Астана соты мәжіліс депутаттығына үміткер, белсенді Марат Жыланбаевқа айыппұл салды
24 ақпанда Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты мәжіліс сайлауына мажоритарлы тәртіппен сайлауға түсіп жатқан азаматтық белсенді, танымал марафоншы Марат Жыланбаевты "үгіт- насихатты мерзімінен бұрын жүргізгені үшін" әкімшілік жауапқа тартты. Сот Жыланбаевқа 15 АЕК (51 750 теңге немесе 115 доллар) көлемінде айыппұл салды.
Жыланбаевтың үстінен шағымды Алматы аудандық прокуроры түсірген. Сотта сөйлеген Алматы ауданы прокуратурасының өкілі Шерхан Шорабектің айтуынша, мәжіліс депутаттығына үміткер Жыланбаевтың әлеуметтік желідегі жеке парақшаларына мониторинг жүргізу барысында "оның мерзімінен бұрын үгіт-насихат жұмысын жүргізгені анықталған".
– Жыланбаевтың айтқандарын зерттегеннен кейін оның азаматтарды өзіне дауыс беруге шақырғаны және қаржылай көмек сұрағаны анықталды. «Біз тек халықтың мүддесін қорғаймыз, соған жұмыс істейміз. Қиын, даулы заттарды өздеріңізбен тікелей эфирде ақылдасып шешеміз. Бізді қолдаңыздар, біз жеңеміз! Алға, Қазақстан» деген» ,- деп прокурор марафоншының Facebook'те жариялаған видеосынан үзінді келтірді.
Бірақ Марат Жыланбаев прокурордың айтқандарымен келіспейді. Ол "Аманат", "Ауыл", "Ақ жол" тәрізді партиялардың бюджеттен қаржыландыратынын көлденең тартып, өзінің сайлау жарнасын төлеу үшін қаржылай көмек сұрауға мәжбүр болғанын айтты.
– Басқа партияларға ақша беру сайлау демократиялық жолмен өтпеуі үшін жасалған кедергі деп санаймын. Мен олигарх емеспін. Сол себепті жарнаны төлеу үшін көмек сұрадым. Мені қудалайтындарын біліп, қолыма кандидат куәлігі тигенге дейін ол посты да жойып тастағанмын. "Аманат" та сайлауға дейін плакат ілді. Біздің айқай-шуымыздан соң оны алып тастағанмен оларды ешкім жазалаған жоқ. Мен осы заңбұзушылық үшін "Аманатты" кандидаттар тізімінен алып тастауды талап етіп бас прокуратураны сотқа бердім. Егер сот "Аманатты" алып тастаса, мен де кетем кандидаттықтан, - деді ол сотта.
Прокурор Жыланбаевты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабымен ("Сайлау алдындағы үгiтті оған тыйым салынған кезеңде жүргiзу") айыпты деп тануды сұрады.
Істі жүргізген судья Есжанова прокурормен келісіп, оған 51 750 теңге айыппұл салу туралы шешім шығарды.
Марафоншының шешімге он күн ішінде шағымдануға құқығы бар.
Бұдан бөлек, дәл осы баппен айыпталған өзін-өзі ұсынған тағы бір белсенді Амангелді Жахинге де 24 ақпанда әкімшілік сот тағайындалған.
Бұған дейін Ratel.kz сайты Қарағанды көшелерінде "Аманат" партиясы 17 ақпанда яғни, үгіт-насихат кезеңі басталмай тұрып кемі екі билбордты ілгенін хабарлаған еді. Кейін билік партиясы оған жарнама беруші агенттіктер кінәлі екенін айтқан. Бірақ прокуратура бұл әрекетке қатысты шағым түсірмеген.
Қазақстанда кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауы 19 наурызда өтеді. 18 ақпанда басталған үгіт-насихат кезеңі 17 наурыз сағат 23:59-да аяқталады.