жету өте қиын».
Сәлима қазір Алматыда тұрады, сонда жұмыс істейді, бірақ бұрын күн сайын қаладағы оқуына Жетігеннен қатынаған. Сабаққа барар жолда Әли елді мекені маңындағы қоқыс алаңының жанынан өтетін. Биыл қыркүйекте өрт шығып, бір апта бойы сөндірген, Алатауда жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланған жер.
«Ол жақтан үнемі жағымсыз иіс шығады, құстар ұшып жүреді, әр жерде қоқыс жатады. Өрт шықпаса да, басқа нәрсе болмаса да, шын мәнінде оның экологиялық апат екенін түсініп тұрмыз», — дейді Сәлима. Бойжеткеннің айтуынша, облыс тұрғындары қоқыс алаңында ара-тұра өрт шығатынына үйреніп кеткен.
Сәлима болашақтағы Алатау қаласының макетін көрген екен: «Жақсы нәрсеге сенгім келеді, өйткені Жетігеннің шет жағындағы кей жерде әлі күнге дейін су, интернет, жол жоқ, осындай қарапайым игілік әлі келмеген».
Үміт болса да, ауқымды жоспар нақты қалай жүзеге асатыны белгісіз болғандықтан, жұрттың көбі алаңдап та отыр.
«Қазір сол жерде тұрып жатқан және сонда өсіп-өнген адамдарды қайда көшіреді? Үйлерді не істейді? Бұза ма? Жұртты кейін қайда апарады?» — деп сұрақ қойды Сәлима.Қаладағы мәселелердің шешімі туралы сұрау үшін Алатау әкімдігіне бардық. Бірақ ол жерде бірнеше басқарма ғана бар екен, ал қала әкімі басқа әкімдікте — Қоянқұс елді мекенінде отыр.
Cол жаққа барып, ғимараты қазіргі заманғы қоймаға ұқсайтын әкімдікті бірден таптық. Бірақ әкіммен сұхбатқа келісе алмадық.
Алматыға бара жатып Gate City тұрғын үй кешеніне тоқтадық. Тұрғын үй кешенінде бірнеше аула бар, бәрін тормен қоршап қойған, ішіне жайдан-жай кіре алмайсың.
32 жастағы Дастан үй ішімен екі жылдан бері осында тұрып жатыр. Айтуына қарағанда, ауданда әлі балабақша жоқ, сол себепті кішкентай қызын Алматыдағы балабақшаға апарып жүр. Дастан тұрғылықты жерін Алматыға тіркеген, үй іші емханаға немесе ауруханаға бару керек болса, сол жаққа қатынайды.
«Ал ХҚКО-ға бару керек болса, қайда барасыз?» деген сұрағыма «Ешқайда барған жоқпын. Бірақ ол Жетігенде орналасқан…» — деп жауап берді.
Дастан осы жерден бір бөлмелі пәтерді 18 миллион теңгеге сатып алыпты.
Біз тілдескен басқа тұрғындар коммуналдық мәселелерге шағымданды.
«Бірде жарық жоқ, бірде су жоқ, ал жарық пен су болып тұрса, кәріз жүйесінен иіс шығады», — дейді аудандағы ең танымал Beybarys дүкеніндегі сатушы. Gate City-дегі дүкендердің көбі терезесі жоқ жертөледе орналасқан, жарық сөнсе, қараңғыда қалады.
Қыркүйекте Gate City тұрғындары бейресми жиналыс өткізген. Тұрғын үй кешенінде бір ай ыстық су ақпаған, күн суытқанда жылу қашан қосылатыны белгісіз болған. Әкімдіктің сол кездегі жауабына сәйкес, құрылыс компаниясы үйлерді тұрақты сыртқы инженер желілеріне қосуы керек болған, бірақ оны орындамапты, кейін өзі шешім қабылдап, қазандықты тоқтатқан.
Алатау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі құрылыс компаниясына үйлерді қолданыстағы мемлекеттік қазандыққа қосуды ұсынған, бірақ компания бұл шығынды мойнына алғысы келмеген. Сол кезде әкімдік тұрғындарға ыстық суды құрылыс компаниясынан талап етуге, компания оған келіспесе, сотқа жүгінуге кеңес берген.
