Конституция жөніндегі комиссияның кезекті отырысында митинг өткізуді шектеу ауқымын кеңейту сөз болды
26 қаңтар күні Астанада Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізу жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті. Онда бейбіт жиналыстар өткізу тәртібі, неке институты, адам құқықтарын қорғау, саяси партиялар мен кәсіподақтар қызметі, сондай-ақ президент өкілеттіктеріне қатысты бірқатар ұсыныс қаралды деп жазды Vlast басылымы.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның айтуынша, Конституцияның 32-бабындағы азаматтардың бейбіт митинг өткізуіне шектеу қою ауқымын кеңейту туралы ұсыныс айтылған. Жиын өткізуге қойылатын бұрыннан бар шектеулерге қосымша себептер ретінде конституциялық құрылымның негіздерін қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарын сақтау секілді жаңа негіздер қосылады.
Депутаттың сөзінше, "бұл өзгеріс жиналу еркіндігі мен мемлекет пен қоғам мүдделері арасындағы тепе-теңдікті нақтылауға бағытталған".
Қолданыстағы Конституцияның 32-бабында азаматтар бейбіт, қарусыз түрде жиналып, митингілер, демонстрациялар, шерулер мен пикеттер өткізуге құқылы деп көрсетілген. Бейбіт жиын өткізуге мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулықты сақтау және өзге адамдардың құқықтарын қорғау мақсатында ғана шектеу қойылуы мүмкін екені жазылған.
Комиссия отырысында некені ер мен әйелдің ерікті әрі теңқұқылы одағы ретінде Конституцияда бекіту ұсынысы айтылған. Өткен аптада Ұлттық құрылтайда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заңға неке жайлы өзгеріс енгізіп, бекіту қажет деп мәлімдеген еді.
Комиссия мүшелері өмір сүру құқығын әр адамның абсолютті әрі ажырамас, туа біткен құқығы екенін Конституцияда нақты жазуды, сонымен бірге адамды заңсыз ұстаудан, зорлық-зомбылықтан, тінтуден және мәжбүрлеуден қорғау тетіктерін кеңейтуді ұсынған деп жазады Vlast. Адам ұсталған сәтте оған құқықтары мен ұстау себептері міндетті түрде түсіндірілуі керек деген ұғымды негізгі заңға енгізу керек деген ұсыныс айтылған.
Бұдан бөлек, Конституцияға адамның қадір-қасиетімен қатар оның абыройы, игі аты мен қоғамдық беделін қорғау, жеке өмірге қол сұқпаушылық құқығын кеңейтіп, дербес деректерді заңсыз жинау, сақтау және пайдаланудан, соның ішінде цифрлық технологиялар арқылы қорғау нормаларын енгізу ұсынылып отыр.
Сөз еркіндігі өзге адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, қоғамдық тәртіпке және қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарына нұқсан келтірмеуі тиіс деген талапты негізгі заңда бекітіп, зорлық-зомбылыққа, соғысқа және алауыздыққа үндеуге тыйым салуды күшейту керек деген пікір айтылған.
Комиссия отырысында саяси партиялар мен кәсіподақтарды қаржыландыруға тыйым салынған көздер тізбесін кеңейту туралы ұсыныс айтылған. Мәселен, шетелдік мемлекеттермен қатар, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдік қатысушысы бар заңды тұлғалардан қаржы алуға да шектеу қою қажеттігі айтылған. "Бұл сыртқы ықпалдың алдын алуға бағытталған" деп түсіндірген комиссия мүшелері.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың сөзінше, Конституцияға Қазақстан президенті депутаттардың келісімі бойынша вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық соттың 10 судьясын, Орталық сайлау комиссиясының алты мүшесін және Жоғары аудиторлық палатаның сегіз мүшесін тағайындай алады деп жазу ұсынылып отыр. Егер президент ұсынған кандидатуралар екі рет қабылданбаса, президент парламентті тарата алады деген түзету енгізу көзделген.
Бұдан бөлек, президент ұлттық қауіпсіздікке, қаржы тұрақтылығына және құқық үстемдігіне жауапты бірқатар мемлекеттік органдар басшыларын жеке өзі тағайындайды деген өзгерту енгізу туралы ұсыныс айтылған.
Ұсынылып отырған өзгертулер Конституцияны қазіргі заман талаптарына бейімдеуді, адам құқықтарын қорғауды күшейтуді және мемлекеттік басқару жүйесінің айқындығын арттыруды көздейді деп түсіндіреді комиссия мүшелері.
