Түркияда қаза болған екі қазақстандықтың денесі Алматыға жеткізілді
![Түркияда қаза болған екі қазақстандықтың денесі Алматыға жеткізілді](https://gdb.rferl.org/08550000-0a00-0242-d360-08db086626c4_cx0_cy10_cw0_w800_h450.jpg)
Түркияда жойқын жер сілкінісі кезінде қаза болған қазақстандықтар Мирболат Құрмашев пен Әділ Қадырбековтің денесі 11 ақпанда кешке Алматыға жеткізілді, деп хабарлады Қазақстан СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров. Мемлекет тасымалдау бойынша бар шығынды мойнына алды, деді ол .
Бұған дейін Қазақстан СІМ жер сілкінісінен кейін үйінді астынан құтқарылған қазақстандық Сабина Мамадиярова Түркияның Адана қаласында ауруханада жатқанын, оның қолына операция жасалғанын хабарлаған. Министрліктің айтуынша, Кахарманмараш қаласында тағы бір қазақстандық іздестіріліп жатыр.
Түркия мен Сириядағы зілзаладан қаза болғандар 28 мыңнан асты, деп жазды халықаралық БАҚ жексенбі күні. Түркия вице-президенті Фуат Октай сенбі күні қаза болғандар 24,6 мыңнан асты деп мәлімдеген. Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, бірақ тірі қалғандарды табу ықтималдағы барған сайын сейіліп барады, деп жазды BBC сайты.
6 ақпан күнгі жер сілкінісі келтірген адам шығыны бойынша 21 ғасырдағы ең ірі апаттар арасында жетінші болып тұр. Ондаған мың адам жарақаттанды, жүздеген мың адам баспанасынан айырылды.
Бұған дейін Қазақстан жер сілкінісінің эпицентрі Газиантеп қаласына құтқарушылар мен дәрігерлерді жіберген. Бұған қоса, Астана Түркияға 1 млн доллар көлемінде шұғыл көмек беретінін айтқан. Үкімет сонымен бірге Сирияға гуманитарлық көмек жібереді. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 160 млн теңге қаражат бөлінеді. Жылы киім, азық-түлік, қысқы шатырлар, кереуеттер мен төсек-орын жабдықтары салынған салмағы 50 тонна болатын көмек Сирияға арнайы әуе ұшақтары арқылы жеткізіледі, деді Қазақстан СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров 10 ақпанда. Алғашқы ұшақ Сирияға 10 ақпанда ұшып кеткен.