Прокурор Нұрай Серікбайды өлтірді деген айыпталушыға ең қатаң жазаны сұрады
Прокурор әр бап бойынша қанша жыл сұрады?
Сотталушылар орындығында – 28 жастағы Шерхан Аймахан. Оған Қылмыстық кодекстің бірден үш бабы бойынша айып тағылып отыр.
Тараптар жарыссөзі барысында прокурор Мадияр Әбілқасымов соттан айыпталушыны кінәлі деп танып, әр эпизод бойынша келесідей жаза мерзімдерін тағайындауды сұрады:
99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы "Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру" бойынша – өмір бойына бас бостандығынан айыру;
125-1-бап "Некеге тұруға мәжбүрлеу" бойынша – 2 жылға бас бостандығынан айыру;
115-1-бап "Сталкинг" бойынша – 200 сағаттық қоғамдық жұмыс.
"Өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұраймын. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтеуді сұраймын. Жаза өтеу мерзімі үкім жарияланған күннен бастап есептелсін. Аймаханға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылсын", – деді прокурор.
"Аффект жағдайында болдым": сотталушы сотта не деді?
Алдыңғы отырыста 28 жастағы сотталушы Ш. А. Нұрайды ұрлау және аңду туралы айыптарды жоққа шығарған еді.
Ол қызбен қарым-қатынаста болғанын, оған тұрмысқа шығу туралы ұсыныс жасағанын, ал қайғылы оқиға болған күні жүзікті қайтарып, айырылысу үшін келгенін мәлімдеді.
Оның нұсқасы бойынша, Нұрай оған бірінші болып пышақ жұмсаған, содан кейін ол аффект жағдайына түсіп, оған қалай өлімші жарақат салғаны есінде жоқ екенін айтады. Сондай-ақ Ш. А. 2019 жылдан бастап басынан алған жарақатынан кейін психикалық ауытқуы барын мәлімдеді.
Сотталушының соттағы сөзі / Соттың онлайн отырысынан скриншот
Бір жарым сағат ішінде 76 қоңырау: бұған дейін не белгілі болды?
Бұған дейін прокурор айыптау актісін оқыды, ол үш эпизодтан тұрады.
Тергеу мәліметінше, 2025 жылдың жазында сотталушы Нұраймен танысып, күзде оны Алматыда ұрлап кеткен және некеге тұруға мәжбүрлеу үшін Түркістан облысындағы туыстарының үйіне апарған. Сол кезде қыздың ағалары полициямен бірге оны үйіне қайтарып алған.
Бұдан кейін, тергеу деректері бойынша, ер адам қыздың соңына түскен: бірнеше күн ішінде оған 154-тен астам рет қоңырау шалып, Алматыдағы үйі маңында аңдып жүрген.
2026 жылғы 11 қаңтарда кешке Шымкентте Нұрайдың ата-анасының үйі маңында ер адам оған пышақ жарақаттарын салған. Қыз оқиға орнында көз жұмды, ал күдікті екі күннен кейін ұсталды.
Анықтама: Бұған дейін тергеу барысында күдікті тергеу изоляторынан Алматы облысының Ақтас ауылындағы мамандандырылған психиатриялық ауруханаға сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін ауыстырылған болатын . Сол кезде Нұрайдың туыстары күдікті психикалық ауытқуды желеу етіп, жауапкершіліктен жалтаруы мүмкін деп қауіптенген. Бірақ сараптама күдіктінің есі дұрыс деп таныды.
Соттың онлайн-отырысынан скриншот
Іс хроникасы
Қайғылы оқиға 11 қаңтарда болды. Желіде тараған бейнебақылау камераларындағы жазбалардан ер адамның қызды аңдып жүргенін, қыз қашуға тырысып, қарсылық көрсеткенін, содан кейін ер адам оған пышақ жарақатын салып, оқиға орнынан қашып кеткенін көруге болады. 13 қаңтарда күдікті – өңірдің 28 жастағы тұрғыны қаладан 10 шақырым жерде ұсталды.
Ұсталған адам туралы Нұрайдың ағасы Сұлтан бөліскен мәліметтер БАҚ пен әлеуметтік желілерде ашу толқынын тудырды.
Күдікті оның қарындасын тойда танысқан 2024 жылдың жазынан бастап аңдығаны белгілі болды. Қыз оның тым белсенді көңіл білдіруінен сыпайы түрде бас тартқан, бірақ қазанда ер адам түбегейлі әрекеттерге көшкен.
"Ол телефонды тартып алып, көлікке отырғызып, Алматыдан Шымкентке алып кеткен. Нұрай үй киімімен болған, оған "соңымнан ермеңіз, мені аңдуды қойыңыз" деп айту үшін ғана шыққан. Ол үлкендерді әрқашан сыйлайтын, ал күдікті 28 жаста болған. Ол осыны пайдаланып, оны алып қашқан", – деп еске алды Нұрайдың ағасы Сұлтан.
Сол кезде Сұлтан мен үлкен ағасы қарындасын полиция шақырту арқылы ғана құтқара алған – ұсталған азаматтың туыстары Нұрайды келін ретінде жібергісі келмеген. Полиция қызды босатуға көмектесті. Бірақ кейін оның отбасы құқық қорғау органдарының немқұрайлылығына тап болды.
Қыздың туыстары адам ұрлау туралы полиция мен прокуратураға үш рет арыз жазған. Бірақ олар қабылданбады. Бірнеше айдан кейін қызды өлтіріп кетті.
Жағдайға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, 20 қаңтарда Ұлттық құрылтай отырысында полицияның әрекетіне баға беруді тапсырды. Сол күні Шымкент полициясының бастығы Нұрлан Алмасбеков қызметінен босатылғаны, ал некеге тұруға мәжбүрлеу туралы істі тіркемеген қызметкерлерге қатысты салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.
Осыдан кейін әлеуметтік желілерде бейнежазба тарады, оны Шымкент полиция департаментінің бұрынғы қызметкерлері жариялады деген болжам бар. Жазбада Нұрай Серікбай өзін некеге тұру мақсатында ешкім ұрламағанын және сол күні күдіктінің көлігіне өз еркімен отырғанын айтады. Роликте Нұрай ер адамға ешқандай шағымы жоқ екенін айтқаны да бар.
Нұрайдың ер адамға ешқандай шағымы жоқ екені туралы сөздері де естіледі.
Скриншот: видео/typicalkaz/Instagram
Отбасының адвокаты Сержан Нүрпейісов жәбірленуші тарап тергеу құпиясы бұзылғаны үшін ресми шағым түсіргенін хабарлады.
Бұған дейін марқұм Нұрай Серікбайдың отбасы Бас прокуратураға шағым жолдады.