Фото: Альберт Откьер
Шағын ортаға арналған үлкен жоспарларТамыздың ортасында және қазанның басында Ынтымақ ықшамауданындағы мектепте болашақтағы Алатау қаласының кейбір учаскесін егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын жұртқа таныстырды.
Тамызда презентацияға жеті адам ғана барды, жиын туралы хабарландыруды бір күн бұрын кешке жариялаған. Тұрғындар Ынтымақта Pepsico зауыты салына бастағанда электр энергиясы мен су жиі өшті деп шағымданған.
«Қазір осы Pepsi, Lays зауыт пен жаңа үйлер салып жатыр, біздің жолмен жүреді. Әкімдікке қанша жүгінсек те, жолды жасап бермей отыр. Жолды құртқан солар ғой. Күн сайын қаншама көлік жүреді», — деді Ынтымақ тұрғыны.
Коммуналдық мәселеге шағымданған қария біраз уақыт тұрды да қайтып кетті, ол мұнда ауылдағы мәселелерді әкімдікпен талқылайды деп ойлапты.
Мұғалімдердің бірі тұрғындарға жиналыс туралы дұрыс хабарламаған, сондықтан көп адам келмеді деді: «Мұндай мәселелер бойынша кем дегенде бір күн бұрын ескерту керек. Ал бізге кешкі сегізде ғана хабарлады. Жиналысты қайта өткізу қажет, бұлай болмайды».
Тағы екі мұғалім мұнда мектеп жиналысы болып жатыр деп ойлап, қателесіп келген екен. Кетуге ыңғайланғанда жоспарды жобалаған «Almaty Region Master Plan» компаниясының өкілі Ренат Хайрулин жиынға қатысуды сұрапты.
Хайрулин Алатаудағы «бірінші кезекте дамитын аймақтарды» көрсетемін деді, сөзіне қарағанда, ол жерлерде ешқандай ғимарат жоқ, ештеңені бұзбайды да. Ол жеті учаскені таныстырды.
Мақала авторы түсірген сурет
Алғашқы екеуі Қапшағай су қоймасының жағалауына жақын орналасқан, бір учаскедегі құмды жерде қазір автокөліктермен демалуға арналған орталық бар. Хайрулиннің айтуынша, бұл учаске болашақта Алатау қаласының туристік орталығына айналады. «Осы аймақтың жағалауында үлкен қонақүйлер салынады», — деді ол. Айтуына қарағанда, мұнда тұрғын үйлер мен сауда орталықтарын да салу жоспарланған.
Қапшағай жағалауындағы аудандардың егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары
Бұған қоса, Қосөзен ауылы мен Қапшағай тас жолы арасындағы учаскені индустрия аймағына айналдыруды жоспарлап отыр. «Бірден айтайын, мұнда түтін шығарып, қаланың экологиясына теріс әсер ететін ірі зауыттар салынбайды, мұнда негізінен ірі қоймалар, логистика орталықтары, сондай-ақ шағын және орта бизнеске түрлі цех ашу жоспарланған», — деп түсіндірді Хайрулин.
Сондай-ақ жобаны жасағандар болашақта салынады деген университет қалашығының жоспарын таныстырды. Мұнда ғарышпен байланыс орталығы орналасқан, болашақта университеттерден бөлек, аурухана, тамақ өнеркәсібі салынбақ. «Біз бар күшімізді салдық, бас жоспардың авторлары да тұрғындарға зияны барынша аз болатын кәсіпорындар болсын деп тырысты, сондықтан мұндағы санитария-қорғау аймақтары шағын, болашақта ауаға шығатын зиянды заттар да барынша аз болуға тиіс», — деді Хайрулин.
Индустриалды аймақты егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы
Университет кампусын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы
Байсерке ауылының оңтүстік-батыс жағында шамамен 400 гектар аумақта тағы бір өндіріс аймағы салынбақ. Мұнда логистика орталықтары мен өндіріс орындары болады делінген. Бұл аумақтағы учаскелердің көбі Integrity Logistics жекеменшік компаниясына тиесілі, оның құрылтайшылары қатарында девелопер Юрий Цхай, бұрынғы сауда және интеграция вице-министрі Азамат Асқарұлының Advanced Business Solutions LTD. компаниясы, сондай-ақ Андрей Кимнің Core Industries Limited және Lancaster Holding компаниялары бар. Соңғы аталған компания құрылтайшыларының бірі — Гүлнара Досаева, оның күйеуі Ерболат Досаев қазір президент әкімшілігі басшысының орынбасары болып істейді. Сонымен қатар Қосөзеннің солтүстігінде, Даулет ықшамауданында өндіріс аймағын салу жоспарланып отыр.
