Марат Жыланбаевтың туған күніне орай марафон өтеді деген күні әр өңірде белсенділер ұсталып жатыр
Марат Жыланбаевтың туған күніне орай марафон өтеді деген күні Қазақстанның түрлі өңірінде белсенділер мен құқық қорғаушылардың ұсталғаны жөнінде ақпарат тарады.
Жексенбі, 17 тамызда таңертең құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина желіде өзін полиция ұстағанын хабарлады.
“Мені ұстап жатыр, Алмалы аудандық полиция басқармасына апара жатыр” деп жазды ол. Қазір құқық қорғаушының телефоны сөндірулі.
Алмалы аудандық полиция басқармасының кезекші бөлімінде отырған өзін Данияр Мансұров деп таныстырған қызметкер Азаттыққа жексенбі күні таңертең полиция басқармасына ешкім әкелінбегенін айтты. Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек ақпаратты анықтап көретінін, өзі хабарлайтынын айтты.
Адвокат Ғалым Нұрпейісов жексенбі күні таңертең полиция басқармасына бара жатқанын, мән-жайды сол жақтан білетінін айтты.
Жексенбі күні таңертең Алматыда сонымен бірге белсенділер Нинагуль Жұманиязова мен Күміс Құлманованың да ұсталғаны хабарланды. Олар Марат Жыланбаевтың туған күніне орай өтетін шараға бара жатқан жолда ұсталды деп хабарлады "БелсенділерЭстремистерЕмес" тобы.
Шығыс Қазақстан облысында да белсенді Серік Ыдырышев ұсталғаны хабарланды.
“БелсенділерЭкстремистЕмес” тобы жариялаған видеода полиция қызметкерлері Ыдырышевқа әкімшілік хаттама толтырылғанын айтып, бөлімшеге бару керектігін айтады. Ыдырышев бөлімшеге өз көлігімен баратынын жеткізеді.
Оның сөзінше, бүгін тіркелмеген “Алға, Қазақстан” партиясы өкілдері Марат Жыланбаевтың туған күні оны қолдап, 1 шақырымдық марафон өткізу челленджін жариялаған. Белсенді полицияның ұстауын “саяси қысым”, “заңсыздық” деп атайды. Жергілікті полиция түсініктеме бермеді.
Полиция әзірге түсініктеме бермеді.
Қазақстанда оппозиция немесе тәуелсіз тұлғаларға қатысты қандай да бір шара, жиын немесе митинг өтер алдында полицияның белсенділерді ұстауы, қамауы - жиі қолданылатын тәжірибе. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін азаматтардың пікір және жиналу еркіндігі құқықтарын бұзды деп жиі сынайды. Ресми Астана халықаралық құқық қорғау ұйымдарының сынымен келіспейді.
Кейінгі кезде түрмедегі оппозиция белсендісі Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты қарама-қайшы ақпараттар жарияланып жатыр. Құқық қорғаушылар түрмеде "ұзақмерзімдік аштық жариялады" деген Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты дабыл қағып, оған медициналық көмек көрсетуді және оған тәуелсіз құқық қорғаушыларды, журналистерді кіргізуді талап еткен, азаматтық белсенділер оны босатуды талап еткен. Ал қылмыстық-атқару жүйесі департаменті оның "денсаулығы мүшкіл" деген ақпаратты жоққа шығарған. Ал адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев белсендінің денсаулығы күрт нашарлады деген сөздерді "хайп" деп атаған.
Жыланбаевтың ахуалы жайлы дабыл қаққан құқық қорғаушы Төреғожинаға 31 шілдеде 78 мың теңге айыппұл салынды. Оған "жалған ақпарат таратты" деген айып тағылды. Ал құқық қорғаушы айыпқа келіспеді. Халықаралық ұйымдар шешімді сынады.
ЖЫЛАНБАЕВТЫҢ ЖАҢА ВИДЕОСЫ
Бір күн бұрын құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина түрмедегі белсенді Марат Жыланбаев туралы жазба жариялаған.
15 тамызда “Письма президенту” телеграм-арнасы Марат Жыланбаевтың түрмедегі камерадан түсірілген видеосын жариялаған.
“Аштықтың салдарынан марафоншы Марат Жыланбаевтың жағдайы мүшкіл деген интернетте тараған ақпаратты жоққа шығаратын эксклюзивті кадрлар алынды. Бақытжан Төреғожина спортшының жағдайы туралы хабарлаған” деп жазылған видео сипаттамасында
Шамамен бір минуттық видеода Марат Жыланбаевтың жеңіл жаттығу жасап, тамақ ішкені, кітап оқығаны көрінеді. Видеоның қашан түсірілгені белгісіз. Онда таймер көрсетілмеген.
16 тамызда құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина сол видеоға қатысты пікірін жазған.
“Билік енді менің ақпаратымды күн сайын жоққа шығара ма? Маратты тірі көру үшін күн сайын жазуға дайынмын! Қараңыздар, терісі терісіне жабысып тұр. Ол кеше аштықтан шыққан кезде түсірген сияқты” деп жазған құқық қорғаушы.
Оның ұсталуына осы жазбаның қатысы бар-жоғы белгісіз.
61 жастағы Марат Жыланбаев – Гиннестің рекордтар кітабына енген жеті рекордтың иегері атанған ультрамарафоншы ретінде көпке танылған. Ол тіркелмеген оппозициялық "Алға, Қазақстан!" партиясының бастамашыл тобының жетекшісі болған. 2023 жылдың көктемінде белсенді қамауға алынып, оның ісін жабық қараған Астана соты сол жылы қарашада Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша жеті жылға бостандығынан айырған.Соттың ұйғарымы бойынша Жыланбаев: "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы экстремистік ұйым деп танылғанын біле тұра Астана қаласы аумағында "ҚДТ" ұйымының қызметіне белсенді түрде араласып, Мұхтар Әблязов ұйымдастырған заңсыз митингілерге қатысқан. Сонымен қатар, Әблязов пен және оның шетелдегі штабымен байланыс орнатып, олардың Конституциялық құрылымды күштеп өзгертуді көздейтін тапсырмаларын орындаған. 2021 жылы Жыланбаев М.Т. қоғамға қауіпті салдарды түсіне отырып, Әблязовтың тапсырмасын орындап, Астана қаласындағы Республика даңғылында орналасқан ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке келіп, "ҚДТ" ұйымының қызметін насихаттаған. 2022-2023 жылдары Жыланбаев М.Т. "ҚДТ" қызметінің экстремистік сипатын біле тұра, басқа адамдармен сөз байласып, оған ақпараттық, қаржылық және өзге де көмек көрсеткен. Әлеуметтік желіде ұйымды қаржыландыруға және оған қосылуға шақырған". Сот оны қоғамнан оқшаулап қана түзетуге болады деген ұйғарымға келген.Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптарды саяси астары бар деп жоққа шығарды.2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент 2019 жылы наурызда қабылдаған қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.Қазақстандық құқық қорғаушылар биліктің саясатын қатты сынайтын Марат Жыланбаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.