Қазақстанда жеке мектептерді ашуға талап өзгереді
Қазақстанда жеке мектептерге қойылатын талаптар өзгереді. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Алматыдағы жеке мектептер өкілдерімен кездесуде айтты.
Енді Қазақстанда жеке мектептер нақты қажеттілік туындаған өңірлерде ғана ашылады. Министрліктің айтуынша, лицензия үш ауысымды мектептерді, апатты жағдайдағы білім орындарын алмастыру үшін мемлекеттік мектептер жетіспейтін өңірлерге ғана беріледі.
Енді жеке мектептердің иелері білім сапасына, ұстаздардың біліктілігі мен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапкершілік алады. Ал мектеп директорларын құрылтайшылары тікелей тағайындай алмайды. Директор тағайындағанда министрлік пен жергілікті білім бөлімдерінің келісімін алу керек.
Қазақстанда кейінгі кезде жеке мектептердің саны артқан. Елде 890 мектеп лицензия алған.
Бірақ қоғамда жеке мектептердегі бағаның қымбаттығына қатысты түрлі пікірлер айтылған. Қазақстандағы кейбір халықаралық мектептерде жылдық оқу ақысы 18 миллион теңгеге барады. Мемлекеттік субсидия есебінен шығынын жауып отырған жеке мектептердің бір бөлігі ата-анадан ақша алмай, тегін білім береді. Бірақ ел бойынша шәкіртті оқуға іріктеп қабылдау жүйесін енгізді. Мемлекеттік "ҚазАқпарат" агенттігінің дерегінше, 2024 жылы жеке секторда оқитын балаларға үкімет бөлген қаржы 185 миллиард теңгеден асқан.
Үкімет былтыр жекеменшік мектептерге бағытталған қолдауды қысқартқан. Бұған дейін ата-ана төлейтін сома 1200 айлық есептік көрсеткіштен асса ғана мемлекет қаржысын алмайтын. Енді бұл көрсеткіш 250 АЭК-ке төмендеді, Яғни, ата-аналардан жылына 1 миллион теңге көлемінде оқу ақысын алатын жекеменшік мектептер субсидиядан айрылады.