Қазанда осындай презентацияға біріншісіне қарағанда шамамен екі есе көп адам келді, кейбірі тұрып жатқан ауылдарға өзгерістер тікелей әсер етеді. Бірнеше адам өзі тұратын ауылға ғана қатысты жоспарды естіген соң кетіп қалды.
Бұл кездесуде Ренат Хайрулин тағы төрт ауданға қатысты жоспарды таныстырды, бұрынғы Жаңаарна ауылының айналасында өндіріс аймағы бар, ол ауыл аумағына әсер етпейді. Мұнда автокөліктерді жинайтын зауыттар мен ұшқышсыз әуе техникасы кәсіпорны болмақ. Бас жоспарға сәйкес, бұл аймақтың жанынан жеңіл рельсті көлік өтуі керек.
Алатау қаласының орталық спорт стадионын Көктерек ауылының оңтүстік жағында салуды жоспарлап отыр. Мұнда ауруханалар, университет қалашықтары мен жатақханалар да салынбақ.
Хайрулин Gate City-дің іскерлік аймағы қалай болатынын да көрсетті. Мұнда бизнес орталықтар, әкімшілік ғимараттар, қаржы-іскерлік орталық, тұрғын аудан, конференц-залдар, галерея орталығы мен аллеялар салынады делінген. Кейін ол Gate City тұрғын үй кешендерінің алдағы құрылыс жоспарын таныстырды. Қазір олардың бір бөлігі салынып қойған, бос жатқан жерде жеңіл рельсті көлік станциясы бар сауда орталығы, балалар өнер мектебі, кітапхана, өрт бөлімшесі, жеті мектеп, полиция бөлімшесі және 16 қабатқа дейінгі үйлер салынады деп отыр. Gate City мен Ынтымақ ауылы арасында үлкен саябақ пайда болмақ, ал Алматы–Қонаев тас жолы жанынан тұрғындарға трассаға шықпай-ақ аудан ішінде жүретін балама жол салынады.
Көктерек ауылының оңтүстігіндегі аймақ
Gate City бизнес-орталығы
Gate City бизнес-орталығының ғимараты
Gate City бизнес-орталығының ғимараты
Gate City тұрғын кешені
Дегенмен тұрғындар қазір үйлері тұрған жер туралы сұрақ қойды. «Механизатор» саяжайының төрағасы қазір үйі тұрған жерге бас жоспар бойынша не салынатынын егжей-тегжейлі айтып беруді сұрады.
Оның айтуынша, Алатау қаласының бас жоспарына сілтеп, қазір тұрғындарға құжат рәсімдеп бермей жатыр, бірақ бұл жерге арналған егжей-тегжейлі жоспар жобасы әлі дайын емес.
«Қазір сәулет-жоспарлау тапсырмасын бермей, үйлерді ресми түрде тіркемей отыр. Суды қорғау аймағында құрылыс қалай жүретіні қызық, — деді ол. — Сүріп тастаймыз, көшелерді кеңейтеміз деп сес көрсетеді. Бірақ онда ешкім жайдан-жай көшелерді кеңейтуге рұқсат бермейді. Жер батпақ болса, онда құрылыс жүргізу мүмкін емес».
«Өкінішке қарай, бұл туралы қазір ештеңе айта алмаймын. Сіздерге Алматы облысының сәулет басқармасына хабарласқан дұрыс болар», — деп жауап берді Хайрулин.
«Бас жоспар бойынша, сіздер мұнда жоқсыздар»Саяжай мәселесі туралы бізге заңгер Ариндия Исхакова айтып берді. Оның сөзінше, алғашында «Механизатор» және одан басқа бірнеше көрші кооператив Байсерке әкімдігімен жұмыс істепті, заңға сәйкес, олар елді мекенге жатпаған, ал әкімдік кооператив ісіне аса араласпаған.
«Өзіміз ток жүргіздік, жолды тегістедік, су тарттық. Құжаттардың бәрін Іле ауданында жасаттық», — деді Исхакова.
2024 жылғы қаңтарда Алатау қаласы құрылып, саяжайлар елді мекендерге қосылды.
