Түркия мен Сирияда зілзаладан қаза болғандар 29 мыңнан асты
Түркияда 6 ақпан күнгі жойқын жер сілкінісінен қаза болғандар 24,5 мыңнан асты. Бұл жөнінде елдің вице-президенті Фуат Октай мәлімдеді.
Al Jazeera мәліметінше, Сирияда жер сілкінісінен қаза болғандар 4,5 мыңға жеткен.
Жараланғандар саны екі елде 80 мыңнан асқан. Жүздеген мың адам баспанасынан айырылған.
Үйінділерді аршу жұмыстары жалғасып жатыр. Оған әлемнің 70 елінен құтқарушылар мен дәрігерлер қатысып жатыр. Әлі күнге дейін үйінді астында қалғандар туралы хабар түсіп жатыр.
Түркияда ғимараттардың қирауына байланысты қозғалған қылмыстық істер бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. 100-ден астам күдіктіге қаулы шығарылған. Шамамен 50 адам ұрлық-тонау бабы бойынша ұсталған. Президент Режеп Ердоған олар жазадан қашып құтылмайды деді.
12 ақпанда Ресейдің Анкарадағы елшілігі елдің оңтүстік-шығысында зілзала аймағына жақын жерде жұмыс істеген 39 ресейлікті эвакуациялағанын хабарлады. Олар еліне оралуға ниет білдірген. Ұшақпен "Росатом" компаниясы қамтамасыз еткен. "Росатом" бұл елде алғашқы "Аккую" атом электр станциясын салып жатыр.
6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында 7,7 магнитудалы бірінші жер сілкінісі болған. Ол Сирияның бірнеше ауданына әсер еткен. Бірнеше сағаттан соң 7,6 магнитудалы екінші жер сілкінісі тіркелді. Одан соң 1200-ден астам жерасты дүмпуі тіркелген. Түркияда 12 ақпанға дейін қаралы күн жарияланды. Жер сілкінісінің салдарынан екі елде де сәулет ескерткіштері қираған.
Түркияда үш ай төтенше жағдай жарияланды.