«Сол сәтте бір ауытқу болды, біздің аумақтың бір бөлігі, яғни «Механизатор» ғана емес, көрші басқа кооперативтер де бір уақытта Алатау қаласының бас жоспарына және Байсеркенің бас жоспарына енген», — дейді Исхакова.
Сол уақытта Іле ауданында саяжай тұрғындарының құжаттарын қабылдамай, оларды Алатауға жібере бастаған, ал онда халыққа қызмет көрсету орталығы жоқ, кейін олардың құжат мәселесі бірнеше айға тоқтап қалды.
«Соған қарамастан, осы екі-үш ай ішінде саяжай тұрғындары Байсерке әкімін сайлауға қатысты», — деді Исхакова.
Былтыр шілдеде тұрғындарға «сіздер әлі Байсеркеге қарайсыздар» деп хабарлаған.
«Жерін және үйін рәсімдей алмаған, газ тарта алмаған жұрт Іле ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығына барып, мәселесін шешіп жүр, жер комиссиясы сәулет және жер жобаларын мақұлдайды», — дейді заңгер. Бірақ былтыр қазанның ортасында тұрғындарға eGov-тан «мекенжайыңыз өзгерді» деген тосын хабарлама келген, себебі олар Алатау қаласының құрамына қосылған.
«Механизатор» саяжай алқабы, фото 2Gis
«Механизатор» саяжай алқабы, фото 2Gis
«Жұрттың жер телімі бойынша жобалары, жер комиссиясы шығарған қорытындысы мен Іле ауданы берген құжаттардың бәрі тоқтап қалды. Бұл құжаттарды қолдану мерзімі шектеулі, оның бәрін қайтадан Алатау ауданында жасай алмаймыз, өйткені көп аумақтың нақты жоспарының құжаты әзірге жоқ, ал бас жоспар әлі нақты емес: жердің нақты орнын, шекарасын ешкім барып өлшеген жоқ, ал қаладағы жерді тіркеу тәртібі мүлде басқаша», — деді Исхакова.
Оның сөзінше, 80-жылдардан бері бар саяжайда қазір шамамен 700 адам тұрақты тұрады.
«Жұрттың бәрі жекешелендіру кезінде үйін ресми тіркемеген. Кейбірі үй салып қойған, бірақ оны заңды түрде тіркемеген. Бұған қоса, үшінші, төртінші буын болып 1980 жылғы саяжай кітапшасы бойынша тұра алатын адамдар бар, — дейді ол.
Тұрғындар Алатау әкімдігіне жүгінсе, қажет құжаттарды рәсімдей алмайды.
«Бұған әкімдіктің құзыреті болмауы емес, бас жоспарға сәйкес келмеуі себеп болып отыр. Мұны тексере де алмаймыз, себебі сапалы бас жоспар жоқ, ашық дереккөздегі бар мәліметті үлкейткен кезде бұлдырап кетеді, сондықтан онда не жоспарланғанын оқи алмаймыз», — деп түсіндірді Исхакова.
Тұрғындарға ауызша бұл жерде бас жоспарға сәйкес демалыс аймағы болуы керек деп айтып жатыр. Тұрғындар көре алған бас жоспардың бөліктерінде «Механизатор» мен оның артындағы кооперативтер шынымен жоқ болып шықты.
Бұған қоса, тұрғындарға комиссия қорытындысын саяжай Байсеркеге не Алатауға жататыны түсініксіз болған уақытта алдыңдар деп те бас тартып жатыр.
«Жұрт сол уақытта заңды тіркелген мүліктің бәрін, яғни жер телімдері мен үйлерді заңсыз деп тануы мүмкін деп қорқып отыр. Оны заңсыз деп танып, бұзатын болса, ештеңе төлемейтіні немесе құрылыс материалдарына ғана төлейтіні түсінікті. Сондықтан жұрт әрі-сәрі күйде жүр», — дейді Исхакова.
Оның айтуынша, қазір екі тұрғын үйі мен жер телімін сот арқылы заңдастыруға тырысып жатыр, әзірге немен тынары белгісіз. Әкімдікте өткен кейінгі кездесуде оларға бұл жерде кооператив болмауы керек, себебі ол су жиналатын жерде (көлдің табаны) орналасқан, бұл адамдарға қауіп төндіреді деп айтқан, алайда жақын арада үйлерді сүріп тастау туралы әңгіме болмаған.
«Шекарада тұрғаннан гөрі, далада өмір сүрген жақсы»Егжей-тегжейлі жоспардағы жобаларды талқылап болғаннан кейін Алатау қаласындағы Алматымен шекаралас Қоянқұс ықшамауданында тұратын Айгүлмен және Мариямен (кейіпкерлердің өтініші бойынша есімі өзгертілген — В.) таныстық.
«Біз тұратын Сералин көшесінің жоғарғы бөлігі — Алматы қаласына, ал төменгі бөлігі Алатау қаласына қарайды. Шекарада тұрғаннан гөрі, далада өмір сүрген жақсы, себебі қала әкімдігіне барсаң, «облысқа қарайсыңдар» деп жауап береді. Ал облысқа барсаң, «қалаға қарайсыңдар» дейді. Қоянқұста жаңа әкімдік бар, соған қарамастан, жұмыстың көбі Жетігенде бітеді, Қоянқұста ештеңе істемейді», — дейді Айгүл.
Айгүл мен Марияның айтуынша, қазір Қоянқұста екі-ақ мектеп бар: бірі — ескі, екі қабатты және шағын, онда балалар үш ауысыммен оқиды, ал екіншісі — шамамен он жыл бұрын салынған, 900 орындық үлкен мектеп, бірақ онда жылу жөнінен қиындық бар.
«Шынын айтсақ, қыста мектеп жылымайды дегенге қатты таңғалдық. Көмір жағады екен, мұндай үлкен ғимаратты көмір жылыта алмайды. Бұл мәселе бойынша талай рет наразылық білдірдік. Бір рет комиссия келді, дәл сол күні солярка сатып алып, мектепті жақсылап жылытқан, ал кейін бәрі таз қалпына түсті», — дейді Айгүл. Қоянқұс тұрғыны балаларын Алматыдағы мектепке тасиды екен.
Жылусыз қалған мектеп ғимараты. Фото: Альберт Откьер.
Коянқұс тұрғындары өздері тас төккен жол. Фото: Альберт Откьер
Айгүл Қоянқұсқа 2012 жылы көшіп келген, сол уақытта оған бұл жерде Gate City салынады деп айтқан.
«Әрине, бір жағынан қуанамыз, себебі қала болсақ, жол жөнделеді, жарық сөнбейді, ауыз су пайда болады, — дейді ол. — Бірақ не салынады, ол біздің аймақ экологиясына әсер етпей ме, желдің бағыты бұзылмай ма деп алаңдаймыз».
Жаяу жүргіншілер жолы жоқ, тротуар мен жарық та жоқ жолмен жүріп келіп, тұрғындар өз бетінше жөндеген жолға бұрылдық. Жаңбыр жауып тұр, жол лайланып кеткен, көліктер шұңқырларға түсіп жатыр. Бұл жаққа алдымен су құбырын тарту керек, сонда ғана билік жолды жөндей алады. Тұрғындар қазір суды ұңғымадан алуға мәжбүр.
Айгүлдің сөзінше, төменгі жақтағы жолды, аялдамалар мен арықты Алматы қаласындағы Жетісу ауданының әкімдігі жасапты, бұл жер олардың аумағы болмаса да, тұрғындар қатты өтінген екен.
Солай біз бос жерге шықтық, жоспар бойынша мұнда үйлер, саябақ және аурухана салынуға тиіс. Марияның айтуынша, қазір Қоянқұста балаларға арналған ойын алаңдары да, үйірме де жоқ. Қайтар жолда әкімшілік ғимараттардан әкімдік пен мектептің жанынан ғана өттік. Осы жерде қоштастық, Айгүл ұлын Алматыдағы спорт секциясына алып кетті.
***
Қазанда Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алатау қаласының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде олар жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселелерді айтты: жол нашар және қауіпті, дәрігерлер жетпейді, өрт сөндіру қызметі мен банктер жоқ, жерді заңдастыру мүмкіндігі жоқ. Кездесу аяғында әкім қала мәртебесіне қарамастан, ескі мәселелер қалған, ал жетпей жатқан мамандарды тартуға мүмкіндік беретін арнайы ауыл бағдарламалары енді жарамайды деп мәлімдеді. Әйтсе де, әкім ауылдардың мәртебесі өзгеріп, арнайы қор құрылған соң Алатау қаласына қаржы тезірек бөлінеді деп уәде берді.
